Қызылорда облыстық сотында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Заңын қолдану мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелге Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Н.О.Қосанов, облыстық соттың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің, екінші деңгейлі банктердің өкілдері, заң кеңесшілері қатысты.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төраға міндетін атқарушы Н.О.Қосанов дөңгелек үстелді ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, маңызды мәселелерге тоқталып өтті.
Қызылорда қалалық сотының судьясы М.Әбілханова өз баяндамасында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Заңына сәйкес, сот арқылы банкроттық рәсімі кредиторлардың талаптарын борышкердің мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында борышкерге қатысты сот тәртібімен жүзеге асырылатын рәсім екенін, соттан тыс банкроттық рәсімі екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалдарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың немесе коллекторлық агенттіктердің алдындағы міндеттемелерді тоқтату мақсатында борышкерге қатысты соттан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын рәсім екенін атап өтті.
Сонымен қатар, М.Абилханова сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану, сондай-ақ бітімгершілік келісім жасасу туралы арызды заңда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарайтынын, сондай-ақ, азаматтарға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану заңдылық пен әділдік қағидаттарына негізделетінін жеткізді.
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Г.Ертанова «Жеке тұлғаның банкроттығы» тақырыбында баяндама жасап, жеке тұлғаның банкроттығы өзіне қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталған немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезде танылатынын атап өтті.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар көтерілген маңызды мәселелер бойынша өзара пікір алмасты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі