Аймағымыздағы мұнайдың игерілуінде, экономиканың дамуында өзіндік орны бар “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” компаниясы облыста өтетін спорттық іс-шаралардың да, оның ішінде баскетболдан жыл сайын өтетін халықаралық турнирдің де демеушісі.

Негізі бұл халықаралық турнир осыдан 25 жыл бұрын Қызылорда қаласы оқушыларының арасында “Көңілді каникул” жарыстарынан бүгінгі күні “Дәстүрлі халықаралық ашық кубок” мәртебесіне ие болғаны “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” компаниясының 25 жыл бойғы демеушілігінің нәтижесі екені белгілі.

Жалпы баскетболдың Қазақстанда пайда болу дерегі 1925 жыл деп көрсетіледі. Сол жылы ауылдар арасында біріншілік өткізіледі. Осы дерек бойынша биылғы жылы еліміз тұрғындарының баскетболды ойнай бастағанына ғасыр толып отырған кезеңде Қызылорда қаласындағы “Мұз айдыны” спорт кешенінде жылдағыдай “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” компаниясының жүлдесіне арналған баскетболдан халықаралық ашық кубок өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл жолы турнирге 19 команда, оның ішінде 12 ерлер мен 7 қыздар командасы қатысты.

Жылдамдық пен стратегиялық ойлауды талап ететін спорт түрі ғана емес, адамның сүйек жүйесін нығайтатын, буындарды неғұрлым жылжымалы етіп, бұлшық еттің күші мен икемділігін, адамның көру мен есту қабілетін арттыратын денсаулыққа әсері де бар баскетбол ойнаушылар қатары бүгінде көбейіп келеді. Осы жолғы турнирдің өзінде 200-ге тарта спортшы әдемі ойын өрнегін көрсетті. Бұл жолғы турнирде Ресей мемлекеті, сондай-ақ, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Павлодар және өзге де өңірлер баскетболшылары бақ сынасты.

Нәтижесінде ерлер арасында Қызылорда бірінші орынды, екінші орынды Орск, үшінші орынды Ақтөбе командалары жеңіп алды. Ал, қыздар арасында бірінші орынды Ақтөбе, екінші орынды Қызылорда, үшінші орынды Павлодар командалары иеленді.

“ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” компаниясы жүлдеге ие болған барлық командаларды бағалы сыйлықтарменен марапаттады. Үздік ойыншылар, мықты жаттықтырушылар, әділ қазыларды да компания құрметтеп, оларға да сый-сияпат жасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша қала оқушылары арасындағы жарыстан жастар арасындағы дәстүрлі халықаралық ашық кубок мәртебесіне жеткенге дейін осы турнирдің өтуіне 25 жыл бойы демеушілік етіп келе жатқан “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” компаниясы жастардың спортқа келуіне, әсіресе баскетбол ойнап, денсаулықтарын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына ерекше ықпал етіп келеді. Әрдайым ашық көңілмен, жомарт жүрекпен жүлдегерлерді ерекше сыйлықтармен, онда да бағалы сыйлықтармен марапаттап, қолдау көрсетіп келеді. Содан да болар жеңімпаздың ауыспалы кубогы – турнирге қатысатын әрбір команданың арманы.

Сөз соңын турнирдің ашылу салтанатында сөз алған облыстық спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Оңдасынұлының:

– Бүгінде аймағымыздағы барлық спорт түрлері айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Әсіресе облыс намысын әртүрлі деңгейдегі жарыстарда қорғап жүрген баскетболшылар тартысты бәсекелерде топ жарып жүр. Мінекей, «ПетроҚазақстан Кұмкөл Ресорсиз» компаниясының бастамасымен дәстүрлі жарысымыз жалғасып тауып, бірнеше елден және еліміздің әр аймағынан келген үздік командалар сынға түседі. Осы орайда компанияға үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді, – деген тілегімен қорытындыладық.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған