Қызылордадағы «Өнер орталығында» «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 – Қызылорда» халықаралық форумының ашылу рәсімі өтті.
Халықаралық форумға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat Ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдері, еліміздің барлық өңірінен келген облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев форумға қатысушыларға сәттілік тілеп, аймақта атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті.
– «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелестік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс», – деген болатын.
Бүгінгі урбанизация дәуірінде қалаларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі. Қызылорда – дәстүрлі аграрлы аймақ! Қызылорда – мегаполис болмағанымен, қарқынды урбанизация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасаған қала. Қала халқының үлесі өсіп, өңір тұрғындарының шамамен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады.
Қызылорда облысы Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін, нақты стратегияларға, аймағымыздың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда облыс бюджеті 750 млрд. теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы 135 млрд. теңгеден астам инвестиция құйып, құрылыстың 80%-ы аяқталды. Орталық қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Катармен үкіметаралық келісім негізінде оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд. теңге болатын бу-газ қондырғысы салынады. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады.
Бүгінгі форум – қалаларды тұрғындарға қолайлы, климатқа төзімді, инклюзивті орталықтарға айналдыру жолындағы бірлескен бастамаларымызды нығайтатын алаң. Біз үшін форум – тек талқылау емес, нақты әріптестікке бастайтын жол. Осы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге серпін беріп, қалалардың болашағын қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттарға жетуде маңызды қадамдар жасауға ықпал етеді деп сенеміз»,– деді Н.Нәлібаев.
Форумның аясында алғашқы тақырыптық сессия ұйымдастырылды. «Жаңа қалалық күн тәртібі және Қазақстанның урбанистік көзқарасын қалыптастыру» тақырыбындағы пленарлық отырыс жоғары деңгейде өтіп, Қазақстандағы және шетелдегі урбанистика саласының үздік мамандары бір алаңда бас қосты.
Сессия модераторы – UN-Habitat ұйымының аймақаралық кеңесшісі Катя Шефер. Ол өз сөзінде жаһандық урбанистік трендтер мен Қазақстандағы тұрақты қала дамуы арасындағы үйлесімділікті атап өтіп, форумның ел келешегі үшін маңызына тоқталды.
Алғашқы баяндаманы UN-Habitat атқарушы директорының міндетін атқарушы әрі жаһандық шешімдер бөлімінің директоры Рафаэль Тутс жасады. Ол қала кеңістігін басқарудағы заманауи тәсілдер, инклюзивтілік пен климаттық бейімделу, сондай-ақ табиғат пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті сақтау туралы жан-жақты пікір білдірді.
Сессия барысында түрлі елдерден және салалық ұйымдардан келген сарапшылар мен мамандар урбанизацияның негізгі бағыттары, әлеуметтік әділеттілік, инфрақұрылымдық даму және мәдениетке негізделген қалалық жоспарлау мәселелерін талқылады.
Спикерлер арасында сөз алған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев өңірдегі урбанистік даму стратегиясын таныстырып, қала инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы нақты бастамалармен бөлісті. Сонымен қатар жергілікті билік форумда ұсынылған идеяларды өңірде жүзеге асыруға толық дайын екендігін жеткізді.
Қазіргі урбанистика ұғымы бұрынғыдай тек құрылыс немесе көлік инфрақұрылымы шеңберінде қарастырылмайды. Бұл сала бүгінде өмір сүру сапасын арттыру, табиғи орта мен адам арасындағы байланысты сақтай отырып, орнықты әрі инклюзивті қалалық кеңістіктер қалыптастыруды көздейді. Қазақстанда мұндай үрдістер тек ірі мегаполистермен шектелмей, өңірлік деңгейде де белсенді дамып келеді.
Осы бағыттағы талқылаудың маңызды кезеңі форум аясында «Қазақстанның қалалық күн тәртібін өңірлерде іске асыру» атты екінші тақырыптық сессия болды. Бұл алаңда мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйым мамандары, урбанистика саласындағы сарапшылар мен инженерлер бас қосып, өңірлердегі урбан дамудың өзекті мәселелерін талқылады.
Сессияда қалалық саясатты деректерге сүйене отырып жүргізу, инфрақұрылымдық жобаларды жергілікті ерекшеліктерге сай жоспарлау, тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалану арқылы өңірлік урбан дамуды жеделдетудің жолдары сөз болды.
Сарапшылар урбан жобалауда адамға ыңғайлы, инклюзивті және мәдени ерекшеліктерді сақтаған орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Инженерлік желілер мен жер телімдеріне қатысты цифрлық кадастрлық жүйелерді енгізу – шешім қабылдаудың негізі ретінде қарастырылды.
Климаттың өзгеруі бүгінде жаһандық күн тәртібіндегі ең өткір мәселелердің бірі ретінде танылып отыр. Әсіресе құрғақ климаттық белдеуде орналасқан Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде бұл өзгерістердің әсері күннен-күнге күшейіп келеді. Шөлейттену, температураның тұрақты өсуі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және экожүйелік тепе-теңдіктің бұзылуы – бұл аймақтардың тұрақты дамуына тікелей қауіп төндіруде.
Осыған орай форум аясында үшінші тақырыптық сессия – климаттық өзгерістер жағдайындағы өңірлік урбанизацияның жаңа бағыттарын қарастыруға арналған маңызды пікір алаңына айналды. «Қазақстанның құрғақ аймақтарындағы климат және қалалық тұрақтылық» тақырыбындағы жиынға халықаралық ұйым өкілдері, салалық сарапшылар, экология мен сәулет, инфрақұрылым саласындағы мамандар қатысты.
Спикерлер өңірде соңғы жылдары температураның айтарлықтай көтерілуін атап өтіп, климаттық болжамдарға сүйене отырып әрекет ететін жүйелерді қалыптастырудың маңызын жеткізді. Су ресурстарын әділ әрі тиімді басқару – құрғақ аймақтардағы басты міндеттердің бірі екенін айтып, агросектор мен қалалар арасындағы су үлесін қайта қарау қажеттігін тілге тиек етті. Арал маңы жағдайын мысалға ала отырып, экожүйеге бейімделген жер пайдалану мен егіншілік тәсілдерінің өзектілігін көрсетті. Урбан даму да осындай экологиялық шындықпен үндесе отырып жүруі тиіс екенін жеткізді. Климаттық жағдайларға бейімделген сәулеттік шешімдер – келешек қалаларының іргетасы болуы керек екенін айтып, көлеңкелі аймақтар, желдету жүйелері сынды пассив шешімдерді қайта қарастыруды ұсынды. Көміртегі бірліктері арқылы қаржыландырылатын жасыл жобалар мен табиғи шешімдер қалалар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты. Инновациялық экологиялық жобаларды урбан кеңістіктерге енгізу – қазіргі заман талабы.
«Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 – Қызылорда» форумының қорытынды пленарлық сессиясына Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat Ұйымы, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы форумның маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға алғысын білдірді.
– «Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы қалалардың өркендеуімен тікелей байланысты. Ал, оған әсер ететін бірден-бір фактор – урбандалу процесі. Тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыру, жайлы кеңістік қалыптастыру, экологиялық таза орта құру, инфрақұрылымды тұрақты жаңғырту, қалаларды жаңа технологиялардың көмегімен басқару – біздің алдымыздағы маңызды міндеттер. Бұл ретте тиімді басқару мен дұрыс жобалаудың нәтижесінде ғана тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізе аламыз.
Бүгінгі форум – өңірлердің тұрақты дамуына оң серпін берудегі, урбанистика саласын жаңа деңгейге шығарудағы, ортақ мақсаттарға қол жеткізудегі маңызды қадам. Форумда айтылған тың идеялар мен мазмұнды ұсыныс-пікірлер алдағы жұмыс барысында тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.
Бүгінгі форумның бас демеушісі «Казпетрол Групп» компаниясына зор алғысымызды білдіреміз.
Тәуелсіз Қазақстанның кемел келешегі жолындағы әрбір бастамаларыңыз жемісті, қызметтеріңіз нәтижелі болсын!Егемен елімізді бәсекеге қабілетті етуде, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруда Президентіміздің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындап, халықтың зор құрметіне бөлене бергейсіздер! Ел іргесі берік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!»,- деді Н.Нәлібаев.
Қорытынды сессияда Экология және табиғи ресурстар министрі, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі өз пікірлерін ортаға салды. UN-Habitat ұйымының атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс қорытынды сөз сөйледі.
Соңында Қызылорда облысы мен UN-Habitat ұйымы арасында декларацияға қол қою рәсімі өтті.