Қала күн сайын өзгеріп келеді. Әр алуан сәулет өнерімен айшықталған, әртүрлі стильмен жаңа дизайндағы құрылыстар көптеп салынуда. Мұның бәрі мүмкін еместей болып көрінгенімен, қазір қызылордалықтар басқа қалалықтарға таңданбайтын, тамсанбайтын болды. Әрі, бұрынғыдай қол босағанда серуендеп, тамашалайтын орындарды да аңсамайды. Бәрі, өзінде бар.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық иновациялық орталығында заманауи талаптарға сай бой көтерген бұл кешен бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Орталықта бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залдары, үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек және үстел теннисі залдары қарастырылған.
Ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері бар. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.

Қаланың СПМК-70 мөлтек ауданындағы 1500 орындық жаңа мектеп құрылысының бас мердігері “Integra Construction KZ” серіктестігі құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға жақын. Ғимараттың қабырғалары толық қаланып, іші әрленуде, инженерлік жүйелері орнатылуда. Құрылысқа 11 инженер-техникалық қызметкер, 183 жұмысшы және 6 техника жұмылдырылған.
Арай мөлтек ауданындағы 1500 орындық мектептің де құрылысы қарқын алған. Бас мердігер “Абу-Сер” серіктестігі
ішкі әрлеу, есік-терезе орнату, жылу жүйелерін монтаждау және аулаға инженерлік желілерді тарту жұмыстарын атқаруда. Құрылыс басында 10 инженер, 185 жұмысшы еңбек етуде, 22 техника іске қосылған. Мектеп тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

«Қызылорда Саз М» ЖШС жаңа кірпіш зауытын орналастыру үшін өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 7 гектар жер телімі бөлінген. Бүгінде зауыт пен әкімшілік-тұрмыстық ғимараттың құрылысы аяқталып, қажетті жабдықтар толық орнатылған.
Осы кезде өндірістік жабдықтар іске қосылып, зауыт техникалық режимде жұмысын бастады. Аумақты абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары да жүргізілуде. Жақын күндері ашылу рәсімі өтеді.
Зауыттың басты ерекшелігі – өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Экологиялық жағынан да тиімді, яғни басқа кірпіш зауыттарындағыдай көмірмен күйдірмейді. Жаңа технологиялар өндірістің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Жылына 90 миллион кірпіш өндіруге есептелген кәсіпорын толық іске қосылғанда 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Сол жағалаудан жаңа стадион құрылысында шығыс және батыс трибуналардың металл конструкциялары орнатылып, қабырғалар, ішкі бөлмелер мен сыртқы витраждар қаланған. Қазіргі таңда футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылдан бері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, өңірлерде шағын өнеркәсіптік аймақтар құру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл сол жағалаудағы «Тұмар» жеке кәсіпкерлігі мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС-нің базасында шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылмақ. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 52 млн теңге.
«Тұмар» ЖК құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, 1,9 мың шаршы метр нысан аумағын абаттандыруда. Қазіргі таңда 682 шаршы метр аумаққа 7 жоба орналастырылуда. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін шағын цех, кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш бұйымдары мен жартылай фабрикаттар өндіретін екі цех іске қосылады.
«Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі де құрылыс жұмыстарын толық аяқтаған. Жалпы ауданы – 1,9 мың шаршы метр.
Шағын өнеркәсіптік парк – жалға алушы кәсіпорындардың өндірістік қызметін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған арнайы аймақ. Мұнда қажетті инфрақұрылым, инженерлік желілер, өндірістік, қойма және әкімшілік ғимараттар толық қарастырылған.

Қаладағы Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі жол құрылысының ұзындығы 2,9 шақырымды құрады. Бүгінгі күні 2,4 шақырым аумақта астыңғы қабатты тазалау және ашу жұмыстары аяқталып, 2 шақырым бөлікте тірек қабырғаларын құю жұмыстары жалғасуда. Жобаның мердігері – “Автомобиль жол басқармасы” ЖШС.