Облыстық білім басқармасының басшысы М. ШЕРМАҒАНБЕТ:ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ –ЖАҢА ТАЛАП, МІНДЕТ…
Аймақтағы 295 мемлекеттік, 16 жекеменшік мектептерде 182 мың оқушы білім алуда. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 5 мыңға артып отыр. Сондай-ақ, бірінші сыныпта 18 мыңға жуық оқушы бар. Мектепке дейінгі білім беру мен қосымша білім беру. Облыстағы 677 мектепке дейінгі ұйымда 59 902 бала тәрбиеленуде. 3 жастан 6 жасқа дейін балалар 100%, 2-6 жас аралығында – 90 % мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған. Бүгінде жеке балабақшалар үлесі 73% құрап отыр.
Мектепке дейінгі білім беруде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың жаңартылған тәсілдеріне, баланы тәрбиелеу процесіне отбасын белсенді тартуға негізделген жаңа модельді іске асыру бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз. Осы ретте мектепке дейінгі ұйымдар басшыларынан тәрбиешілердің біліктілігін арттыруды, жаңа бағдарламалар енгізуді және балабақшалар жұмысының сапасын бағалауды талап етеді. Алдағы уақытта лицензиялау талаптарының кезең-кезеңімен енгізілетінін ескере отырып, ашылатын орындар мен балабақшалардың талапқа сай келуін қамтамасыз ететін боламыз. Сонымен қатар бүгінгі күні облыста 61 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оған 53 959 бала қамтылған. Қосымша білім берудің аясын кеңейту мақсатында өңірдегі 295 мектеп жанынан 2 170 спорттық секция және 1 942 шығармашылық үйірме ұйымдастырылған.
Жаңа оқу жылында мектептерде білім алушыларды домбыра, шахмат үйірмелеріне көптеп тарту олардың мәдени және интеллектуалдық дамуына жоғары әсер етеді. Биыл осы бағыттағы үйірмелерді дамытуға басымдық беріледі. Жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар. Біріншіден, оқу жылының ұзақтығы бұрынғыдай 34 оқу апта емес, 36 апта болды. Бұл оқу материалын бекітуге және пысықтауға арналған уақытты ұлғайтуға, балаға күніне жүктемені 7-8 сабақтан 5-6 сабаққа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты балаларда қосымша білім алу, сабақтан тыс уақытты тиімді пайдалану мүмкіндігі пайда болады. Сондай-ақ, барлық мектептер, соның ішінде лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер де бес күндік оқу аптасына ауысады. Екіншіден, қазіргі қолданыстағы мектеп бағдарламасына түзету енгізіледі. 1 қыркүйектен бастап бірінші сыныптардағы «Көркем еңбек» пәні «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» болып бөлінді. Сонымен қатар «Шетел тілі» және «Орыс тілі пәндері» бірінші сыныпта оқытылмайды және барлық сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен алынып тасталды. Енді қазақ тілінде оқытатын мектептерде 1-ші сыныптан бастап тек қазақ тілі, орыс тілінде оқытатын мектептерде – қазақ және орыс тілдері оқытылатын болады. Қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілін оқытуды 2-сыныптан бастау жоспарланып отыр. Ағылшын тілі тек үшінші сыныптан бастап қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептерге енгізілмек. Бағалау өткен жылдағыдай сақталады, яғни БЖБ, ТЖБ және күнделікті қалыптастырушы бағалау қалады. 1-ші сынып оқушыларына баға қойылмайды. Қалалық және ауылдық мектептерде топқа бөлу сыныпта 24 бала немесе одан асқан жағдайда жүргізіледі. Үшіншіден, Қызылорда қаласындағы үш ауысымда оқытатын 6 мектептен (Абай мектебі, №3, №101, №261, №264, №280) басқа аймақтағы барлық білім беру ұйымдары 5 күндік оқу аптасына ауыстырылды.
Педагогтердің біліктілігін арттыру және аттестация мен ротация. Соңғы жылдары мұғалім мәртебесін көтерудің барлық алғышарттары жасалып, материалдық ынталандыру аясы кеңейіп келеді. 2020 жылдан бастап ұстаздарға қажетті үстемақы төленуде. Биыл да бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында републикалық бюджеттен 52,4 млрд. теңге қаржы бөлінсе, келесі жылы педагогтер жалақысы тағы 25 пайызға көбейетін болады. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға өседі. Тағы да жақсы жаңалықтардың бірі алдағы күндері үздіксіз педагогикалық еңбек өтілі 25 жыл және одан асқан барлық мұғалімге «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» төсбелгісі берілетін болады. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап осы педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі енгізілді. Бос орындарға толық жүктеме қалыптасқан жағдайда, ұстаздар ашық конкурстық іріктеу арқылы қабылданады. Жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі бойынша бүгінгі күнге мектептерге 36 маман қабылданды. Сондай-ақ педагогтар 3 жылда кемінде бір рет біліктілік арттыру курстарына қатысуы тиіс. Бұл бұрын бес жылда бір рет біліктілік арттыру курсынан өтетін болған. Бүгінгі күні аймақта 18 мемлекеттік балабақша мен 28 мектепте басшылардың бос орындары қалыптасып отыр. Бос орындарға конкурстар өткізілген, дегенмен үміткерлердің тестілеу кезеңінен өте алмау себебінен басшылар тағайындалмаған. Облыста ротациялаумен 43 балабақша, 49 мектеп басшылары қамтылады, 250 білім беру ұйымдарының басшылары аттестациядан өтеді.
Оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету. Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту бойынша 13 баспамен 86 келісім-шарт жасалды. 1,4 млрд.теңге қаржыға 637 313 оқулық алынуда. Екінші сынып оқулықтары толығымен жаңартылса, қалған бірінші мен он бірінші сынып аралығындағы оқулықтар 20%-ға толықтырылды. Бүгінгі күні 100% оқулық баспалардан алынып, толық жеткізілді. Мұнымен қоса мектептер 100% интернет желісіне қосылған. Компьютерлік құрылғылар саны – 44127 (бес оқушыға бір компьютер). Сонымен қатар санитарлық сақтық шараларын сақтауға жергілікті бюджеттен 36,6 млн.тг. қаржы бөлінді.
Техникалық және кәсіптік білім беру. Колледждерде де сабақтар дәстүрлі форматта басталды. Биылғы оқу жылында 30 колледжде 20 мыңға жуық студент білім алады. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін 6198 өтініш түссе, оның 4989-ы мемлекеттік тапсырысқа, 1209-ы ақылы негізде білім алуға құжат тапсырған. Биылғы жылы колледждерге бөлінген гранттардың саны 4708-ді құрап отыр.
Білім беру ұйымдарының оқу жылына дайындығы. Биыл облыс бойынша 47 мектепті жаңғыртудан өткізуге жергілікті бюджеттен 1,6 млрд.теңге бөлінсе, 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2,1 млрд.теңге бөлінді. Атап айтқанда Қызылорда қаласы №10 мектепке, Қармақшы ауданындағы №85, №28 №121 мектептерге, Сырдария ауданындағы №42 мектепке және Жаңақорған ауданындағы №55 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа оқу жылына дейін 5 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталды. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша қаржысы маусым айында берілген Жаңақорған ауданындағы №55 мектептің күрделі жөндеу жұмысы қыркүйек айының соңында аяқталады деп жоспарлануда. Аталған мектептің 1-11 сынып аралығындағы 573 оқушы үшін мектептің 2014 жылы салынған қосымша ғимаратында, биыл пайдалануға берілетін 90 орындық жаңа балабақша ғимаратында екі ауысымда сабақ процесі ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар облыста 4 апатты мектеп бар. Оның (Арал №71, №248, Жаңақорған №169 мектеп) 3-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазалы ауданы №94 мектептің жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Үш ауысымда оқыту қаупі бар (550 орын) Абай мектебі, (300 орын) №101 мектептерге қосымша ғимарат құрылысы басталуда және (№3, №264) 2 мектепке қосымша құрылыс салуға жоба сметалық құжаттар әзірленуде. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін (Қызылорда-Жезқазған трассасы бойынан) 600 орындық мектеп (№261, 280) 2 үш ауысымды мектептің мәселесін шешетін болады.
Білім беру ұйымдарының құрылысы, оқушылар тасымалы. Айта кетейік, биылғы жылы 4 350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6-ы мемлекеттік (Арал ауданындағы 200 орындық №71 мектеп, Қазалыда 250 орындық мектеп, Қызылорда-Жезқазған тас жолындағы 600 орындық мектеп, Жаңа[1]қорғандағы 600 орындық №169 мектеп пен Майбекет шағын ауданындағы 300 орындық мек[1]теп, Сұлтанмұратов көшесінің бойындағы 300 орындық мектеп құрылысы), 3-і жеке мектептер (Қызылорда қаласында 2 мектеп, Сабалақ, Күлтегенов көшесі, Арал қаласында 1 мектеп).
Жаңа оқу жылына Арал ауданындағы 200 орындық №71 мектеп пен Қызылорда қаласы, Сабалақ саяжайындағы 500 орындық және Күлтегенов көшесіндегі 1500 орындық жеке мектептің ғимараты пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 5 мемлекеттік, 1 жекеменшік мектептің құрылысын пайдалануға беру жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ балалар тасымалын ұйымдастыруға қажетті 30 автобус сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Балалар жылы қарсаңында білім беру ұйымдарынан 47 логопункт, 29 инклюзивтік кабинет, 2 инклюзивтік ресурстық орталық ашылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен демеушілер есебінен 1 млрд. тг. 80 спорттық ойын алаңдары салынуда. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «КазГерМунай» кәсіпорнымен Сол жағалауда заманауи үлгідегі Оқушылар сарайын салу жоспарлануда. «Мектепке жол» акциясы. Жаңа оқу жылына дайындық барысында
«Мектепке жол» акциясы шеңберінде демеушілер есебінен 7 105 балаға 101 млн.тг көлеміндегі қаржыға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 33 268 балаға жергілікті бюджеттен 1,2 млрд.тг. бөлініп, бала басына 37 389 теңгеден қаржылай көмек берілді. Айта кетейін, «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға қаржылай көмек көрсетілді