2022 жылдың 16 мамырындағы ресми ақпарат бойынша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Болат Өтемұратов қорының өкілдерімен кездесті.

Жиында Қор өкілдері Қорқыт ата әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының жобасын ұсынды. «Верный Капитал» тобы жүзеге асырып жатқан жобаның құны шамамен 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан қаланың коммуналдық меншігіне тегін беріледі.

«Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспановтың айтуынша құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың ақпанында бастау жоспарлануда, ал жаңа терминал 2024 жылдың қыркүйегінде алғашқы жолаушыларды қабылдай алады.

 – Верный Капиталдың әлеуметтік маңызы бар нысандар мен қоғамдық орындарды жобалау мен салуда үлкен тәжірибесі бар. Жаңа әуежай терминалы үздік халықаралық тәжірибеге сай болады және бүкіл өңірдің дамуына серпін береді, – деді Е.Оспанов.

Шыныдан жасалған витражды қасбеттері бар екі қабатты терминалдың жалпы ауданы 7 500 шаршы метрді құрайды. Халықаралық және ішкі ұшу аймақтары сәйкесінше 130 және 160 қонақты қабылдай алады. Терминалда телескопиялық өтпе жол, эскалаторлар мен лифттер, жүктерді тапсыру мен өңдеудің автоматтандырылған жүйесі, транзиттік жолаушыларға арналған зал, CIP залы қарастырылған. Жаңа ғимаратта өзін-өзі тіркеу пункттері, намазханалар, Duty Free аймағы, сондай-ақ шекара және кеден қызметтері, фитосанитарлық және ветеринария, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері мен желілік полиция бөлімшелері үшін мамандандырылған орындар ашылады. Құрылыста халықаралық брендтердің жабдықтары, технологиялары және жобалық материалдары пайдаланылады.

Облыс әкімі «Болат Өтемұратов қорының» Сыр өңіріндегі бірқатар әлеуметтік жобалар мен маңызды бастамаларға қолдау білдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыруына қосқан еңбегін атап өтіп, алғысын жеткізді.

– «Әуежай – аймақтың негізгі қақпасы, бетке ұстар нысандарымыздың бірі. Қаламызға ұшып келген қонақтардың көзқарасы әуежайдың сырт келбетіне, жайлылығы мен қызмет көрсету сапасына қарап қалыптасады. Жаңа, заманауи әуежайдың терминалын салу – өте өзекті әрі халық күткен шешім. Барша облыс тұрғындары атынан Болат Өтемұратов Қорына Қызылорда облысының әуе көлігі кешенін дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін алғысымды білдіремін» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңартылған жолаушылар әуежайының жобасы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) өзекті стандарттарына сәйкес келеді. Оның авторы – Нидерланд, Ресей, Түркия және Парсы шығанағы елдеріндегі әуежайларды жобалауда 20 жылдық тәжірибесі бар «GMW Mimarlic» түрік жобалық компаниясы.

***

Енді 2023-ші жылдың 15 наурызындағы тағы да бір ресми ақпаратқа зер салсақ, дәл осы күні «Қызылордада жаңа әуежайдың іргетасы қаланды».

Осы күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге жаңа әуежайдың іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жерлестерін береке мен бірлікке бастайтын «Көрісу күні» – Амал мерекесімен құттықтаған.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр еліне деген қолдауымен аймақта берекелі істер атқарылуда. Облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын айшықтай түсетін бірқатар зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, әлеуметтік нысандарды салу сәтті жүзеге асуда. Өздеріңізге белгілі, әуе қатынасы – өзінің ерекшелігімен үлкен сұранысқа ие, серпінді дамып келе жатқан саланың бірі. Жолаушылар және жүк ағымын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту үшін әуежайдың жаңа терминалын салу жөнінде шешім қабылданып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа терминал Болат Өтемұратов қорының қаржысы есебінен салынуда.

Әкімдік әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жетілдіріп, терминал аумағын абаттандыратын болады. Жаңа терминалда жолаушыларға халықаралық стандарт талаптарына сай барлық жағдай қарастырылған. Аталған жоба өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Әуе көлігі қызметін халықаралық деңгейге жеткізуге, авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге, жаңа әуе бағыттарының ашылуына мүмкіндік артады. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ежелгі Сыр жеріндегі заманауи әуе айлағы әрі Қызылорданы көріктендіре түсетін тағы бір айтулы нысан болатынына сенімдіміз», – депті сол сәтте.

Іс-шара барысында қоғам қайраткері, Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандары және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Биғали Қаюпов жерлестерін жаңа нысанның құрылысы басталуымен құттықтаған. Қоғам қайраткері, Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Ибрагим Әбибуллаев жұртшылыққа бата берген.

Жаңа әуежай ғимаратының жалпы аумағы 7,5 мың шаршы метрден астам, жалпы құны 31 млн. АҚШ долларын құрайды. Нысан пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіштері бірнеше есе артпақ. Қазір жылына 1400 рейс орындалса, 2025 жылға қарай рейс саны 3000-ға жетеді деп күтілуде. Тасымалданған жолаушы саны 260 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғаяды. Ал, жүк тасымалы 150 тоннадан 300 тоннаға дейін артады деп межеленуде.

Құрылыс кезінде 600-ден астам адам жұмыспен қамтылады, аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады, – деп, журналистер сүйіншілепті.

Арада 1 жыл 7 ай өткенде “Қорқыт Ата” әуежайының жаңа терминалы ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов әуежайдың терминалының ашылуына қатысты.

Премьер-Министр Олжас Абайұлы Бектенов:

– Мен Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлеріңізге арнайы келіп тұрмын. Бәріміз көптен күткен сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Бүкіл ғарыш әлемінің қақпасы орналасқан жерде жаңа терминал есігін айқара ашып отыр. Бұл облыс жұртшылығы ғана емес еліміз үшін де маңызы зор оқиға. Баршаңызды осы қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Сыр еліне деген ықыласы ерекше. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы терминал салынып жатқанда да арнайы келіп, халықаралық әуежайдың стандарттарға сай болу керектігін қатаң тапсырған болатын. Көріп отырғанымыздай 2 жыл уақыт ішінде заманауи үлгідегі жайлы көрікті терминал бой көтерді.Құрылыс жұмыстарына атсалысқан барша азамттарға Үкімет атынан алғысымды айтқым келеді.Ұшақпен сапарлап келген әрбір қонақ алдымен әуежайға табан тірейді. Халқымызға тән қазақы қонақжай мінез әуелі осы әуежайдан көрінеді. Сондықтан өңірдегі бас әуе қақпасының заман талаптарына сай болуы аса маңызды мәселе. Өңірде жаңадан ішкі және халықаралық рейстердің ашылуына мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде осында келіп, кететін отандық және шетелдік туристердің санын ұлғайтуға жол ашады. Ал тамыры тереңде жатқан Сыр елі Қорқыт бабадан бастап жер кіндігі Байқоңырға дейін туристер қызығатын орындарға тұнып тұрғанын білеміз.Жаңа терминал әуежайдың өткізетін қабілетін жылына 2 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жүк тасымалы да артады. Қазіргі таңда Президентіміздің бастамасымен отандық бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілік үлгісі бойынша аймақтарда ірі нысандардың құрылысына атсалысуда. Бұл жоба да осындай мемлекеттік, жекеменшік әріптестіктің арқасында іске асырылып отыр. Жаңа терминал Қызылорда обылысының дамуына тың серпін береді деп сенемін. Халқымыз жол мұраты – жету дейді. Қорқыт ата әуежайы ел мен елді елдестіріп, ағайын-дос арасын жалғастырып, іскерлік байланыстың алтын көпірі болсын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деп ыстық лебізін білдірді.

Үкімет басшысынан кейін сөз алған Болат Өтемұратов қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Шарманов Алмас Төрегелдіұлы:

– Құрметті Сыр жұртшылығы барлықтарыңызды бүгінгі айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған жаңа, заманауи, сапалы әуежайдың ашылу салтанатына жиналып тұрмыз. Болат Жамитұлы сіздерді арнайы құттықтап, сәлемін жеткізді. Тағы да жаңа әуежай құтты болсын. Сіздерге амандық, сәттілік тілеймін! – деп, қызылордлықтар қуанышына ортақтасты.

Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы Дүйсенбаев:

– Бүгін Сыр халқының ансаған арманының орындалған күні, көптен күткен әуежайдың жаңа құрылысы аяқталып, ашылғалы тұр. Сондықтан да осындай мүмкіндік жасаған Мемлекет басшысына үлкен рақметімізді білдіре отырып, арнайы келген Үкімет басшысы Олжас Абайұлына қадамы құтты болсын дейміз. Сыр өңірі Президентіміздің қолдауын көріп отырғаны баршамызға аян. Былтырғы келген сапарында Мемлекет басшысы елдегі атқарылып жатқан жұмыстарды көріп біршама ұсыныстарымызды қабыл алып, үлкен жобаларды іске асыруға бастамашы болды. Қызылорда қаласы тұрғындарының басты мәселелесінің бірі ыстық су шешімін тапты. Бүгінгі күні қаланың тұрғындары ыстық судың рахатын көріп отырған жәйі бар. Ел Президентіне, Үкіметке тұрғындардың алғысы шексіз. Екінші бір айта кететін мәселе 30-40 жылға жуық тарихы бар біздің жылу орталығы осы кезге дейін облыс, қала халқын жылумен қамтамасыз етіп келді. Бірақ тозығы әбден жеткен, апаттық жағдайда тұрған жылу орталығының жағдайын біліп, Мемлекет басшысы тапсырма беріп, Үкімет қолдап, жаңа жылу орталығының құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл еліміз үшін, өңіріміз үшін үлкен бір маңызы бар мәнді нысан. Қадірлі ағайын, өздеріңіз білесіздер, көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 140 шақырымы жері пайдалануға берілді. Бұл жоба біткеннен кейін, елорда мен солтүстік өңірлерге қарым-қатынас, сауда-саттық дамитыны сөзсіз. Сондай-ақ жол жүру ұзақтығы біршама қысқарады. Тағы бір айта кететін мәселе «Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай» автожолының Ақтөбе облысына дейінгі бөлігін 4 жолақтыға кеңейту жөніндегі көпшіліктен ұсыныс түскен болатын. Мемлекет басшысы қолдап, бұл да өз шешімін табуда. Құрметті Олжас Абайұлы, Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардың біршамасынан өзіңіз хабардарсыз. Өткен жолы келгеніңізде атқарылып жатқан игі істердің бәрін көзіңізбен көріп, оң бағасын берген болатынсыз. Сол келген сапардағы ең басты мәселе Сыр өңіріндегі су мәселесі еді. Кейінгі жылдары Сыр өңірі судан тапшылық көріп, біздің егіншілеріміз, диқандарымыз біраз қиналғаны бар. Бірақ Мемлекет басшысының Үкіметпен бірлескен қолдауының арқасында биыл біздің егіншілеріміз, диқандарымыз судан тапшылық көрмей, мол өнім жинауға қол жеткізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа әуежайдың терминалын соғуға жерлесіміз Болат Жәмитұлы Өтемұратов демеушілік жасағаны үшін Сыр елінің атынан риясыз көңілмен алғысымызды білдіргіміз келеді. Құрметті Олжас Абайұлы, жалпы елімізде аймағымызда болып жатқан қолдауды біз ерекше бағалаймыз. Біздің бір сізге айтар өтінішіміз бар, еліміздің, аймағымыздың өсуіне үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына Сыр жұртшылығы атынан риясыз алғысымызды, шексіз ықыласымызды жеткізсеңіз деп, ел тілегін жеткізді.

Премьер-министр ішкі және халықаралық рейстердің жолаушыларына қызмет көрсету үдерісімен танысты. Ауданы 7 500 шаршы метр терминал телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиялармен жабдықталған. Жобаны іске асыруға Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 млрд теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, әуежай аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, сондай-ақ «Қызылорда–Көкшетау», «Қызылорда– Ақтөбе», «Қызылорда–Қарағанды» сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспар туралы баяндады.

P.S. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы салтанатты ашылғаннан кейін алғашқы жолаушыларды «Қорқыт сазы» оркестрімен күтіп алып та үлгердік. Жаңа терминалдың алғашқы жолаушыларына арнайы сыйлықтар да берілді.

Шынын айтқанда әуежайдың жаңа терминалына аспаннан топ етіп түскен жолаушылар жаңа терминалға да, өздеріне көрсетілген құрметке де аң-таң. Бөлек бір әлемге тап болғандай. Енді ше… Облыстық мәслихат төрағасы мен облыс әкімінің орынбасары өзі күтіп алып, қошемет білдіргені таңданыстарын тіпті күшейте түсті.

Негізі бұл күні ұшқан да, ұшпаған да арманда болды..

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған