Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесіп, Қызылорда облысында сантехникалық зауыт салу жобасын жүзеге асыру, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Кездесуге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та қатысты.
Үкімет басшысы өнеркәсіптік өндірісті локализациялау экономиканы құрылымдық нығайтудағы басым міндет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі басым бағыты аясында отандық өндірісті қолдауға және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға бағытталған импортты алмастыру саясаты белсенді дамып келеді.
Қазақстан мен Испания – стратегиялық серіктестер. Сондықтан біз компанияны сенімді серіктес ретінде көреміз және индустриялық даму үшін жоғары технологиялық өндіріс тартуды құптаймыз. Үкімет жобаның сәтті жүзеге асуы үшін қажетті көмек көрсетеді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында орналасады. Осы мақсат үшін жер телімі белгіленді. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруға бағытталған. Жоба құны 70 миллион еуро, 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріске қажетті негізгі бес компоненттің үшеуі Қызылорда облысының өзінен қамтамасыз етіледі.
Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рока компания Қазақстанды өңірдегі бизнесті дамытудың стратегиялық алаңы ретінде қарастыратынын атап өтті. Бүгінде Roca Group саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Компанияның 78 зауыты, 20 мыңнан астам қызметкері бар.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы жұмыс ауқымын кеңейту үшін қисынды таңдау. Біз елді бүкіл аймақ үшін тиімді жұмыс істей алатын өнеркәсіптік және логистикалық хаб ретінде қарастырамыз. Мұнда өндірісті дамытуға қолайлы жағдай жасалған және Қызылорда облысындағы жоба жергілікті экономиканың дамуына үлес қосып, халықаралық стратегиямыздың маңызды бөлігіне айналатынына сенімдіміз», – деді Сантьяго де Гомар Рока.
Кездесуде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Roca Group инвестициялық жобаны жүзеге асыру қағидаттары туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Бұл құжат – тараптардың санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін зауыт жобасын бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенінің ресми дәлелі.
Roca Group компаниясымен ынтымақтастық былтырғы желтоқсан айында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Испанияға жұмыс сапары барысында басталған болатын. Содан бері инвестормен бірлесіп, бірқатар нәтижелі жұмыс жүргізілді.
«Мемлекет басшымыздың инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында біз шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Roca Group – санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Бүгін Қызылорда облысы үшін маңызды қадам жасалды, біз компаниямен өндірісті іске қосу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойдық. Аталған зауыт Орталық Азиядағы ірі жобалардың бірі болмақ. Ол ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – инвесторға қолайлы жағдай жасап, жобаны сапалы әрі уақытылы іске асыру», – деді Н.Нәлібаев.
Бұл бастама өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырумен қатар, жаңа өндірістер құру арқылы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді.