Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және ел ағаларының қатысуымен Сырдария ауданында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының іргетасын қалау рәсімі өтті.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа жобаның басталуымен құттықтап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
– «Президентіміз айқындап берген экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер аясында аймағымызда нақты істерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз.
Өткен жылы тамыз айында Жетісу өңіріне арнайы жұмыс сапарымен барып, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауытымен» жан-жақты таныстық. Келіссөздер нәтижесінде серіктестіктің қолдауымен облысымызда жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыт салу жөнінде маңызды келісімге қол жетті.
Бүгін аймағымыз, оның ішінде Сырдария ауданының тұрғындары үшін аса маңызды, тарихи сәттің куәсі болуға жиналдық. Жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтін, 40 млрд.теңгенің жаңа өндіріс орнының іргетасы қалануда. Зауыт заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 550 адамдытұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Биылдан бастап жүгері егісі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып, өңіріміздің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Терең өңдеуге бағытталған жүгері өндірісін қолға алған шаруаларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Маңызды жобаны жүзеге асыруға бастамашы болып, зор үлес қосқан инвесторларға тағы да шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Зауыт құрылысының сәтті аяқталуына, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектеспін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.