Шиелі аудандық сотында сотталушы Е.-ге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 109-1 бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық ісі қаралды.
Іс-құжаттарына қарағанда сотталушы Е. 2024 жылғы 15 қазан 15 сағат 00 минут шамасында Шиелі кентінде бірнеше жылдан бері жігіт бен қыз ретінде сөз байласып жүрген жәбірленуші Г.-ге қатысты күш қолданып, оны жұлқылап, жерге құлатып, аяқтарынан теуіп, тас жолдың үстіне киімінен тартып сүйреп, оған қатысты тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу әрекеттерін жасаған.
Сотта сотталушы Е. әрекетін толығымен мойындап, жәбірленушімен татуласуына байланысты істі өндірістен тоқтатуды сұрады.
Сотта жәбірленуші Г. сотталушыға қатысты қозғалған қылмыстық істі өзара татуласуларына байланысты тоқтатуды сұрады.
Сотталушы Е.-нің әрекеті ҚК-нің 10-бабы 3-бөлігіне сай қылмыстық теріс қылыққа жатады.
ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Шиелі аудандық сотының қаулысымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекесінің 109-1-бабы 1-бөлігімен сотталушы Е. Қылмыстық Кодексінің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған.
Шиелі аудандық соты