Бүгін Қызылорда облыстық сотында «Қылмыстық құқық және процесс, Әкімшілік құқық бұзушылық және процесс» секциялары бойынша семинар өткізілді.
Семинарға қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Бекжанов, облыстық соттың және қалалық соттардың судьялары, аудандық соттардың судьялары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Семинарды алқа төрағасы Ж.Бекжанов ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, көтеріліп отырған мәселелердің маңыздылығына тоқталды.
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Ә.Зейнулла «Қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату» тақырыбында баяндама жасап, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататынын атап өтті.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Г.Искакова ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 73 және 73-3-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды алғаш рет жасаған адамдар жәбірленушілермен, арыз иелерімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірген зиянын жуып-шайса, сот оларды әкімшілік жауаптылықтан босатуы мүмкін екенін тілге тиек етті.
Қызылорда облыстық сотының судьясы Қ.Абдуллаев апелляциялық сатыда қаралған сот істері бойынша баяндама жасады.
Семинарды қорытындылаған алқа төрағасы Ж.Бекжанов істерді қарау барысында процестік нормалардың сақталуын қатаң бақылауға алу керектігін атап өтті.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі