Инсультке шалдыққан адамдардың жартысынан астамы мүгедек болып қалады. Осындай ауыр салдарын төмендету үшін инсультті бірден танып, дер кезінде көмек көрсете білу керек. Аурудың алғашқы белгілерін қалай анықтауға болатыны және асқынуына жол бермеу жөнінде Қызылорда қаласындағы «ALEXEY SULTAN-AKHMET» ЖШС директорының орынбасары,невролог – дәрігері, эпилептолог Қуанышбек Алмағамбетов сұхбат барысында айтып берді.

– Қуанышбек Нұрбергенұлы, ин­сульт деген не?

– Инсульт — ми қан айналымы жүйе­­сінің жедел бұзылуы. Ишемиялық ин­сульт көбіне тромб немесе эмбол әсе­рінен миды қанмен қамтамасыз ететін артерияның бітелуі салдарынан дамиды. Геморрагиялық инсульт ми артериясының жарылуынан пайда болып, миға қан құйылуына әкеп соғады.

Инсульт жасарып барады. Қауіп тобындағы науқастардың жас ша­масы қандай?

– Өкінішке орай, ауру жасы 45-тен асқан адамдарды ғана емес, жастарды да жеңіп отыр. Менің тәжірибемде 18-20 жастағы пациенттер де кездеседі. Олар медициналық оңалтудан өтіп, мамандардың тұрақты бақылауында болады.

– Инсульт қалай анықталады?

– КТ және МРТ — қан айналымы бұзы­лысының ошағы мен сипатын барынша дәл анықтауға мүмкіндік беретін әдіс. Атап өтетіні, МРТ инсульттің бола­тынын немесе оның белгілерін алдын ала анықтай алмайды. Аппарат тек қалыптасқан ишемиялық ошақты, қан құйылуын және зақымданған тамыр­ларды көрсетеді.

– 2026 жылдан бастап инсульт тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлеміне енгізіледі. Сақтандырылмаған пациенттер қандай қызметтерді пайда­лана алады?

Иә, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік маңызды аурулардың 11 нозология бойынша жаңар­тылған тізімі күшіне енеді. Бұл кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң­да қарастырылған. Алғаш рет тізімге жыл ағымында инсульт нәти­жесінде пайда болған эпилепсия және цереброваскулярлы аурулар енгізілді. Бұл емдеу тиімділігін арттыру мақсатында ауруды ерте сатысында анықтауға, дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз етуге және үздіксіз бақылауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Инсультке шалдыққан науқастарға, МӘМС жүйесіндегі мәрте­бесіне қарамастан, шұғыл көмек пен стационарлық ем тегін көрсетіледі.

– Инсульттің қалай алдын алуға болады? Қандай тексерулер адам­ның ауруға бейімділігін анықтап бере алады?

– Тұрақты түрде скринингтен өту маңызды. Биыл инсульт пен ми қан айна­лымының басқа да бұзылысының алдын алуға бағытталған скрининг енгізілді. Енді 50 жастан асқан ер адам­дар әр екі жыл сайын емхана­лардан міндетті тексеруден өтуі тиіс. Ми қан тамырларының жағдайын анықтаудың ең қолжетімді әрі дәл бағалау әдісі — УЗИ. Ол аурудың ерте сатысында анықтауға көмектеседі. Егер пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылған және артериалды гипертензия бойынша диспансерлік есепте болса, ол жыл сайын тексеруден өте алады.

– Инсульттің алдын алуға байла­нысты қандай кеңес берер едіңіз?

– Артериалды қан қысымы мен холес­терин деңгейін бақылауда ұста­ңыз. Салауатты өмір салтын ұстанып, ұйқыны ретке келтіріңіз, темекі мен алкоголь тұтынудан, сондай-ақ энер­гетик сусынар ішуден бас тартыңыз. Сонымен қатар әрине, күйзеліске түсу­ден сақ болыңыз. Эмоцианалды тыныштық инсульт профилактикасында маңызды роль ойнайды.

– Әңгімеңізге алғыс білдіремін.

Сұхбатты жүргізген

Айгүл Аханова

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған