Жаңақорған аудандық сотында Қазақстан Республикасы ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотталушылар «Жаңақорған ауданының Білім бөлімі» КММ-нің басшысы И.-ға, бөлімнің бас есепшісі Ж.-ға қатысты және 6 мектеп есепшісііне, 1 бас экономистке қатысты қылмыстық іс қаралды (барлығы 9 адам).

Сотталушылар өздерінің қызмет бабын пайдаланып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, 2018 жылдың қаңтар айы мен желтоқсан айлары аралығында «Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімі» КММ-нен 6 есепші мен 1 экономисттің көмектесулері арқылы жалпы сомасы 192097670 теңге мемлекеттік бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде бірнеше рет иемденіп, жымқырған.  

Сотталушылар И. мен Ж. білім бөлімі есепшілерінің банкомат карталарына ай сайын еңбекақы төлемдері, еңбекке жарамсыздық пен іссапар шығындары ерекшеліктері бойынша артық және заңсыз қаражаттарды аударып, сол ақшаларды қолма-қолға айналдырып, өздеріне алып келуді тапсырып, осылайша бірлесіп қылмыс жасауға алдын-ала келісімдерін алған.

 Өз кезегінде, бөлімнің бас есепшісі Ж. есепшілер мен олардың жақын туыстарына, мектептердің басқа да қызметкерлерінің банктік карт-шоттарына заңсыз ақша аударылған. Аударылған заңсыз қаражат есепшілерімен екінші деңгейлік банк банкоматтары арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру жолымен жинақталып, Ж.-ға табыс етілген, кейін бұл ақша қаражаттары И.-ға жеткізілген.

Нақтысы, 6 есепші мен 1 экономист өз жауаптарында білім бөлімі басшылығымен есеп шоттарына артық ақша түсетінін және ол артық қаржыны білім бөлімі басшыларына беретіндерін көрсеткен. Бұл қылмысты жасауға нақты И. мен Ж.-ның  тапсырма бергендерін мәлімдеген.

Сотталушылар И. және Ж. кінәсін мойындамағанымен, олардың әрекеті есепшілердің көрсетуімен, жалпы сотталушылардың қылмыстық әрекеттері алу жүргізу хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен, іс бойынша жәбірленуші өкілінің, куәлардың жауаптарымен  дәлелденген.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушы И.-ға 11 жыл, сотталушы Ж.-ға 9 жыл, 6 сотталушыға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы И. кінәсін мойындамай ақтауды, сотталушы А. кінәсін мойындамағанымен, жеңіл жаза қолдануды, 6 есепшілер мен 1 экономист кінәләрін толық мойындап, бас бостандықтарын өзінде қалдыруды сұрады.

Жәбірленуші өкілдері жаза тағайындауды сот құзырына қалдырып, мемлекетке келтірілген шығын 5 есепшілердің тарапынан ішінара өндірілгенін көрсетіп, талаптың қалған бөлігінде қанағаттандыруды сұрады.

Сотталушы И. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы А. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, есепші қызметімен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, түпкілікті 8 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.

Қалған сотталушыларға (есепшілер) 189-бабы 4-бөлігі 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, есепші қызметімен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып,  оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, Қазақстан Республикасының ҚК-нің 63-бабын қолданып тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған мерзіміне пробациялық бақылау белгiленді.

Жаңақорған аудандық соты

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған