Бүгінде елу жасты еңсеріп, алпыс жасқа қарай адымдаған Болатбек Қуандықовтың өмір жолын таратып айтар болсақ, мықтылығын байқаймыз.
Ол 17 жасында ағаш шебері, яғни плотник болып еңбек жолын бастаған. Жоғары білім алғаннан соң 23 жасында “Адам Ата”, “Лидер” деген кооперативтік бірлестіктерде бухгалтер ревизор болып, өзінің жақсы қаржыгер екенін көрсете білді.
1993-ші жылдан бастап Қызылордадағы Ұлттық банкі облыстық басқармасында экономист, аға экономист, бөлім бастығы болып, басшылық көзіне түсті. Көп жұрт есеп-қисапқа жүйріктікті қалайтын Ұлттық банктің маңына жақындай алмай жүргенде, ол бар болғаны 27 жасында облыстағы осы банкті басқарды.
Айта кету керек, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған 1999-шы жылдар ерекше кезеңдер еді. Шаруашылық құрылымдарында, жалпы ел экономикасында болып жатқан бұрынғыға ұқсамайтын өзгеше өзгерістер қаржы саласын да айналып кетпеді. Қаржылық менеджмент, экономиканы жоспарлау, бюджет қалыптастыруда өзіндік ойы бар, жаңаша пайымы бар ол 30 жасында облыс әкімінің бірінші орынбасары болды. Бұл сол кездер үшін соны жаңалық еді.
Жалпы Б.Қуандықов төменнен жоғарыға өрлеген басшылардың бірі. Өмір тарихына зер салғанда облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жүріп, 2004-ші жылы еліміздің бюджетін жоспарлау және экономика департаментінің директоры, одан кейін Төтенше жағдайлар вице-министрі, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жоғарылаған 4 жылдан астам уақыт оның жоғары билік қазанында пісіп жетілген кезеңі болды.
Қызмет бабымен жоғарылап кеткеннен кейін араға 4 жыл салып, елге қайта оралды. 2008-ші жылдың мамыр айы мен 2013 ші жылдың қарашасына дейін Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарды.
Әрине облыс басқарған жылдар оңай болған жоқ. Облыс әкімі Н.Нәлібаев құттықтау сөзінде айтқандай «Сыр өңірін басқарған кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асты. Болатбек Баянұлы аймақтың өзекті мәселелерін батыл көтеріп, Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қордаланған проблемаларын шешуге, инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға ықпал етті. 100-ден астам білім беру, 60-тан астам денсаулық сақтау мекемесі бой көтерді. Облыс орталығы Қызылорда қаласын газдандыру жобасы толығымен аяқталды. 1000 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден өтті. 2010 жылы 11,2 млн. тонна мұнай өндіріліп, өңір тарихындағы “қара алтын” өндірісінің шарықтау шегі ретінде есте қалды. «Ғасырдың ғаламат жобасы» атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының 1-кезеңі жүзеге асты”.
Кездесуде Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор Бақберген Досманбетов, қоғам қайраткерлері Дайрабай Ысқақов, Нажмадин Мұсабаев, Рзақұл Нұртаев, Мұрат Бақтиярұлы, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев, мәдениет саласының ардагері Алма Бақтиярова Болатбек Қуандықовты құттықтап сөз сөйледі.
Болатбек Баянұлы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, туған жердің қарыштай беруіне тілектестігін білдірді.
Ия, Нұрлыбек Машбекұлы осындай сәттерде ылғи айтып жүретіндей “Біз адал қызмет атқарып, саналы ғұмырын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени рухани дамуына арнаған, елдің қошеметіне бөленген азаматтарды ардақтап, лайықты құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырдық”.
…“Болар елдің балалары бір-бірін Батыр дейді”…