Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
«Елімнің еркіндігі – Ата Заңым» тақырыбы аясындағы мерекелік жиынға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, бөлімдегі әскери қызметшілердің отбасы мүшелері және арнайы қонақтар қатысты.
Басты мақсат – бөлімдегі әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Ата Заңы туралы насихаттау және жауынгерлердің бойында мәдени-тынығу мен спорттық шаралар арқылы жауынгерлік рухты көтеру.
Іс-шара басында Қызылорда гарнизонының бастығы подполковник Ербол Әбдірайым әскери бөлімнің жеке құрамы мен қонақтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтап, қызмет атқару барысындағы үздіктерді марапаттады.
– Ата Заңымызды ұлықтау Қарулы Күштерімізде жыл сайын кең көлемде аталып келеді.Ата Заңымыздың еліміздің өркендеуіне қарқын қосып келе жатқанына көзіміз жетті. Құқық теңдігі мен барлық Қазақстандықтарға бірдей мүмкіндіктерді берді, – деді өз сөзінде Қызылорда гарнизонының бастығы подполковник Ербол Әбдірайым.
Мерекелік іс-шара жоспарына сай бөлім аумағында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, арқан тартыс, кір тасын көтеру, шахмат және кол күресі сияқты бірнеше сайыстар өткізіліп, шара соңында жеңімпаздар марапатқа ие болды.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров