Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4)-тармағы бойынша С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, С. азамат Қ.-ның фотосуретін өзінің уақытша қолданып жүрген нөмірінен ашылған «WhatsApp» желісіне қойып, оның әпкесі А.-ға жалған хабарламалар жазып, 1 000 000 теңге «Kaspi Gold» қосымшасы арқылы керек болып тұрғанын, артынан қолма-қол қайтарып беретінін айтып сендіріп, ұсынған есеп-шотқа аударуды сұраған. Жәбірленуші аталған соманы ұсынылған есеп-шот нөміріне аударып жіберген. Осылайша, С. ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқырып, алаяқтық қылмысын жасаған.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес бұл қылмыстық әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Сотталушының кінәсі өзінің мойындаған жауабымен, сондай-ақ, жәбірленуші мен куәнің жауаптарымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденген.
Сотталушыға жаза тағайындау кезiнде сот оның бұрын сотты болмағанын, кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкiнуін, жәбірленушінің кешірім беруін жазасын жеңiлдететiн мән-жайлар ретінде таныған.
Сот үкімімен С. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 4)-тармағымен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленген. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган айқындайтын орындарда жылына 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылған.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабы 1-тармағының негізінде, тағайындалған жаза екіден бір бөлігіне қысқартылған.
Келтірілген шығын жәбірленуші пайдасына өндірілген.
Арал аудандық соты