Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары мен депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы жиналған қауымды Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып, өз жемісін беруде.

Саяси реформалардың басты мақсаты – еліміздегі басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, «Әділетті Қазақстанды» құру жолына қадам басудамыз

«Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы арқылы билік пен халық арасындағы өзара сенімділік артуда.

Облысымыздан сайланған Парламент депутаттары да еліміздің өкілді билік жүйесінде өзіндік із қалдырып келеді.

Конституциялық жаңғыру аясында жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесі де дамуда. Мұның бәрі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға тікелей ықпал етуде.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында: «Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады.

Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады» – деп атап өтті.

Конституцияда көрсетілгендей, жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүргізетіні белгілі.

Жергілікті жердегі басқару жүйесінде мәслихаттардың алар орны да артып келеді. Сыр өңірінде тәуелсіз еліміздің мәслихаттар жүйесінде үлгілі жұмыс жасаған, жасап жүрген депуттарымызды халық жақсы біледі.

Алғашқы шақырылымдарда облыстық мәслихат жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, Министрлер Кабинетінің қаулыларын, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының орындалуын жүзеге асыруға қомақты үлес қосты.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында облыстық мәслихат экономиканы әртараптандыруға, оны жаңаша даму жолына түсіре отырып, ел дамуының жаңа бағыттарын айқындауға белсенді атсалысты. Ең бастысы, өз сайлаушыларының ел болашағына деген сенімін арттырды.

Аймағымызда саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс,   өзара құрмет, ортақ мүдде жолында бірге жұмыс жасау жергілікті мәслихат қызметінің басым бағытына айналды.

Президентіміздің бастамасымен 2022 жылдан бері өткен бес ірі саяси науқандарда жергілікті мәслихат депутаттары белсенді жұмыс жасағанын ерекше атап өтуіміз қажет.

Бекем бірлігіміздің, тату тірлігіміздің, елдің ауызбіршілігі негізінде, саяси науқандарда Сыр өңірі алдыңғы қатардан көрінді. Бар ғұмырын туған жерінің гүлденуіне, дамуына арнап, ел алдында абыройы түспей өмірден өткен халық қалаулыларының жарқын істері біздің ойымызда ұзақ сақталары анық.

Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында негізг ібасымдықты мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыруға бағыттады.

Саяси реформалар аясында, соңғы үш жылда ауыл әкімдерін жергілікті халық сайласа, келесі жылдан бастап, қалалар мен аудан әкімдерін тікелей сайлауға көшеміз. Бұл бағытта аймақта ауыл әкімдерінің сайлауы өңірімізде нәтижелі жүргізілуде. Екі аудан әкімі, 145 қала, кент және ауылдық округ әкімдері сайланды.

Облыс әкіміне балама кандидаттардың ішінен таңдау жасап, келісім беру құқығы депутаттарға берілді.

Енді екі жақтың да жауапкершілігі артып келеді.

Мәслихаттар өз құзіретіндегі мәселелер бойынша шешімдер, ал әкімдер – тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында орындалуға міндетті шешімдер мен өкімдер қабылдайды.

Айналып келгенде екеуінің мақсаты жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Бұл бағытта бірлескен жұмыстардың нәтижесін халық көруде. Жұмыстың жетістігі де абыройы да ортақ.

Менің үнемі айтатыным, барлық жетістіктерге елдің бірлігі, Президенттің қамқорлығы, Үкіметтің қолдауы арқа[1]сында жетудеміз.

Береке-бірлігіміздің бастауы өзара сенім деп білеміз. Өзара келісім негізінде соңғы екі жарым жылда әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеміз, – деп сөз бастаған Н.Машбекұлы одан әрі қарай аймақ жетістігіне тоқталды.

– Биылғы жылдың он айлық қорытындысы бойынша да көш басындамыз.

Бүгінгі күні Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облысымыздың бюджеті 744 млрд.теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд. теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады.

Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.

Биылғы жылы аймақта 43 млрд. теңгеден астам қаржыға ұзындығы 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Соңғы үш жылда 1 мың 271 шақырым жол қайта жөндеуден және жаңғыртудан өтті.

Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады.

Электр энергиямен қамту бағытында 2022 жылдан бастап 20 млрд. теңгеге 60 жоба жүзеге асырылды.

Биылдың өзінде 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде, электр желілерінің тозу деңгейі 62 пайызға төмендейді.

Бүгінгі күні облыс халқын табиғи газбен қамту деңгейі 75 пайызды құрайды.

Өңірдегі барлық қалалар мен аудан орталықтары және 29 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылған.

Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд. 500 млн.теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға 306 шақырым газ желілері салынды. Бұл 20 мыңнан астам халқы бар 17 елді мекенді газға қосуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өңірдің газбен қамту көрсеткішін 78 пайызға жеткіземіз.

Қазіргі таңда елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

2022 жылдан бастап облыс аумағында жалпы құны 16 млрд. 800 млн теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде, халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі жыл аяғына дейін 98,6 пайызға дейін жетеді.

2025 жылы ауыз сумен 100пайыз қамтамасыз етеміз.

Құрылыс саласында да айтарлықтай даму бар. Облыс бойынша биылғы жылы 133 млрд. 400 млн теңгеге 187 жобаның құрылысы жүргізілуде.

Мемлекеттік қолдау мен Ұлттық жобалар аясында биылғы жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен өңірімізде 863 мың 900 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

2022-2023 жылдары 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.

Биылғы жылы мемлекеттік бюджеттен бөлінген 37 млрд. 100 млн.теңгеге 3 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріліп, 13 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін табады.

Жыл басынан бері 1000 орындық «Өнер орталығы», заманауи үлгідегі жаңа автовокзал ғимараттары пайдалануға берілді.

Президентіміздің тапсырмасымен салынған Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.

Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында құны 215 млрд. теңгені құрайтын қуаттылығы 240 мегават жаңа жылу электрорталығының құрылысы қарқынды жүруде. Орталық келесі жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Президентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жоба құны 26 млрд.200 млн.теңге. Келесі жылғы жылу беру маусымында қаламыз толық ыстық сумен қамтамасыз етіледі.

Биыл «Білімді қолдау қоры» есебінен құны 7 млрд. теңгеге 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аймағымызда 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде..

Ұстаздар күні қарсаңында облыс орталығында республикада алғашқы болып 900 орындық жайлы мектепті пайдалануға бердік.

Облыстағы барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз интернетпен және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылған.

Облыс орталығында құны 11 млрд. теңгеге «Шығармашылық академиясы» салынуда. Келер жылы ел игілігіне беріледі.

Өңірімізде 2022-2024 жылдары құны 58 млрд. 300 млн. теңге құрайтын 45 денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Қызылорда қаласында 36 млрд.400 млн. теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде.

Құны 2 млрд. 900 млн теңгені құрайтын замануи Қан орталығы пайдалануға берілді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 27 нысан салынуда.

Өткен жылы елді мекендерде 16 жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Қараша айында 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі.

Құны 20,0 млрд. теңгеге 10 мың орындық Орталық стадионның құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы маусым айында ел игілігіне табыстаймыз.

Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынады.

Жақында Үстел теннисі орталығы мен Оқушылар сарайы ашылып, ел игілігіне табысталды.

Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 11млрд. 500 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – деген әкім сөзі зал толы жиналғандар көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатқаны даусыз. Расында да, соңғы жылдар ішінде Қызылорда облысы қайсыбір салада болмасын еліміздегі өңірлер арасында көшбасында келеді.

Сөз соңында облыс әкімі Н.Нәлібаев үлкенді-кішілі мәслихат депутаттарына жүктеліп отырған жауапкершілікке де тоқталды.

– Қазір әлемдік қауымдастық турбулентті заманды басынан өткізуде.

Осындай жағдайда елдің ішкі бірлігіне мұқият болуымыз керек.

Күнделікті мәселелер біртіндеп, кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Әрине бәрін бірдей шешу мүмкін емес, ресурсымыз да шектеулі.

Біз өзекті мәселелерді білеміз. Оны кездесулерде, жеке қабылдауларда тұрғындар бізге де, Сіздерге де үнемі жеткізіп келеді.

Ішкі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың еңбекқорлық әлеуетін күшейту, халықтың әл-ауқатын арттыру – біздің парызымыз.

Қаншалықты күрделі болса да, барлық мәселені өзара келісіп, ақылдасып шеше беретін боламыз.

Әр ісімізді елге деген адал ниетпен,адал еңбекпенатқара берейік.

Әділетті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет – деп, сөзін қорытқан аймақ басшысы барлық депутаттарды уақыт талабына орай алда тұрған міндеттерді бірге іске асыруға шақырды.

Жиын соңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, ел мүддесі жолында атқарған еңбегі үшін қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары Парламент Сенаты төрағасының Алғыс хатымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған