Сыр өңірінің мектеп бітіруші түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен республикада екінші жыл қатарынан үздік атанды. ҰБТ-ға қатысқан 9352 оқушының орташа балы 75,7, бұл көрсеткіш республикада 70,1.

Жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік грантты иемдену бойынша да талапкерлеріміз республикада бірінші орынға шықты. 4818 грант иегерінің орташа балы 45,4, ал республикалық көрсеткіш 29,1 болған.

Бұл туралы «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты облыстық тамыз конференциясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтты. «Жақында Мемлекет басшымыз Ақордада халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады.

Кездесуде «Білім саласындағы беделіміз артып келе жатыр. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды.

Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының жоғары деңгейін көрсетеді», – деп атап өткен болатын.

Сыр өңірінің өрендері білімге деген ұмтылыстың, нағыз еңбекқорлық пен табанды іс-әрекеттің арқасында зияткерлік жарыстарда толайым табыстарға қол жеткізуде.
Халықаралық додаларда топ жарып, республикалық олимпиадаларда үздіктер қатарынан көрінуде.

Осы сәтті пайдаланып, барша Сыр ұстаздарына шынайы алғысымды білдіремін.
Келешекте Сыр өңірінің жеткіншектері отандық ғылымда инновациялық идеяларды дамытып, егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосады.

Біз олардың болашағына үлкен үміт артып, жарқын жетістікке жететініне сенеміз.
Облыстық білім басқармасына экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, ізденімпаз, зияткер шәкірттерді қаржылай қолдау бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын»-, деді аймақ басшысы.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған