Мемлекеттік сатып алу – Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қызметтер көрсетуге байланысты халықаралық әуежайлардың кірістерін қоспағанда, тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай немесе ішінара бюджет қаражаты және (немесе) меншікті кірістері есебінен сатып алуы.
Мемлекеттік сатып алуға қатысуға кедергі жасайтын бірнеше жағдайлар да бар. Соның бірі – жосықсыз қатушылар тізіліміне енгендер.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына (ары қарай – Заң) 12-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне:
1) біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілер;
2) жеңімпаздар деп айқындалған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілер;
3) өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілер жатады.
Осы тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде, ал 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 4 Нормативтік қаулысы негізінде Заңның 24-бабының 1-тармағына, 38-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді (баға ұсынысын) беру конкурстық құжаттамада белгіленген талаптар мен шарттарға сәйкес тауарларды жеткізуді, жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асыруға келісім білдіру нысаны болып табылады. Осыған байланысты әлеуетті өнім берушіні көрсетілген тәсілдермен жүргізілген мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюлар талап қоюшының таңдауы бойынша шарттың орындалатын жері бойынша да берілуі мүмкін.
Мұндай жағдайда қойылған талаптың шартты жарамсыз деп тану бөлігінде талап қоюшыдан дауды сотқа дейін реттеудің шартта көзделген тәртібін сақтау талап етілмейді.
Бұл жерде сотқа талаппен сотқа жүгінген кезде қандай талап азаматтық тәртіппен не әкімшілік іс жүргізумен қаралатынын айыра білген жөн.
Заңның 12-бабы 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларын қолдануға байланысты мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылардың, тапсырыс берушілердің талап қоюлары, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды орындаудан туындайтын талап қоюлар мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың қарауына жатады. Яғни азаматтық іс жүргізумен қаралады.
Әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат беру фактісін анықтаған органдар, тапсырыс беруші Заңның 12-бабының 4-тармағында көзделген жағдайда, әлеуетті өнім берушіні (өнім берушіні) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен Заңда белгіленген мерзімдерде сотқа жүгінуге міндетті.
Бұл мерзімдер түпкілікті болып табылады, осы мерзімдердің өтуі әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
Сонымен қатар Заңның 12-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың республикалық тізілімін қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратындықтан, сот Заңның 12-бабы 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы талап қоюды АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпайтындықтан, талап қоюды қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
С.Умарсерикова
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы