немесе жасанды сана қоғамдық сананы жаңартады…
“Жасанды интеллектпен” жақсарамыз?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу” деп аталды. Неге? Расымен де осындай деңгейге жетіп қалдық па? Әлі күнге зейнетақысын почтадан кезекке тұрып алатын зейнеткерлер қатары азайған жоқ. Мемлекеттік қызметті де сандық жүйеге көшірдік дегенімізбен шенеуніктер әлі күнге қағазбастылықтан арылған жоқ. Электронды қызметті ұдайы қамтамасыз ететін электр желісіміз әлі түгел келеге келген жоқ. Тағысын тағы. Бұдан бөлек рухани құндылықтар, ұлттық құндылықтар деген проблема бар. Оның үстіне жасанды сана жұмыссыздар қатарын көбейтеді деген қауіп те бар. Әрине, бұл – болмасын дегеннің былжырағы көрінуі мүмкін.
Жолдауда Президент биылғы жылы жасанды интеллектке неге басымдық беріліп отырғанын біраз түсіндіріпті.
“Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.
Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.
Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.
Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс.
Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.
Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек.
Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек.
Шетелде тауық жүнін жұлып жүрміз…
КСРО-ның кезінде экономиканың қалай дамығанын кітаптан оқып айтатынымыз болмаса, экономикаға қуат болар қаражаттың қайдан келген дерегі сол кез коммунистерімен бірге кеткен болар…
Қазіргі жағдайда жаһандық экономика дегені жүріп тұр. Елдің ішкі сұранысын елдің өзі қамтамасыз етуі мүмкін емес. Себебі де белгілі. Әлгі айта беретін шикізатқа тәуелді экономика кесірінен өндіріс дамымады. Дамығанда да оның бар билігі бөтенде болды. Содан да КСРО деген алып құрылымнан 15 ел бөлек өз алдына кеткенде өндіріссіз қалдық. Өз тауарымызды өзіміз шығарайық, өз-өзімізді қамтамасыз етейік деп, қанша ұрандағанымызбен “көк легеннен” артық ештеңе шығара алмадық. Өз ақылымызбен екі сиыр бақсақ, ол екі сиыр өзімізді асырайтынын білмей жүргенде, бізге зауыт, фабрика ашу қайдан бұйырсын…
Біз басып озбағанда да теңелеміз деп үміт еткен дамыған елдер біздің шұлық, нәскиімізді неғылсын… Оларға керегі – өндіріс. Капиталдың ақша – тауар – ақша айналымын жақсы меңгерген олар өз қаражаттарын біз сияқты ішіп-жеуге, киіп тастауға жұмсамайды. Олар ақшадан ақша жасайды. Сол үшін өндіріске қаржы салады.
Мемлекет басшысының: “Бірінші. Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет.
Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.
Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек” деп, Жолдауда инвестицияны бірінші міндет етіп отырғаны осыдан болса керек…
“Ескі Қазақстан” да қарап қалған жоқ, инвестиция тартты. Аз тартқан жоқ. Экономиканы дамытудың ең оңай жолы шикізатқа құйылған шетелдіктердің қаржысының рахатын көрген жоқ емеспіз. Көрдік. Әлі көріп келеміз. Сондай-ақ зардабын да тартып келеміз. Ең бастысы жұмыс істейтіннен жұмыссыздары көп қоғамда халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарта алмай келеміз. Айлық шайлыққа жетпегеннен де небір ақылды бастар шетелдерде тауық жүнін жұлатын, немесе құлпынай жинайтын қол күшіне айналды. Содан да “өзімізде өңдеу саласына көбірек қаражат тарту керек”.
Кейде осы Үкіметтің өзі де инвестиция тарту дегеннен шаршайды-ау дейсің… Әрине, бар өңірді аралап, бюджет қаражатымен салынып жатқан әралуан нысандарға марқайып жүре берген де жаман емес.
Ауылда қауын шығаратын цех, немесе түйе сүтін капсула етіп өндіретін зауыт салайық деп, біреуден ақша сұрап жүрген оңай емесі белгілі. Баяғыдай бере салатын жерасты байлығы да жетіп жатқан жоқ. Президент айтқандай “инвестиция тіпті жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүрмегенде” неғылсын. Кім ыза жерді басқысы келеді? Кім қиындыққа барғысы келеді?
– “Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ” – дейді Қ.Тоқаев.
Банктер – өмір қожайыны?
Негізі банк жүйесін ойлап тауып, оны жетілгендердің әуел бастағы ойы, жоспары қандай болғанын қазір зерттеп жүрген ешкім жоқ-ау. Есте болса, бір кездері жаңылыспасақ “Агробанк” деген ауылшаруашылығына арналған банк болды. Тек ауыл өндірісіне ақша беретін. Ия, банк деген баяғыдан бар. Көп жұрт оны ақша сақтайтын, мекемелерге айлық тарату үшін ақша беретін жер деп ұғатын.
Қазір банк туралы түсінік өзгерді. Банк – жұрт ұғымында бар қажетіңе несие беретін, әр ақша алған сайын сол банктегі қарызыңды жабатын орын. Байқаған адамға бүкіл халық банк үшін өмір сүріп жүрген сияқты. Отыз күн жан салып, қара терге малынып жұмыс істейді, сосын тапқанын банкіге апарып, отыз күн ішкен-жегенінің, кигенінің, тойлағанының қарызын өтейді. Одан басқаға шама жоқ. Банкке де рахат. Есеп-қисап жасап, сызба сызып, жоба құрастырып басын ауыртпайды. Жағдайы кетіп бара жатса, Үкіметтен көмек сұрай қояды. Зауыт, фабрика салып не керек, бір банк ашып алсаң, ақша өз-өзінен келеді.
Банктердің ақшасын экономикаға қарай бұру жөнінде талай айтылып келеді. Жоғары мінберлерден де. Бұл жолғы Жолдауда да айтылыпты.
– “Жаңа инвестициялық кезеңді ойдағыдай бастау маңызды. Екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керек. Бұл мәселе қоғамда баяғыдан қызу талқыланып жатыр. Осы жұмысты көп созбай қолға алу қажет.
Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі.
Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар үнемі көтеріп жүр.
Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет.
Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет.
Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек.
Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын” – дейді, Мемлекет басшысы банктер арқылы экономиканы дамытуға үміт артып….
Жыл соңына дейін күтелік. Бәлкім, банктер жағынан бір “жылымық” болар.
“Alatau City” әкімі кім болады?
Бір қалалар туралы оқығанымыз бар. Онда барып қоныстанғандар ақша ұстамайды, дүниеге қызықпайды, дін, тіл деген мәселе туындамайды. Баяғы өзіміздің коммунизм туралы түсінігіміздей “қабілетіне қарай еңбек етеді де, қажетіне қарай тұтынады”.
Біздің елімізде де ерекше қала болғалы тұр. “Alatau Cityге” бардың ба, ондағы кереметті көрдің бе? Криптовалютамен төлем төледің бе дегендей, өзгерістер болмақ. Цифрлық өмірге бейімделген бұл алғашқы қалада тұратын тұрғындар да өзгеше болатын сияқты. Бүкіл қызмет цифрланғаннан кейін адамның адамға тәуелділігі жойылады, жемқорлық болмайды деген жоба бар. Қандай болса да қала бола жатар. Жасанды сана арқылы қоғамның, адамдардың санасын түзетеміз деген сияқты цифрланған алғашқы қала арқылы қалаларды да өзгертпекшіміз. Бұл қалаға “цифрланған” өзгеше әкім керегі анық. Ондай бізде бар ма екен?
Қоғамды, қаланы жасаудан бұрын осы қалаға әкім кім болып баратыны қызықтыратыны анық. Өйткені, бұл қаланың қалай болмағы оны басқаратын әкімге байланысты екені белгілі.
“Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмысы аяқталды, инфрақұрылымның негізгі желілері қосылды.
Жақында Қытайға барған сапарымда әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалды. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан сондай компанияның бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады.
Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс.
Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн.
Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет”. (Жолдаудан)
Қымбатшылыққа кінәлі – кредит
Инфляция дегенді жаттап алдық. Құрғыр халықтың еңсесін бір көтертпей қойды. Зейнетақыға, жәрдемақыға бір 10% қосылып халық бір “жырғап қаламыз ба” дегенде ертеңіне қант-шайың кемі 12%-ға қымбаттап шыға келеді. Қымбатшылықтың қысқаны сондай, қымбаттағанды сезбейтін халге жеттік…
Ақшаны қанша үнемдегенде де, жинақтағанда да инфляцияны қуып жете алмайтындықтан да тапқанымызды оңды-солды шашып, “төрт құбыласы түгел” бар адамдай шалқып өмір сүріп жүрміз… Ел инфляцияға қынжылмасын, ренжімесін деп “халық қамын ойлағандар” несие жолдарын көбейтіп қойды емес пе?
– “Бірақ қазіргі басты мәселе: жоғары инфляция экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын «жұтып қойып» жатыр.
Оның дайын тұрған шешімі жоқ, бұл – көптеген мемлекет бетпе-бет келіп отырған түйткіл. Мәселе бәріне ортақ болғанымен, ол біздің жағдайда айрықша сезіліп отыр.
Осы макроэкономикалық құрсаудан шығуымыз керек.
Қиындықтар күні кеше ғана пайда болған жоқ. Оны шешу үшін әлемдегі озық тәжірибелерді ескеріп, жұртқа ұнай бермейтін шаралар қабылдауға және оның жауапкершілігін көтеріп алуға дайын болу қажет.
Үкімет пен Ұлттық банк қазіргі қалыптасқан ахуалдың қиындығын ескере отырып, алдына қойған мемлекеттік ауқымдағы міндетті біртұтас команда ретінде атқаруы керек. Қазір әркім көрпені өзіне қарай тартатын кез емес” – дейді, Жолдауда.
Өткенде осы кредит жайын жазғанымызда бір оқырман “бәрін қымбаттатып отырған – кредит. Кредитті толықтай алып тастаса бәрі арзандар еді” депті…
Заманауи Сатбаевтар қайда?
Қазір экономикалық көзқарас өзгерді. Шикізатты шикізат күйінде арзанына сатқаннан гөрі, оны өңдеп, нарыққа өтімді өнімге айналдырып, қымбатына сатқымыз келеді. Әдеттегідей өңдеу өнеркәсібінің осы уақытқа дейін оңала алмай келе жатқаны бір бөлек әңгіме, оған қосымша жер қойнауының қазіргі мүмкіндіктері ашылмай жатыр. Ашатын зерттеушілер, ғалымдар өзі бізде бар ма деген сұрақтар қоғамда жиі қойылып жүр.
– “Тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыстарын күшейту. Елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ескірген. Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.
Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн.
Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет.
Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек” – дейді Жолдауда.
Жасанды сана ұлт мүддесі үшін Сатбаевтардың жасағанын жасай алса болғаны ғой. Бұл Президенттің Жолдаудағы екінші міндетінің түйткілді тұсы болып тұр.
Тіректің өзіне тірек керек?
Ауылда тұрып, өмір сүру үшін ең керегі жер. Жер болған күннің өзінде де су керек. Сусыз өмір жоқ деп жүргенімізде, онсыз өнім жоқтығына да көз жеткіздік. Ауыл өнімін өндіру оңай көрінгенімен машақаты көп. Содан да ауылға деп қаншама қаржы бөлінгенімен әзірге нәтиже көңілдегідей емес. Ауыл азаматтары ауылда егін егіп, мал бағып, тірлік жасап, өнім шығару орнына, қалада такси болып, немесе құрылыста қала салып жүр. Ауылдағылар өнім өндіретін цех ашқаннан гөрі зейнетақыға, жәрдемақыға лайықтап зат сататын дүкен ашқанды қолайлы көреді.
Ауыл – ел тірегі деп ұрандатқанымызбен сол тіректің өзіне тірек керек болып тұрғанын түсінгенде, сол жерге тіреліп қалатының анық.
“Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек.
Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек.
Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс.
