2025 жылдың қорытындысы бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жеке және заңды тұлғаларға 29 913 қызмет көрсетіпті. Оның ішінде 9 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 8 251 қызмет ұсынылған.
Жер қатынастары саласында 3070 қызмет көрсетіліп, азаматтар мен ұйымдардан түскен 16030 өтінішке тиісті жауаптар берілді. 1 674 нысан бойынша меншік иелерінің пайдалануға қабылдау актілері есепке алынды, пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны 1 350, жалпы ауданы 470 819,2 ш.м. Әлеуметтік, коммерциялық және инфрақұрылымдық бағыттағы 888 нысан қаралып, 569-ы есепке алынды. 2025 жылдың 9 айында бюджетке 91,2 млн. теңге түсті. Сыртқы келбеті талапқа сай емес жарнамаларды реттеу үшін 340 ескерту хат берілді.
Қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Қала аумағы 172 гектарға ұлғайып, жалпы шекарасы 20 700 гектар болып белгіленді. Жобаның қорытынды кезеңі мемлекеттік сараптама талаптарына байланысты 2026 жылға жоспарланған.
2026 жылға қойылған негізгі міндеттер қаланың Бас жоспарын және елді мекендердің даму схемаларын бекіту. Құрылыс нормаларының қатаң сақталуын бақылау. Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін, аллеялар мен көшелерді жаңғырту. Құрылыс нысандарына тұрақты мониторинг жүргізу. Жер телімін алу бойынша бұрынғы жылдардағы кезекті өтініштерді толық орындау. Қаланың сәулеттік келбетін дамыту, заңдылықты қамтамасыз ету және тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
Қаланы көркейту бағытындағы жұмыстар қаланың сәулеттік келбетін жақсарту үшін 40-қа жуық эскиздік жоба әзірленді. Оның ішінде аллеялар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту, жағалау аумағын дамыту, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым объектілерін әрлеу жобалары бар.
Өткен жылы заңсыз құрылысқа қарсы бақылау мониторинг нәтижесінде рұқсат құжаттарынсыз салынған 298 кәсіпкерлік нысан анықталып, заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданды. Жалпы сомасы 44,1 млн. теңге айыппұл салынды.
Қала аумағында құрылыс нормаларын сақтау мақсатында тұрақты рейдтік жұмыстар жүргізілуде.