Қызылорда облыстық соты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кәмелет жасқа толмаған жәбірленушіні азаптау, жезөкшелікпен айналысуға тарту фактілері бойынша сотталғандарға қатысты шығарылған сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот үкімімен кәмелетке толмағандар М.Н., А.Ж., Қ.Д. қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігімен, 1),2)-тармақтарымен (кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту), ҚК-нің 194-бабы 3-тармағы 2)-тармақшасымен (ірі мөлшерде пайда табу мақсатында қорқытып алушылық), ҚК-нің 110-бабы 2-тармағы 1)-тармақшасымен (көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты азаптау) кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша әрқайсысына 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
Б.А. ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігін 2)-тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Т.Ұ. және Қ.А. ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 194-бабы, 2-бөлігі 1),2)-тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Т.А., Б.А. және Т.Д. ҚК-нің 134-бабы 3-бөлігі 1)-тармағы және ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша олардың әрқайсысына 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
ҚПК-нің 29-бабының талаптарына сәйкес, бұл іс жабық сот отырысында қаралды.
Қылмыстық іс апелляциялық сатыға сотталғандарды жартылай ақтауды және жазаны төмендетуді сұраған қорғаушы жақтың шағымдарымен келіп түскен.
Сот алқасы бірінші сатыдағы сотының шығарған үкіммен келесі негіздермен келіседі:
1. Сотпен істің мән-жайлары дұрыс анықталған;
2. Сотталғандардың кінәлары сотта зерттелген дәлелдемелермен, жәбірленуші және куәлардың айғақтарымен, сот сараптамалардың қорытындыларымен толық расталған.
3. Жәбірленуші жақтың азаматтық талап қоюы дұрыс шешілген.
4. Сотталғандарға жаза қылмыстық заң баптарының санкциясы шегінде, жасалған құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесі, жасаған әрекеттеріне сәйкес, олардың жеке бастары, қылмыс жасаудағы әр қайсысының рөлі, қылмыстық жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріліп, сотталғандардың түзелулеріне қажетті және жеткілікті тағайындалған.
5.Үкімді бұзуға немесе өзгертуге негіз бола алатын материалдық және процессуальдық заңның талаптарының бұзушылықтарын сот алқасы анықтамады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі