Бүгін қазақ халқының ұлы ақыны, ғұлама, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және Абай күніне орай, Қызылорда облысы соттарының қызметкерлері арасында «Абай мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында шығармашылық байқау өткізілді.
Шараны Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті, Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы және Департаменттің Әдеп жөніндегі уәкілі ұйымдастырды.
Байқаудың негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын дәріптеу, ұлттық рухани құндылықтарға құрмет көрсету, сот қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін дамыту болып табылады.
Шараны Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы С.Сүлеймен ашып, байқаудың маңыздылығына тоқталып, Абай Құнанбайұлының мұрасы – халқымыздың рухани байлығы екенін, өлеңдері адамгершілік пен ізгілікті дәріптейтінін, жас ұрпақ ақынның шығармашылығын қастерлеуі тиіс екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға 14 қызметкер қатысып, өнерлерін көрсетіп, жан-жақты шеберліктерін танытты.
Бірінші кезеңде қатысушылар Абай өлеңдерін нақышына келтіре отырып, жүрекке жеткізе мәнерлеп оқыды. Екінші кезеңде қатысушылар өз өнерлерін ортаға салып, түрлі музыкалық аспаптар арқылы күйлер мен Абай әндерін орындап, бейнероликтер мен зияткерлік ойындар ұсынып, ақынға арналған өз өлеңдерін оқыды.
Қатысушылардың өнерін Департамент басшысы С.Сүлеймен, Қызылорда облыстық сотының судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Ш.Маликова, Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының мүшесі Г.Мырзатаева бағалады.
Бағалау кезінде қатысушылардың сахна образы, тіл тазалығы, сөз саптауы, шығармашылық көзқарастары назарға алынды.
Байқау қорытындысы бойынша белсенділігімен көзге түскен қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, ерекше дайындығы мен шеберлігін көрсеткен Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Қ.Нұржігітов үздік деп танылып, байқаудың жеңімпазы атанды.
Қорытынды сөз сөйлеген қазылар алқасының мүшелері Ш.Маликова және Г.Мырзатаева мұндай байқаулардың маңыздылығына тоқталып, игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табуы қажеттігін атап өтті.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі