Жаңа театр, заманауи кітапхана салынады

Мемлекеттік саясаттың страте­гия­лық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаң­ғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондық­тан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашыл­ғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқ­тал­мақ. Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық бала­лар мен жасөспірімдер театры да жаңғыр­тылады. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді.

Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құры­лыс­ты бастауымыз керек. Өткен сапа­рым­да мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев:
Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көрдім. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады.

Қаратау петроглифтері – халқымыздың сан ғасырлық жылнамасы

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқы­мыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өрке­ниетіміздің тамыры тым тереңде жат­қанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызыл­орда жеріндегі Сауысқандық пен Түркіс­тан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осын­дай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүр­леріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра­лар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын.

Сондай-ақ Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымда­масы ұлы ойшылдың «Толық адам» идея­сымен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұра­лар тізіміне енгізуіміз керек.

Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл бас­қаға емес, ең алдымен, өзіміз үшін керек. Олардың мұралары – біздің рухани-фило­софиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев:
Бес жыл бұрын менің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалам жарық көрді. Онда қазіргі заманғы ғылыми тәсілдер негізінде төл тарихымызға арналған жаңа академиялық еңбек жазу туралы тапсырма бердім. Осы ауқымды әрі іргелі зерттеу жұмысы жыл соңына қарай аяқталады. Қазақстанның академиялық тарихының көлемді жеті томдығы жарыққа шығады. Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығай­туға және ұлтымыздың біртұтас тарихи сана-сезімін қалыптас­тыруға қосқан қомақты үлесіміз болмақ. Осы маңызды ғылыми жинақ Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шыққалы отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз бұл тарихи белесті дәл осындай нақты істермен атап өтуіміз керек. Өткенді ұмытпай, болашаққа сеніммен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Сондай-ақ ұрпақтың отаншылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұштасады.

Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ.

Қазір қоғамда «Қазақстанның мемле­кеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, сал­ғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорт­тық және іс-шараларда көк Туымыз желбі­реп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекет­тері­нен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.

Қазақстанның аспанмен астасқан көк туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спортшы­лары жарқын жеңісімен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша дарынымен Отанымызды жер жүзіне танытып жүр. Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, әр өреніміздің абыройы – барша қазақтың беделі. Біз туған жерге жанашырлығын, туған елге адалдығын нақты іспен көрсететін нағыз патриот азаматтарды қолдауымыз қажет.

Жасампаз отаншылдықтың негізгі қа­ғи­даттары өмірдің өзінен алынған деуге болады. Мысалы, «Таза Қазақстан» жалпы­­ұлттық акциясына, волонтерлік қозға­лыс­тарға, қайырымдылық шараларға әлеу­­меттік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арнал­ған басқа да жұмыстарға белсене қатысу – жауапкершілікке негізделген жасам­паз отаншылдық көрінісі. Бұл жайын­да бүгін депутат Сабильянов өте жақсы айтты.

«Таза Қазақстан» – ұлттық идеология­мыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз. 

Қазақстанның патриоты болу – азамат­тық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішінде зауыттарда, ауыл шаруашылығында, ден­саулық сақтау ұйымдарында, мектеп­терде, университеттер мен ғылыми зертхана­ларда, мемлекеттік мекемелерде, жеке компа­нияларда жұмыс істеп жүрген адам­дардың білікті әрі табанды еңбегін, әскери борышын өтеп жүрген және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін азамат­та­рымыздың Отанға адалдығын жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық деуге болады.

“Қыз алып қашу – адам ұрлау”

Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды.

Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы сән қуып, ұрандату емес

Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек.

Дегенмен, басқару ісінде белең алған берекесіздікті озық технологиялар өз бетімен жойып жібере алмайды. Мұны жете түсінген абзал. Жұмыс әуел бастан дұрыс жолға қойылмаса, бірін-бірі қайталайтын міндеттер көбейіп, қағазбастылық шаруаға кедергі келтіре берсе, жасанды интеллектіні енгізу арқылы бәрін әп-сәтте жөнге келтіремін деу – бос әурешілік. Сондықтан цифрлық өзгерістер стратегиясын жүзеге асыру үшін алдымен басқару жүйесін реттеп алу қажет. Осыған орай, шұғыл міндет туындап отыр: мемлекеттік сектордағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін жақсартып, оған басқару саласындағы озық тәжірибелер мен құзыреттерді енгізу керек. Цифрлық шешімдердің және жасанды интеллект технологиясының көмегімен барлық саладағы мемлекеттік басқару ісінің сапасын арттыруға мол мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдаланған жөн.

“Қызылорда – Ақтөбе” 4 жолақты жолы басталады

Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым.

Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. 

Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңын­дағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құры­лысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақтылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі бұл жобалар Қазақ­станның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі.

Салық кодексі қасиетті кітап емес

Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – экономиканың сапалы өсу қарқынын бәсең­детпеу. Сол үшін инфляцияны төмендетуге қатысты жұмыс­­тар қолға алынды, жаңа инвестициялық кезең бастал­ғаны жарияланды. Басқа да шешімдер қабылданды. Эконо­мика және бизнес саласы жаңа салық режиміне көшіп жатыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрлік­тірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшы­лықтың ойға қонымды, сындар­лы ұсы­ныстарын мұқият зер­делеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Салық кодексі қасиетті кітап емес.

Қоғамда өзгерістер жасаған кезде халықпен тиімді байланыс орнату аса маңызды. Азаматтардың өтініштеріне қатысты жүйелі жұмыс жүргізу халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, олардың талап-тілегіне уақтылы жауап беруге жол ашады.

Жан басына қаржыландыру жүйесі осал

Соңғы кезде маған жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетін болды. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда мен бұған қатысты өз ұстанымымды айттым. Білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландырудың қазіргі тәртібі бұрмаланған. Бұл олқылықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты құқық бұзушылықтар анықталды. Бұл түйткіл жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр.

Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржыландырудың нақты критерийлерін әзірлеу керек. Осы орай­да, орта білім беру жүйесін дамыту ісінде бизнес саласы маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн.

Жалған деректер ұсынылған, өтірік мәліметтер енгізілген

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар мен қызмет бабын асыра пайдалану жайт­тары анықталды. Мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған дерек­тер ұсынылған, өтірік мәліметтер енгізілген.

Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, ден­саулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсуде. Медицина саласын дамытуға мемлекет 2024-2025 жылдардың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді емес пе?! Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 миллиард доллар деген сөз.

Мемлекеттің білім беру және денсаулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқанын түсінген абзал.

Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлықтың қитұрқы амал-айласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтау тапсырылды. Мен Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан Қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патриотизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мемлекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді.

Алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар

Конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр. Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қортындысы да осы пайымға келіп тоғысады. Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтуда. Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ.

Жалпы бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдағы өзгерістер­ге қатысты ортақ мәміле бар. Жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсы­ныстарын ортаға салды. Негізгі пікірталас «Жаңа Парла­мент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді. Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды дер едім. 

Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын. 

Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан, мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!

Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек.

Ұсыныстардың екінші бөлігі Парламенттің негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі құзыреті туралы болды. Қазіргі Конституцияға сәйкес Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылым­дардың барлық мүшесі Парламенттің келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды. Бұған қоса, Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутат­тарына беру ұсынылды. Бұл – билік тармақтары арасын­дағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам.

Ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақ­тау тәртібі туралы болды. Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сон­дай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін артты­рады. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақ­тауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажори­тарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.

Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы кво­тасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйел­дер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағи­датының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғам­дық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол се­бепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын.

Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды. Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын.

Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы. Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ. Халық кеңесі – жаңа институт

Реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын.

Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге, Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді.

Қазақстанның Халық Кеңесі мемлекетіміздің жоғары консульта­тивтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайын­далатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.

Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиіс. Бұл қадам оның мәртебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болмақ. Бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін түсіндіріп, насихаттау жұмысымен айналысады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзы­ретіне кіреді. Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Консти­туцияның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттеледі.

Кез-келген басшы сайлануы керек

Кәсіби заңгерлер Ата заңның мәтініне қатысты пікірлерін біл­дірді. Олар Конституциямыздың кейбір тұстарын нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс бар. Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмай­тындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төр­ағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәй­кес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мем­лекет басшысы мерзімінен бұрын қыз­меттен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді.

Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс! Сонымен қатар Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек. Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақырылады. Тағы бір маңызды мәселе. Біз Ата заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.

Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек. Негізгі заңға, соның ішінде, Преамбуланың жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құруға, сондай-ақ табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты қағидаттарды енгізу керек деп санаймын. Мемлекет құрылысына қатысты осы қағидаттың бәрі – ешқашан ескірмейтін, әрдайым өзекті болып қала беретін және қайта қарауға жатпайтын мызғымас қағидаттар. Біз Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін әйгілейтін нормаларды сақтап, күшейте түсуіміз қажет. Конституциямыз заман талабына сай болуы керек.

ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды сипатқа ие болды. Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізе бастады. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық. Сондықтан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде аталып өтуі қажет. Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын.

Вице-президент институты құрылады

Ұлттық құрылтайдың бүгінгі қорытынды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол себепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым келеді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру, тиісінше оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшысы өзі белгілейді.

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;

– Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;

– Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;

– Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.

Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсеткен жөн болар еді. 

Қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз етіп отырған аппараттық құрылымның бір бөлігі және Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Президент Әкімшілігінің міндеттері мен құрылымы іс жүзіндегі қажеттілікке сәйкес реформаланады. Сіздер Вице-президент лауазымы бірқатар мемлекетте бар екенін білетін шығарсыздар. Біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді. Осы конституциялық жаңашылдық Президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдірмейтінін атап өткім келеді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді. Қазақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін.

Референдум өтеді

Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда, жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз.

Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінен

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған