Әр елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі ресми құжат – Конституция. Онда мемлекеттің бүкіл құрылымдары мен азаматтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы 1995 жылы 30 тамызда құқықтық мемлекет ретінде халықтың тарихи шешімімен Ата заңын қабылдады. Қабылданғанына 27 жыл толған еліміздің бас құжаты қазақ елінің алғашқы Конституциясы емес.
Тарихы бай көшпенділер өркениетінде дала заңынан бастау алатын Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» сынды салт-дәстүрді ұштастыра отырып қоғамда қолданылған заңдардың болғаны белгілі. Дау шешкен билеріміз осы норманы қатаң сақтай отырып қарар қабылдаған.
1991 жылы ел тәуелсіздігін алған шақта мемлекеттің Конституциясын өзгерту өзекті мәселенің бірі болды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңесінің сессиясында қабылданды. Сол кездегі Конституцияда Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды, оның ішінде сот органдарын — Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар құрайтындығын көрсеткен. Сонымен қатар негізге парламенттік республика моделі алынған болатын.
Дамудың жаңа жолына түскен жас мемлекет үшін елдің одан әрі жылжып, әлеуметтік-экономикалық бір жүйеге түсіп, билік бөлінісі мен заңдардың, кодекстердің қайта жасақталуы үшін заманға сай Конституция қабылдау қажеттілігі туындап, осы негізде қазіргі қолданыстағы Ата заң қабылданды.
Құрылымына сәйкес Жалпы ережелер; Адам және азамат; Президент; Парламент; Үкімет; Конституциялық кеңес; Соттар және сот төрелігі; Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару; Қорытынды және өтпелі ережелер деп бөлінетін 9 бөлімнен тұратын жаңа Конституция ел дамуына жаңа серпін берді.
Себебі, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең озық 50 заңның бірі екен.
Алайда, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, жаһан мен қоғам алға ұмтылған сайын, ескі жүйеден арылып, жаңа сатыға көтерілетіні белгілі. Сондықтан үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жалпыхалықтық референдум өткізілді. Жалпы 33 бапқа 56 өзгеріс енгізуді меңзейтін референдумда көптеген жаңа ұсыныстар болды.
Өзгерістерге сәйкес өмірге қайтадан Конституциялық Сот ұғымы келді. Негізгі міндеті – азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасы нормативтік құықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарау.
Талай уақыттан бері мемлекетіміздің тұрақтылығы мен ел азаматтарының құқығының қорғалуына арқау болған Ата Заңымыздың тұғыры қашан да биік болсын.
Жыл сайын әсем жаздың соңғы күнінде Конституция күнін атап өтіп жүрміз. Шындыққа келгенде, бұл өте үлкен мереке. Осы әрбірімізге қымбат құжаттан еліміздегі барлық заңдар бастау алып отыр. Ата заңымызда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасы Конституциясын және заңдарын сақтау әрбір адамның міндеті екенін қаперде ұстауымыз қажет.
Күнделікті өмірде Заңға құрмет болмаса, өмір сүру қиынға соғады. Алайда Заң мәртебелі болып, дұрыс жұмыс істеуі үшін, тәртіп сақталу қажет. Дана ағамыз Бауыржан Момышұлының „Тәртіпке бас иген ел құл болмайды“ деген сөзі мақалға айналып отыр. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің нышанына айнала білген Конституциямыздағы нормаларды сақтау әрі қастерлеу баршамыздың ортақ борышымыз.
Шолпан Маликова
Қызылорда облыстық сотының судьясы