Өңірге инвестициялық жобалар тарту – әкімдіктің басым бағыттарының бірі. Аймақта түріктің «Акса энерджи» компа[1]ниясы ТМД елдерінде теңдесі жоқ заманауи жылу электр орталығының құрылысын салуға ниет білдіргенін осы кезге дейін хабардар еттік. Ендігі міндет жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтау. Бұл ретте аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы аясында облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов көршілес Өзбекстан Республикасына барды.
Іссапардың мақсаты – Ташкент қаласының Кибрай ауданындағы 470 МВт бу-газ турбиналық қондырғысының жұмысымен танысу. Өйткені, Сыр өңірінде жылу-электр орталығының құрылысын салатын «AKSA Energy» компаниясы осындай нысанды осы елде де жүргізген болатын.
Мархабат Жайымбетов «AKSA Energy» компаниясының біздің өңірге бу-газ турбиналық қондырғысын салуға жауапты жоба менеджері Алған Саракогулымен кездесіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында туындайтын барлық мәселелерді кеңінен талқылады. Сала мамандарымен пікір[1]лесіп, бу-газ орталығының жұмыс жасау процесімен танысты.
Басқосуда Алған Саракогулыға бауырлас екі ел арасындағы қолға алынған жобаның маңыздылығы қаузалып, Қызылорда қаласына жақын арада бу-газ турбиналық қондырғысының құрылыс жұмыстарын бастау туралы ой қозғалды. Айта кетейік, Президент тапсырмасы аясында заманауи қондырғылар республиканың екі аймағында ғана салынады. Алғашқысы біздің облыста жүзеге аспақ. Құны 215 млрд.теңгеден асатын жоба 36 ай ішінде аяқталып, жоба құжаттамасына сәйкес 2025 жылы қосу жоспарланған. Қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа нысан қаланың энергия мен жылу қажеттілігін қамтамасыз етіп, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.