Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерге, кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтті.

Жиында аймақ басшысы Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жаңа басшысы Еркебай Ғалымжан Бақтығалиұлын таныстырды.

Ғалымжан Бақтығалиұлы 1981 жылы дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алған.

Еңбек жолын 1997 жылы «Шаған» агрофирмасында бастаған. Әр жылдары Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдерінде жетекші маман, бас маман, сектор меңгерушісі, бөлім басшысы, «Мемлекеттік қала құрылыс кадастры» мекемесі филиалының директоры, Қазалы, Сырдария аудандары әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында абыройлы қызмет етті.

2022 жылдың тамыз айынан осы күнге дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Облыс әкімі жаңа басшыға сәттілік тілеп, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы жұмыстарға тоқталды.

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:

– «Әріптесіміз мемлекеттік қызметте, басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған. Жаңа қызметіне байланысты бірқатар міндет жүктеледі.

Мемлекеттік орман қоры аумағында өрттің алдын алу және оған қарсы күрес жоспарын жүзеге асыру, орман және су қорын, жануарлар дүниесі мен балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту, тиімді пайдалану өте маңызды. Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл көшетін егу, тұқым себу жұмыстары да жүйелілікті талап етеді. Елді мекендердегі қоқыс полигондары мен сұрыптау кешендеріне қатысты жалпы жұмысты үйлестіріп, жаңадан жоспарланған полигондар құрылысының экологиялық талапқа сәйкестігін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған