Сот мамандары мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Сот ғимаратына келген арыз-шағыммен келген азаматтарға жол көрсетіп, өтініш-талаптарын қабылдайтын да мемлекеттік қызметшілер. Сондықтан, сот мамандарының мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды қатаң сақтауы маңызды.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінде Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі жүзеге асырылады.
Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін сақтауын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.
Әдеп жөніңдегі уәкіл институты моральдық-әдептілік құндылықтарды жоғарылатудың тағы бір құралы болып табылады. Олардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеті мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік қызмет, заңнамаларды, Әдеп кодексі талаптарын түсіндіру, сонымен қатар, өздерін толғандырып жүрген сауал бойынша жеке консультациялық көмек көрсету болып табылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды жүргізеді. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызмет атқаруда орын алған әр түрлі құқық бұзушылықтарды талдап, оған жол бермеу бағытында түсіндірме жасайды.
Әрбір мемлекеттік мекемеде Әдеп жөніндегі уәкіл функциясының енгізілуі мемлекеттік қызметшілер тарапынан мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Әдеп кодексі талаптарының сақталуына, ұжымда қалыпты жағдайдың орын алуына септігін тигізеді.
М.Асанова,
Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша
Департаменті басшысының орынбасары