Қызылорда облысының Билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов Арал қаласындағы жаңадан бой көтерген «Руханият орталығында» «Билер кеңесінің қызметін дамыту мәселелері» тақырыбында жиын өткізді.
Шараға аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, аудандық Билер кеңесінің төрағасы мен мүшелері және қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
Облыстық Билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов Билер кеңесінің басты мақсаты халық арасындағы ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей-ақ, ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен шешу болып табылатынын айтып, Билер сотының тарихына кеңінен тоқталды. Билер кеңесі жұмысының ережесін түсіндіріп өтіп, осы бағытта кеңес қызметі жайлы түсіндіру шараларын жүргізуге шақырды. Сондай-ақ, би-шешендердің ұлағатты сөздерінен, билер кеңесінің қараған дауларынан мысалдар мен есептік мәліметтерді келтірді.
Сот төрағасы Р.Алдамбергенов Билер кеңесінің қызметін дамыту сол бұрыңғысынша күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала беретінін, себебі қара қылды қақ жарған бабаларымыздың жолын ұстанатын ақсақалдарымыздың өмірлік тәжірибесі мен тәрбиелік мәні зор, көпшіліктің көкейінен шығатын аталы сөздерінің көптеген жанжалдарды соттан тыс шешуге ықпал ететінін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мәселелеріне тоқталды.
Шара соңында қатысушылармен өткізіліп отырған шараның өзектілігі мен маңыздылығы және осындай кездесулердің Билер кеңесі қызметін дамытуға үлкен сеп болатындығы айтылды.
Арал аудандық соты