Бүгін Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне және 9 Мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты мерекелік шара өтті. Онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев майдангерлер мен сарбаздарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.
“Президентіміз, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, әскери қызметке бүкіл ғұмырын арнаған отан сүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән береді. Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу», – деп атап өтті.

Еліміздің аумақтық тұтастығын сақтауда, ұлттық мүддесін қорғауда антына адал, сертіне берік айбынды әскеріміз өзіне жүктелген қастерлі міндетін мүлтіксіз орындауда.
Құқық қорғау органдары қоғамда заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Құтқарушылар халқымыздың амандығы үшін аянбай тер төгуде. Еліміздің армиясы заманауи қарумен, озық техникамен қамтамасыз етілген. Мемлекет тарапынан әскерилерді, құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қолдауға баса көңіл бөлінген. Жалпыұлттық бірлік пен саяси тұрақтылықтың нәтижесінде ел сырты жаудан, іші даудан аман болып, мемлекетіміз орнықты дамып келеді. Тәуелсіздігіміз бен байтақ жерімізді, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің мәртебесі асқақтай берсін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!“ -деді Н.Нәлібаев.
Рәсімде тыл және сала ардагерлері, мамандары «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кету керек, мереке қарсаңында өңіріміздегі Ұлы Отан соғысының 2 ардагері, 1700 тыл еңбеккері Президент Жарлығымен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, 5 мамыр күні Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік наградалар, жоғары әскери атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсімінде жерлесіміз Рахымов Арман Тастемірұлына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің генерал-майоры арнаулы атағын берді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі