Еліміздің білім беру саласына елеулі үлес қосқан, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Марк Подольскийдің шаңырағына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барып, ұстаздар күніне орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, оған «Алтын барыс» төсбелгісін тақты.
– Сіз саналы ғұмырыңызды білім саласының дамуына арнап, өлшеусіз үлес қостыңыз, шәкірт тәрбиелеп, құрметке бөлендіңіз. Нағыз ұстаз қарапайым келеді деген ұғым бар. Сіз қарапайым болмысыңызбен шәкірттеріңізге әкедей қамқор, ұстаздарға жанашыр бола білдіңіз. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы орасан еңбегіңізді елеп, арнайы құттықтау жолдады. Мерейлі мерекеде деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді Н.Нәлібаев.
Білім саласында табанды тер төккен ұлағатты ұстаз айрықша құрмет үшін алғаусыз алғысын білдірді.
– Мен үшін бүгін күтпеген айрықша сәт, сәл толқып та тұрмын. 60 жыл білім саласында қызмет етіп, 20 жылдан астам мектеп басқарыппын, ең бастысы шәкірттеріме ақадал тәлім-тәрбие беруге тырыстым. Осы еңбегімді елеп-ескеріп, маған арнайы марапат жолдаған Президентімізге шынайы ризашылығымды білдіремін,-деді ұстаз.
Марк Подольский – білікті маман, сауатты басшы және шебер ұйымдастырушы ретінде аймақтың дамуына елеулі үлес қосқан қабырғалы қайраткер. Мықты шәкірттер тәрбиелеп, ұстаздық жолға қосқан. Тоқсанның төріне шыққан ардагер ұстаз білім саласына сіңірген еңбегі үшін «Парасат» ордені мен «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, биыл Тамыз кеңесінде тұңғыш рет ардагер ұстазға Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Президент тапсырмасы аясында мұғалімдердің жалақысы 4 жыл қатарынан 25 пайызға көбеюде. Ал, аймақта жыл қорытындысымен көзге түскен үздік 10 мұғалімге бір реттік 900 мың теңге қаржылай сертификат табысталды. Мұнан бөлек шәкірттері халықаралық, республикалық білім додаларында топ жарған ұстаздарға ынталандыру шаралары іске асуда.
Мемлекет қамқорлығы аясында биыл өңірде 6 мемлекеттік, 3 жеке мектеп салынды. Жеке мектептердің үлесі артып, қазір олардың саны 22-ге жетті. Президент бастамасымен келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы бастау алады. Өңірде бұл бағытта 16 жаңа мектеп салу жоспарда бар.