• Ел мүддесіне кереғар пікір айтатын, тіпті, жалған ақпарат тарататын адамдар пайда болуы мүмкін. Біз осыған сақ болуымыз қажет. Сайлау жарияланған соң түрлі жалған деректер, ақпарат, яғни фейктер таратылып, кибершабуылдар күшейді. Бұл жайдан жай емес. Кейбір күштер шетелден осындай әрекеттерді ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салуды көздейді. Олар Қазақстанда оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз бағытымыздан таймаймыз.
• «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой» деген хакім Абайдың өсиеті жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Ұлы ақынның атап көрсеткен бес асыл қасиеті біздің бүгінгі мақсатымызбен толық үндеседі. Ұлы Абай «Толық адам» деген ұғымды қазақ қоғамына ұсынған еді. Толық адам, бұл – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекшіл адам деген сөз. Өздеріңізге мәлім, мен қоғамда жаңа құндылықтар орнықтыру қажеттігі жөнінде үнемі айтып жүремін. Ұлттық құрылтайда, «Жастар рухының» съезінде және Түркістанда жұртшылықпен кездескенде бұған арнайы тоқталдым. Тағы да қайталап айтамын. Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
• Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасын асырап, балаларына қамқор болуы керек. Оларға адал еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет.
Бүгінде әлемде бұрын-соңды болмаған геостратегиялық шиеленіс байқалады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі саясаткерлер мен сарапшылар ядролық қарудың қолданылу қаупін қызу талқылап жатыр. Семей ядролық полигонындағы соңғы жарылыстан бері 33 жылға жуық уақыт өтті. Бұл аймақтың тұрғындары «Қырғи-қабақ соғыстағы» ядролық әлеуетпен ақылға қонымсыз бәсекелестіктің барлық қиындығын бастан өткерді. Жақында мен бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның жоғары мінберінен айттым. Адамдардың денсаулығына, жергілікті экожүйеге орасан зор залал келді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен полигонды жауып, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып, біздің еліміз ядролық қарусыз әлем үшін жаһандық қозғалыс көшбасшыларының біріне айналды.
• Қазір қоғамда адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі азайып бара жатыр.
Бұл – өте қауіпті. Қатігездік пен сенімсіздік, немқұрайлылық пен енжарлық – халықты жарға жығатын жағымсыз әдеттер. Біз ел боламыз десек, ең алдымен, жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Сондай-ақ, өзара тілектестік пен бауырмалдықты әрдайым дәріптеуіміз керек. Мұны Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Ол «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенін білесіздер. Ұлы ойшылдың осы өсиетін ұмытпайық, ағайын!
“Абай” облысына іс-сапарынан
• «Қала халқының тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді екені жасырын емес. Шағын қалалардан халық көшіп жатыр. Бұл – өзекті мәселе. Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек. Шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы.
Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет. Себебі, біздің азаматтарымыз қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, бақуатты, гүлденген ортада өмір сүруі керек. Оны қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті.
• Біздің ұлттық болмысымызды қалыптастыратын бұл бірегей құндылықтарды жасанды идеологиялық құрылымдарға телу оңай емес. Бірақ, менің ойымша, бұған қажеттілік жоқ. Қазақстан Республикасының көк паспорты біздің ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ басты көрсеткіші болуы керек екеніне сенімдімін. Бұл құжат – біздің мемлекеттілігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты іргелі құндылықтарды білдіреді. Соның арқасында біздің еліміз бүкіл әлемге этносаралық және дінаралық толеранттылықтың жарқын үлгісі ретінде танымал болды. Қазақстан паспорты – әділдіктің және ұлттың болашаққа ұмтылысының символы.
Шет мемлекеттердің визаларын беруді қоса алғанда шетелде қазақстандық паспортқа қатысты қандай да бір шектеулер жоқ. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздің теңгерімді әрі жауапты сыртқы саяси бағдары мен ішкі саясатының тікелей нәтижесі.
• Қазақстанда жұмыс істейтін барлық колмпаниялардың өндірісі мен экологияны қорғауы, жалпы қызметі мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болады.
Капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол берілмейді. Олардың түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруы қадағаланады. Өндірісті жаңғырту үдерісіне, экологияны қорғау ісіне ерекше назар аударылады. Салық төлемақысы ерекше бақылауда. Егер ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бұл талаптарға сай келмесе, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл – ешқандай қорқыту емес, керісінше бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері. Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының ел алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезеңі жетті. Қазақстанға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, ел экономикасында жетекші орында бизнес керек.
Қарағанды облысына іс-сапарынан
• Алдағы Президент сайлауында менің қандай бірлестік, ұйым арқылы сайлауға түсетіндігім қоғамды қызықтырып отырғанын байқаймын. Ашығын айтайын, әр алуан республикалық бірлестіктер мен партиялар өз үміткері болуға ұсыныстар беруде. Әсіресе жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың бастамашылдығы көңіл қуантады. Мұның барлығы үшжарым жыл ішіндегі жүзеге асырылып жатқан және алда жоспарланған қайта құруларды азаматтардың қолдауын байқатады. Барлығына да ұсыныстары үшін, сенімдері үшін, менің стратегиялық бағытымды іскерлікпен қолдағандары үшін алғыс білдіремін. Менің ойымша сайлауға нақты бір ұйымнан түскеннен гөрі елдегі жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік базасын қалыптастырушы қоғамдық-саяси күштердің коалициясынан сайлауға барған дұрыс деп ойлаймын.
Павлодар облысындағы іс-сапарынан
P.S. Ел Президенті Қ.Тоқаев бұған дейін Түркістан, Шымкент облыстарына барған іссапарын Абай, Қарағанды, Павлодар облыстарына жалғастырды. Аймақтарға іссапары барысында елде жүзеге асып жатқан оң өзгерістермен танысып, жергілікті халықпен кездесіп, еліміздің даму бағыты туралы ой-пікірлерін ашық айтты. Біз Президенттің осы іс-сапарлар барысында ел алдында айтқан пікірлерін ықшамдап жариялап отырмыз.