Еуразия экономика одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталды. Сол себепті олар тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл жерде сүт өндірушілер туралы сөз болып отыр”.
Әңгіме бұл жерде сүт өндірушілер туралы болып тұрғанымен, мәселе ауылдағы елдің бәріне ортақ болып тұр.
Жерді қайта беруге әкімдер құлықсыз ба?
Жолдауда: – Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек.
2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс.
Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет” – дейді.
Сұрақ туындайды: қайтарылған жердің жарыға жуығы ғана жерді пайдаланушыларға берілген. Жарыдан астамы бос жатыр. Елде жерге сұраныс жоқ па? Әлде жерді елге беруге әкімдер құлықсыз ба?
Әкімдер бермесе бермей-ақ қойсын, енді Жолдаудан кейін жерді халыққа цифрлық технология береді. Тек жер басында отырған “алпыс айлалы” адамдар айласын асырып кетпесе болғаны.
Бұл – үшінші міндеттің үмітті тұсы.
Жолдауда төртінші міндет болып отырған көлік-логистиканы одан әрі дамытуда, вагондар мен әуежай жайы әдемі айтылыпты.
“Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады. Соңғы жылдары авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін көп жұмыс істелді. Былтыр Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Жақында Зайсанда, Катонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталады. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр.
Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан бұл жұмыс өз жалғасын табады”. (Жолдаудан).
Жол – экономиканың қайнар көзі деп, темір жол, көлік жолы болмасын жақсы жолдар сапасы жақсарып жатқаны жүрекке жатты. Алайда темір жол вокзалдарындағы, әуе компанияларындағы төмен қызмет сапасы халықты қынжылтып отыр. Үкіметтің бар жақсылығын пайдаланып отырған меншік иелері – қызмет көрсетушілер сапалы қызметімен ел алдында Үкіметтің де өздеріне дайын инфрақұрылым жасап беріп отырған жақсылығын асыруы керек. Әйтпесе жақсарған жолдар, заманауи көліктер жол бойындағы кірістің үстінде отырғандардың сапасыз қызметінің тасасында қалып қояры сөзсіз.
Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн. «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысын тездету керек. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады. (Жолдаудан).
Жекеге беріледі?
“Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, бірте-бірте оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті”. Жолдауда осылай деп Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзіне дейінгі биліктің бас қателіктерінің бірін жаһанға жария етті. Расында да бұрыннан келе жатқан көнерген үйлерде бүгінде зейнетке шыққан “баяғының” адамдары немесе бюджеттік мекемелер қызметкерлері тұрады.
Тұрмыс жағдайы жақсы, ақшасы, кәсібі барлар азып-тозғанды неғылсын. Олардың элиталы өз үйлері бар. Аздаған айлығын шайлығына әрең жеткізіп жүргендер пәтерін әрең дегенде әрлеп, сырлап ұқсатып отырғанда өжіре, шатыр, есікалды дегенді қайдан ескерсін.
Сол үйлерге жарық беретін жарық көзінің, су беретін су көзінің, жылу беретін жылу көзінің де жарамсыз жағдайына жылдар бойы көз жұма қарағанның кесірінен соңғы жылдары бірінен соң бірі жарылып жатыр. Амал жоқ, қайта жөндеуге, жаңадан қайтадан салуға халықтың ортақ қазынасынан шөміштеп ақша шығарып, қасықтап абырой жинап жатқан қазіргі Үкіметтің әрекеті амалы жоқтықтың айқын көрінісі.
Жолдауда Мемлекет басшысы бұл тарапта: – “Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па деген мәселені жаңаша зерделеген жөн.
Жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу – даулы мәселе. Оның бәрі ерте ме, кеш пе, қайтадан жекеге өтеді. Сондықтан мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы” – депті.
Жарлық неге толық орындалмайды?
Жолдаудағы алтыншы міндетте кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс делініпті. Елімізде 2000000-нан астам шағын бизнестің өкілдері бар десек, соның ішінде өнім өндіретіндер 6% ғана екен. Таңқалмасқа шараң жоқ. Кәсіпкерлеріміз де өзгеше ғой “өңмеңдеп” өнім өндіретіндердің аз болатын жөні де бар. Өйткені біздегі көп кәсіпкерлер көбіне грант қаржысын игеретіндер. Статистиканы орындап тұрған олар айналдырған 1 млн. мен 1,5 млн. айналасындағы грант қаржысына айнала толып жатқан макулатурадан әжетхана қағазын шығаруы мүмкін, алайда шикізаты айнала шашылып жатпаған кір сабын шығара алмасы анық.
Мемлекет басшысы: – “Былтыр мен “Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуне негіз болды. Бірақ Жарлық толық орындалмай отыр” дейді. Жалпы Жолдауда айтылғандай: “Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр.
Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн”.
Енді жасанды интеллектінің де керек жері осы. Ол заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шығуды “жылдам, әрі тиімді жүзеге асырады”.
Жетіншінің жүгі ауыр…
Әрине, Жолдауда жүктелген жеті міндеттің қай-қайсысының да салмағы ауыл. Дегенменен, жетінші міндет жалпылай жалпы қауымның жетіспеушілігін жүктепті. Бірқатарына тоқталайық:
Еліміз тұрғындары әсіресе жастары үшін “арман қала” біреу емес, екеу. Бірі – Алматы, екіншісі – Астана. Кейінгі кездері Алматыдан гөрі Астананы армандайтындар көбейіп кетті десек қателеспейміз. Қоныс аударып жатқандардың қатары көбейіп, қазірде Астана “халық саны ресми 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетіп жатыр” екен.
Мемлекет басшысы Жолдауда: – “Кейбір облыс әкімдері корпоративті салықтан түскен қаражатты көше бойындағы тас тақтайшалар салу сияқты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайды. Әрине, содан соң жұрт әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға қарай ағылады” – дейді.
Тоқаев бекерге айтпайды… Демек мәселе орын алып отыр.
Жәрдемақымен жан баққандар жұмыс іздейді ме?
Жасыратын несі бар, Үкіметке сеніп алған көп жұрттың мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы, төлемақыларымен жан бағып отырған жайы бар. Осы Жолдауда Қ.Тоқаевтың “Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді” дегеніне қарағанда, жәрдемақылармен жан бағып отырған көп жұрт кіріс көзін іздестіріп, жұмыс істеп табыс табу керек шығар.
Бағзы заманнан отбасы бірлігін ұстаным ететін бүгінгі қазақ қоғамында ажырасу көбейді. Тіпті алдымызға ел салмай келеміз. Тағы да халықты кіріспен қамтамасыз етуге оңай жол таңдаған Үкіметке келіп тірелмеске амал жоқ. Тоқаевтың өзі де – “Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді.
Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз.
Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар?
Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді” – депті.
Самокат – ұсақ-түйек емес…
Адамға тажал темірден келген заманда өмір сүріп жатырмыз. “Бұл дүниеге қонақпыз. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз, кім білген” деп өз-өзімізді жұбатып қоямыз.
Заманды темір билегеннен кейін, темірге тәуелді болатының да рас. Баяғы “мінсең көлік, сатсаң – ақша, саусаң – сүт” жылқы бүгінде көлікке ауысты. Өзін-өзі қамтығандар қатарында табыс тауып, отбасын асырап жүргендер арасында таксистер, шопырлар аз емес. Олар қала мен қаланы, ел мен елді байланыстырып, тіпті баяғы “Жібек жолы” керуенін жалғастырып та жүр. Бұл – жақсы жағы. Жолдауды оқысаңыз: – “Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі.
Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес.
Жылдамдықты асырмау, жол ережесін бұзбау – ең басты және маңызды талап.
Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет” деп, Мемлекет басшысы жаман жағын да айтыпты.
Сондай-ақ, “электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді.
Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр.
Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар” деген Жолдаудағы жолдарды оқығанда самокат та ұсақ-түйек емес, жаяу жүргіншілер өміріне әжептәуір қауіп екенін аңғарасың.
Президент осы Жолдауда айтқандай “Осы жеті міндет те Қазақстанның одан әрі дамуы үшін айрықша маңызды”. Әрі “олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз байланысты”.