Бұл референдум жай референдум болмады. Шын мәнінде елдің бірлігін, татулығын, қазақи құндылықтарды, қазіргі қоғамның сән-салтанатын көрсеткен күн болды.
Бәлкім, Наурыз мерекесін тойлауды бастаған қалың елдің қуанышы да әсер етті, әйтеуір бір өзгеше күн болды. Әсіресе ауылдарда. Той көйлегін, қазақы шапанын киіп, көше-көше болып сайлау учаскесіне келген жұрт ағыл-тегіл…
Жұрт отбасы болып қатысты. Оның да түр-түрі бар: жас отбасы, 3 ұрпақ өкілі бар отбасы, Жақаев келіндері, бір әулет келіндері, “Мерейлі отбасы” жеңімпазы деген сияқты түр-түрі танылды. Ұжым болып ұйымдасқандар да аз болмады. “Жедел жәрдем”, орман мен жануарлар дүниесін қорғау, “Семізбай” кен орны, “Мағжан и К” ұжымдары, денсаулық сақтау мен білім беру қызметкерлері, тағы да басқа Сыр бойының мерейін асырып жүрген ұжымдар, мекемелер топ-тобымен келіп, сайлауға сән берді. “Ұлағат”, “Ғибрат” әжелер ансамблінен қалыспай, әкелер ансамблі де дауыс берді.
Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:
Мемлекет басшысының қолдауымен халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартатын ірі-ірі жобалар жүзеге асуда. Мәселен, 1984-ші жылы құрылысы басталып, тоқтап қалған Жезқазған – Қызылорда жолы салынып, пайдалануға берілді. Сексеуіл – Бейнеу жобасы басталайын деп жатыр. Кеңестік кезеңнен бері ыстық су жоқ Қызылорда қаласы тұрғындары ыстық сумен қамтылды. Инвестор қаржысы есебінен үлкен жылу электр орталығы салынды.
Әрине, осының бәрін қызылордалықтар зор ризашылықпен қабылдап жатыр. Президентімізге, Үкіметке риза. Осы риза көңілмен референдумға баршасы қатысты. Әсіресе ауылдарда сайлау, референдумдар мереке болып өтеді. Қалыптасқан жағдай. Өйткені біз – қазақы өңірміз. Қызылорда қаласы тұрғындары да зор ықыласпен қатысты. Халықтың көңіл-күйі өте жоғары. Алдағы уақытта да қызылордалықтар Мемлекет басшысының барлық саяси реформаларын жоғары деңгейде қолдай береді…
Әралуан спорт сайыстарының чемпиондары да, жас спортшылар мен спорт командалары да дауыс берушілер қатарын толықтырды.
Сырдария ауданындағы 105-ке жеткен Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров атамыздың ізінен Ауған, Тәжік, тағы да басқа ҰОС-нан кейінгі соғыс ардагерлерімен қатар тыл ардагерлері де дауыс берді.
Дәл сол күні кәмелет жасына жеткендер де, жақында отау құрғандар да сайлау учаскесіне келді. Жер-жерде “Бауырсақ пати”, жәрмеңке ұйымдастырылды. Айтпақшы сайлау учаскесіне бірінші болып келгендерге арнайы сыйлық берілді. Тегін көлік қызмет көрсетті. Сайлау учаскесіне келуі үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды “Инватакси” тасымалдады. Алаңсыз келе алмайтындар үшін үйінен дауыс беру ұйымдастырылды.

Айтып, айтпай не керек, бұл референдумға шын мәнінде ел тайлы-тұяғына дейін қалмай қатысты. Әсіресе жастар… Нәтижесінде қызылордалықтар референдумға 93,04% қатысып, қатысушылар саны жөнінен өзге өңірлерден оза шықты.
Осы референдум болады дегеннен үгіт жұмысы қызды. Алдымен бес партия бірігіп, коалиция құрды. Жаңа Конституция жобасын елге түсіндірейік деген бір мүддеге бас біріктірген бесеуі бір ортадан әралуан мамандық иелерінен сөзге шешен, іске мығым жандардан қол құрап, ел арасында Конституцияны насихаттай берді. Референдум күні дауыс беруді ұйымдастыру да жөн болды. Учаскелердегі тәртіп пен тзалықтан бөлек арнайы жасалған фотозонаның өзі жұртшылықты тартып тұрды. Ең бастысы соңғы жылдардағы аймақта жүзеге асқан игілікті жобалар өз жемісін берді. Мемлекеттің, Үкіметтің қолдауын сезінген Сыр бойы халқы Мемлекет басшысының жаңа Конституция қабылдау жөніндегі бастамасын 89,97% қолдап, тағы да көш басынан көрінді.