Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет жиынында хабарлама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің хабарлауынша, мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасаудың нәтижесінде жұмсалатын қағаз саны азайып, қажетсіз бюрократия жойылды. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру үлесі 94%-ға жетті.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейне қызмет арқылы 9 мемлекеттік қызмет түрін алу мүмкіндігінің саны 44-ке дейін жеткізілмек.
Үкімет басшысы Ә.СМАЙЫЛОВ: – «Жалпы, интернет-қызметтердің сапасына сұрақтар бар. Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда Интернет байланыстың сапасы барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан түсіп жатқан шағым көп. Егер Интернет байланыс жақсы болмаса цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау керек».
Құрылыс және көлік, ауыл шаруашылығы, отын-энергетика кешені салаларында қағазбастылықтан, жемқорлықтан арылтуда iлгерiлеушiлiк бар. Сондай-ақ «Әлеуметтік әмиян» жүйесін іске қосу және инвесторларға нақты уақыт режимінде минералдық ресурстарды деректер банкіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Kaznedra» платформасын енгізу де жоспарланып отыр.
Дегенменен Премьер-Министр бірқатар бағыттар бойынша бұрын белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмай қалғанын атап өтті. Мәселен денсаулық сақтау жүйесінде пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу жұмыстары уақытылы жүргізілген жоқ. Сонымен қатар «Цифрлық агрокәсіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын іске асыру барысында да сұрақтар бар. Жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталған жоқ.
Сондай-ақ ол цифрландыру саласындағы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіруді күшейту қажет екенін айтты.