Қызылорда қалалық соты талап қоюшы П.-ның талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, Қызылорда қаласы, А.Иманов көшесіндегі үйде түнгі сағат 02:30 шамасында өрт шыққан. Бұл пәтердің меншік иесі – В. Өрт шыққан кезде пәтерде оның анасы О. болған.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы О.-ны өрттің шығуына кінәлі деп танып, оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы негізінде ескерту түрінде жаза қолданған.
Өртті сөндіру кезінде төгілген судың салдарынан көршілес орналасқан пәтерге айтарлықтай зиян келгені анықталған. Пәтер иесі П. өз есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізгенін, отбасымен бірге туыстарының үйін паналауға мәжбүр болғанын көрсетіп, өзіне келген шығындарды өндіруді сұраған.
Бағалау есебі бойынша материалдық шығын көлемі 1 036 330 теңгені құраған. Сонымен қатар, талап қоюшы бағалау қызметіне, өкілдің қызмет ақысына, сенімхат рәсімдеуге жұмсалған қаражатты өндіруді сұраған.
Сот талап қоюшының талаптарын қанағаттандырып, жауапкер В.-дан талап қоюшы П.-ның пайдасына жалпы 1 200 018 теңге өндірілді.
Қызылорда қалалық соты