Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамын атап өту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында мерекелік шара өткізілді.

Шараға Қызылорда облыстық сотының төрағасы Ә.Шығамбаев, Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы С.Сүлеймен, Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Б.Елшібеков,  аудандық және оған теңестірілген соттардың әкімшілерінің басшылары мен мамандары қатысты.
Мерекелік шараны Қызылорда облыстық сотының төрағасы Ә.Шығамбаев ашып,  Наурыз мейрамы – ұлттық бірлікті бейнелейтін ерекше мейрам екенін, мұндай шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге,  салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындарды жандандыруға ықпал ететінін айтып өтті.
Сонымен бірге, Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы С.Сүлеймен өз сөзінде ұлттық мерекелердің бірлікті арттырудағы, рухани мұрамызды сақтаудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында қазақ халқының қастерлі дәстүрлерінің бірі – «тұсау кесер» рәсімі өткізіліп,  облыстық сот төрағасы Ә.Шығамбаев, Департамент басшысы С.Сүлеймен, Судьялар Одағының облыстық филиалының төрағасы  Б.Елшібеков сот қызметкерлерінің балаларының тұсауын кесіп, игі тілектерін білдірді.
Мерекелік шара аясында қатысушылар 6 командаға бөлінді: 
«Барыс» командасы – Арал, Қазалы, Байқоңыр, Қармақшы аудандық соттары;
«Сұңқар» командасы – Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық соттары;
«Найзағай» командасы – мамандандырылған әкімшілік, қылмыстық, тергеу соттары және кәмелетке толмағандардың соты;
«Айқын» командасы – әкімшілік құқық бұзушылық және экономикалық соттары;
«Қанағат» командасы – Қызылорда қалалық соты және №2 сот;
«Айбын» командасы – Қызылорда облыстық соты.

Командалар – бауырсақ пісіру, ұлттық тағамдарды ұсыну және әзірлену барысын түсіндіру, арқан тарту, қол күрес, гір көтеру, асық ату, ләңгі ойындары бойынша өзара сынға түсті.

Қатысушылар сайыстың барлық кезеңде өздерінің шеберліктерін көрсете білді.
Тартысты өткен сайыстардың қорытындысы бойынша:
«Үздік команда» номинациясымен – «Сұңқар» командасы;
«Шебер команда» номинациясымен – «Айқын» командасы;
«Ұйымшыл команда» номинациясымен – «Барыс» командасы марапатталды.
«Найзағай», «Қанағат», «Айбын» командалары шараға белсене қатысқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Қатысушылар мен көрермендердің барлығы ұлттық киіммен келіп, шараның көркін келтіре түсті. Олардың арасынан қазақы нақыштағы киімнің сән-салтанатын, көркемділігін, бірегейлігін көрсетіп, ең әдемі ұлттық киіп келген қатысушы таңдалды.
Осылайша, мерекелік шараға немерелерімен бірге ұлттық киім киіп келген Қызылорда қалалық соты әкімшісінің басшысы Н.Дүйсенова «Үздік ұлттық киім» номинациясымен  марапатталды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған