Осы уақытта Қызылорда қаласындағы Президент саябағы қайта жаңғыртудан өтуде. Саябақта жыл он екі ай үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагерінің құрылысы қарқын алған.
Бұл жерде балалардың дария жағалауында серуендеуіне, таза ауамен тыныстауына жағдай жасалады. Лагерь жеткіншектердің бойына күш-қуат жинайтын, көңілін сергітіп, білімін шыңдайтын ерекше орын болмақ.
Оған қоса, саябақта Ботаникалық білім беру орталығының (қысқы бақ) ғимараты салынуда.
Бақ ішінде Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желектер егіледі.

Бұл жас өрендердің ой-өрісін кеңейтіп, өсімдіктердің экожүйедегі маңызын түсінуіне мүмкіндік береді. Жасыл екпелерді өсірудің ерекшеліктерін, табиғатты аялауды тәжірибе жүзінде үйренеді.

Бұл туралы «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты облыстық тамыз мәслихатында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.

«Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына лагерьді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырамын.
Балаларымыздың бос уақытын жанға жайлы саялы орында, қауіпсіз ортада тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында бірнеше саябақ, аллеялар мен скверлер салынып, қайта жаңғыртудан өтуде»,- деді облыс әкімі.

Айта кетейік, балалардың үздіксіз білім алуы үшін өңірдегі «Қамбаш», «Талдысу» лагерьлері жыл он екі ай жұмыс істейді. Қажетті қаржысы облыстық бюджеттен қаралған.

Оқушылар лагерь базасында республикалық, халықаралық олимпиадаларға дайындалып, үздік ұстаздардың тәлімін алып, дәрісін тыңдайды.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған