Қызылорда облыстық сотында Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 2 наурыздағы №1188 Жарлығына сәйкес Қызылорда облыстық сотының судьясы К.Қаниеваның және Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы С.Жаппасбаевтың құрметті отставкаға шығуына байланысты шара өткізілді.

Шара барысында Қызылорда облыстық сотының төрағасы Ә.Шығамбаев олардың сот жүйесінде ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткенін, мол тәжірибесі мен терең білімін, әділдікке берік ұстанымын және қызметке деген шынайы адалдығын атап өтіп, сот жүйесінің дамуына қосқан үлестері мен жетістіктеріне тоқталды.

Қаниева Клара Бөгенбайқызы сот жүйесінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, Қармақшы аудандық сотында судья қызметін атқарып, 2016 жылдан бастап осы күнге дейін Қызылорда облыстық сотының судьясы болып қызмет етті. Еңбек жолында «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Үш би», «Жеті жарғы» төсбелгілерімен марапатталған.

Жаппасбаев Серік Жаппасбайұлы да сот жүйесінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, Сырдария аудандық сотының судьясы, Қызылорда қалалық сотының судьясы болып еңбек еткен. 2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы ретінде абыройлы қызмет атқарды. Еңбек жолында «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Үш би», «Жеті жарғы» төсбелгілерімен марапатталған.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған