Биылғы жылдың сәуір айының 25-інде Парламент Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлау өтеді. Бұл жолы ол орынға ұмтылушы үш үміткер. Бұған дейін Парламенттің жоғарғы төрінде Қызылордадан талай адам отырды. Бұрынғыны айтпағанда, облыста 2014 жылғы сайлауда 6 кандидат, 2017 және 2020 жылдарғы сайлауларда 5 кандидаттан сенатор болуға ниет білдірген. Қызық болғанда, 2023 жылғы қаңтарда өткен сайлауға әу баста 8 кандидат депутаттыққа ұсынылып, тіркеуден 7-еуі өткен еді, жеме-жемге келгенде 3-еуі ғана қалғаны белгілі. Сол жылғы додада Руслан Рүстемовтің мерейі үстем болғаны бар. Асыра мақтағанымыз емес, сол жылдары, оған дейін де Сенат төрінде отырған депутаттардың ішінде арасында ұлттық мемлекеттік мүдде жолында қажырлы қызмет еткен ұлтжанды азаматтар аз болмады.
Шығып қалған депутат дегенде, бұл орын кезінде медициналық колледжді, денсаулық басқармасын басқарған, партия төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары да болған Ақмарал Әлназароваға тиесілі еді. А.Шәріпбайқызы 2020 жылы 12 тамызда басым дауыспен Қызылорда облысынан сенат депутаты болып сайланған еді. Осы парламент төрінде төрт жылдай отырған Ақмарал Әлназарова биылғы 7 ақпанда мемлекет басшысының жарлығымен Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.
Енді оның орнына сенатор болуға үміткер үш кандидат туралы айтсақ. Бірі облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, екіншісі облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, үшіншісі Қызылорда Ашық университетінің бірінші проректоры Абайбек Жүнісов. Бір қызығы, кандидаттардың барлығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған, үшеуі де «AMANAT» партиясының мүшесі.
Кандидаттардың өмірбаянына көз жүгіртіп өтсек.
Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы 1967 жылы 10 шілдеде Қызылорда облысы, Ж. Махамбетов ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын «тарих және француз тілі» мамандығы бойынша бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
Еңбек жолын 1991 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы Амангелді атындағы №139 мектеп мұғалімі болып бастаған.
1994 жылдың наурыз айында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «мемлекет және құқық теориясы» кафедрасында лаборант. 1994-2002 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының ізденуші-оқытушы, оқытушы, аға оқытушы. 2002-2003 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының меңгерушісі. 2003-2006 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы колледж директоры. 2006-2007 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері. 2007 жылы маусым-қараша аралығында «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары. 2008 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры. 2013 жылдың шілде айынан Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы, басқарма басшысы. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 2016 жылғы 20 наурызда Қызылорда облыстық мәслихатының VI шақырылым депутаты, 24 наурыздан бастап Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы. 2019-2021 жылдар аралығында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. 2021 жылдың қаңтарынан Қызылорда облыстық мәслихатының VII шақырылым депутаты, хатшысы. 2022 жылдан бастап «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы.
2023 жылдың наурыз айынан бастап Қызылорда облыстық мәслихатының VIII шақырылым депутаты, төрағасы болып сайланды.
«Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.
«AMANAT» партиясының мүшесі.
Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы 1982 жылдың 8 қаңтарында туған.
2005 жылы Қызылорда гуманитарлық университетінің қаржы және несие, 2009 жылы Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінің заңтану мамандықтары бойынша бітірген.
2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі және АҚШ-тың Каролина штатының ДЮК университетінің «Саясаттану» мамандығы бойынша әлеуметтік білім магистрі академиялық дәрежесі берілген.
Еңбек жолын 2006 қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы болып бастаған. 2007 – 2008 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жетекші, бас мамандары, 2008 – 2012 жылдары қала әкімі аппаратының ұйымдастыру – инспекторлық бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, бөлім басшысы, 2012 – 2014 жылдары Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, 2014 – 2015 жылдары облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы, 2015-2018 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігінің аппарат басшысы, 2019-2020 жылдары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.
2020-2022 жылдар аралығында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2022 жылдың 12 қыркүйегінен – 2023 жылдың 20 қаңтарына дейін қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
2023 жылдың 20 қаңтарынан бастап басқарма басшысы қызметін атқарып келеді.
Жүнісов Абайбек Талғатұлы өзінің еңбек жолын 1995 – 2000 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқытушы қызметінен бастады. 2000-2002 жылдары «Мелиорация және гидроэкология» кафедрасы аға оқытушы. 2002-2003 жылдары оқу-әдістемелік бөлімінің бас әдіскері. 2003-2004 жылдары. оқу процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 2004 – 2005 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректоры кеңесшісі. 2005 2007 жылдар аралығы оқу – әдістемелік басқарма басшысы. 2007-2008 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметін атқарды.
2008-2010 жылдары Болашақ университетінің ректоры. 2010-2011 оқу жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры. 2011-2018 оқу ісі жөніндегі проректор-бірінші проректоры, 2019 жылдан бастап осы уақыт аралығына дейін Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымын атқарды. Бүгінгі таңда Қызылорда Ашық Университетінің бірінші проректоры қызметін атқарып жүр.
8-сәуірден бері үмітті үшеу таңдаушылардың, яғни тиісті аудан, қаладан сайланған облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттарымен кездесулер өткізіп жүр. Кездесу барысында кандидаттар таңдаушыларды өз сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, сұрақтарына жауап берді. Әріптестері, яғни жергілікті мәслихат депутаттары кімді таңдайды, сенатордың «жылы орындығында» кім отырады, оны 25 сәуірде білетін боламыз. Үшеудің үкілісінің оқ бойы озып шығатынына төрелікті уақыт-патшаның құзырына, үлкенді-кішілі мәслихат депутаттарының таңдауын қалдырайық.
Мұхаммедшах Маратұлы