Қазақстан Республикасы Жол жүрісі қағидасының 10-тарауы 72-тармағына сай, жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді.
Жылдамдық жүргізушіге қағида талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді. Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады.
Қармақшы аудандық сотында қағиданың бұл талаптарын бұзған азамат К.-ға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 610-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Азамат К. өзінің басқаруындағы көлік құралымен Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Нұртай көшесі бойында солтүстіктен оңтүстікке қарай бағыт алып, жол жиегінде тоқтап, көлік құралының артқы бөлігіне соғып, жол жүрісі қағидаларын бұзып, жол-көлік оқиғасын жасап, нәтижесінде көлік құралының бүлінуіне алып келген материалдық залал келтірген.
Сот қаулысымен К. кінәлі деп танылып, оған 55048 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Қармақшы аудандық соты