Қызылорда облыстық сотында Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің және аудандық және оған теңестірілген соттардың мамандары арасында семинар өткізілді.

Семинарға Департамент басшысының орынбасары Е.Бөрібаев, бөлім басшылары, аудандық және оған теңестірілген соттардың әкімшілерінің басшылары мен мамандары, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің өкілдері қатысты.

Семинарды Департамент басшысының орынбасары Е.Бөрібаев ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, көтеріліп отырған мәселелердің маңыздылығына тоқталды.

Құжат айналымы бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Накиева соттарда жолданымдарды, хабарламаларды, сұрау салуларды, пікірлер мен ұсыныстарды қарау барысы туралы баяндама жасады.

Қызылорда қалалық соты әкімшісінің басшысы Н.Дүйсенова жолданымдарды қарау барысында ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі талаптарының «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде қолданылу ерекшеліктері туралы айтып өтті.

Семинар барысында «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне енгізілген өзгерістер де талқыланды. Бүгінгі таңда ақпараттық жүйеде өтініштерді қарау мерзімдерін есептеу, өтініштерді өзге ақпараттық жүйелерге көшіру, өтінішті кері қайтарып алу тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер орын алған.

ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 4-бабына сәйкес, әкімшілік рәсімдер тәртібі қылмыстық-процестік, азаматтық процестік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада, Конституциялық Сот туралы, Жоғары Сот Кеңесі туралы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңнамада, мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау түрлерін жүзеге асыру тәртібі бөлігінде бюджет заңнамасында, «Құқықтық актілер туралы» Заңда, сайлау және республикалық референдум туралы заңнамада, сыртқы барлау туралы, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі туралы, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күзету іс-шараларын жүргізу жөніндегі заңнамада, нотариат туралы заңнамада, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамада реттелетін қатынастарға қолданылмайды.

«е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы сотқа келетін жолданымдардың басым бөлігі сот ісін жүргізуге қатысты болғандықтан, оларды «Төрелік» ақпараттық жүйесіне көшіру қажеттілігі туындайды. Егер өтініш әкімшілік рәсімге жатпай, сот өндірісіне қатысты болса, онда азаматтар арыздарын «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі арқылы жолдауы тиімді болар еді.

Сонымен бірге, өтініштерді қарау және қайта бағыттау мерзімдеріне де өзгерістер енгізілген. Енді сағат 17:30-дан кейін келіп түскен өтініштердің қаралу мерзімі келесі жұмыс күнінен бастап есептеледі.

Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасты.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған