▪️Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында талап қоюшы У.-дың мемлекеттік органның тұрғын үй комиссиясы шешімінің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша әкімшілік ісі қаралды.
▪️Талап қоюшы 2009 жылдан бастап мемлекеттік органда қызмет атқарып келеді. Заңнамаға сәйкес ол тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, тұрғын үй төлемдерін алып келген.
▪️2013 жылы талап қоюшының анасы бюджеттік ұйым қызметкері ретінде жалдау шарты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алған. Кейін комиссия шешімімен аталған үй талап қоюшының анасының жеке меншігіне берілген.
▪️Жауапкер қарсы пікірінде аталған тұрғын үй талап қоюшының отбасы мүшелерімен ортақ бірлескендігі анықталып, соған байланысты тұрғын үй комиссиясының шешімімен тұрғын үй төлемі тоқтатылғанын көрсеткен.
▪️Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, тұрғын үй төлемдері Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзге тұрғынжай сатып алған жағдайларда тоқтатылады, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы есепке алынбайды.
▪️Сотта талап қоюшының тұрғын үйді өзі сатып алмағаны, оның тұрғын үйдегі үлесі елу пайыздан аспайтыны анықталды.
▪️Осы мән-жайларды ескере отырып, сот тұрғын үй комиссиясы шешімінің талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп танып, мемлекеттік органды талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге міндеттеді.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты