Жоспар аясында 2016 жылы сот бес сатылы жүйеден үш сатыға көшті. Бұрынғы жүйеде іс бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау сатысынан өтетін. Кейінгі реформаға сәйкес бірінші, апелляциялық, кассациялық саты қалды. Бұл да өз кезегінде сот төрелігінің сапасын жақсартуға ықпал етті.
Алайда, кассациялық сатыда барлық істерді қайта қарауға мүмкіндік болмады. Себебі, кассациялық сот алқасы өз қарауына жатқызылған сот істері мен материалдарын қарады. Атап айтар болсақ Азаматтық процестік кодекске сай, азаматтық істер кассациялық сатыда оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған дау – тату-ласу келісімімен, медиациямен немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған. Талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүддесіне байланысты; талап қоюдан бас тартуға байланысты аяқталған істер бойынша; азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы, берешекті қайта құрылымдау туралы істер, сондай-ақ оңалту рәсімі мен банкроттық рәсім шеңберінде туындайтын даулар бойынша сот актілері кассациялық тәртіппен қайта қаралуға жатпайтын. Сондай-ақ, қылмыстық сот ісін жүргізуде қылмыстық теріс қылықтар туралы істер де қаралмайтын. Бұл өз кезегінде Ата Заңнын 13-бабы 2-бөлігінде көзделген әркімнің өз құқығы мен бостандығының сот арқылы қорғалуына құқығы бар делінген қағидаға сәйкес келмейді. Осы мәселені шешу үшін 2023 жылы 12 қыркүйкте еліміздің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездескен Қазақстан Президенті Қ. Токаев дербес кассациялық инстанция құру мәселесіне тоқтап «Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз әрі азаматтар сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер кәсіпкерлер қоғамдыстығымен өз алдыңа бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес жөнінде қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын» деген болатын.
Басты мақсат барлық іс санаттарының кассациялық тәртіпте қайта қаралуына мүмкіндік жасап, азаматтармен заңды тұлғалардың құқықғының толық жүзеге асуына мүмкіндік жасау. Сот жүйесінің бұл сатысы 2025 жылы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша облыстық деңгейге құрылып және апелляциялық сот алқасында қабылдаған актісі негізінде істерді қайта қарайды деп күтілуде. Сондай-ақ, бірыңғай кассациялық заңды күшіне енген сот актілерін қайтар қарау; алдын ала қараудың болмауы; 6 ай шегінде ақылға қонымды мерзім белгілеу; істерді мәні бойынша үш судья құрамында қарауға қамтитын болады. Аталған реформа сот жүйесінің тиімді жұмыс жасауына, сондай-ақ адам және адамның өмірі, құқығы мен бостандығының сақталуына барынша ықпал жасайды деген сенім мол.
Н.Б. Еламанов, Қызылорда облысы мамандандырылға ауданаралық экономикалық сотының судьясы