Бүгінгі қоғамда талқыға көп түсіп тұрған тақырыптың бірі – Атом электр станциясын салу мәселесі.

Бұл мәселе соңғы бір-екі жылда көтерілді десек қателесер едік. Жалпы Қазақстанға атом электр стансасы қажет пе деген тақырыптың пайда болғанына кемі 10 жыл болды.

Мәселен Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы 2021 жылдың 19-26 қыркүйек аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда тұратын 18 жастан асқан 1100 адам қатысқан “Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі” тақырыбында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға еліміз бойынша стационарлық телефон нөмірлерінің, яғни жалпақ тілмен айтқанда үй телефондарының абоненттік қоры пайдаланылған.

Енді бұдан 3 жыл бұрын өткізілген сол сауалнама қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысушылардың 55%-ы АЭС-н салуға қарсы, оның ішінде 36%-ы үзілді-кесілді қарсы болған. Өйткені Қазақстан мұндай объектілерді салуға әзірге дайын емес дейді. Ал енді 19%-ы АЭС-ы қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіпті депті. Дегенменен сол сауалнамаға қатысқандардың 40%-ы АЭС-ы салу жөніндегі Президент бастамасын қолдапты. Сол 40%-дың 30%-ы АЭС-ның қауіп-қатерін зерттеу керек, өзге елдер тәжірибесін талқылап, үйрену керек деп өз ойын білдіріпті.

Ал қалған 10%-ы АЭС-ы уақыт талабы, оны толық қолдау керек деп бастама көтеріпті.

Бәлкім, осы сауалнаманың әсері де болар, қанша дегенменен сауалнамаға қатысқандардың арасында АЭС-н қолдайтындардың жарыға жетпегені де желеу болды ма, әйтеуір содан бері бірнеше жыл бойы осы мәселе талқыланып келеді. Басқа елдер тәжірибесін көру үшін 2022-ші жылдың жазында сарапшылар мен журналистерден, атом энергетикасы саласының мамандары, Мәжіліс депутаттарынан құралған делегация Түркия еліндегі “Аккую” атом электр станциясының құрылысын көріп, зерделеп қайтты.

2022-ші жылғы мамырда Энергетика министрлігі Қазақстанда атом электр стансасы Алматы облысындағы Ҡлкен ауылының төңірегіне салынатынын нақтылады. Негізі Курчатов қаласында салыну мүмкіндігі де айтылған болатын. Алайда стансаның орналасу орнының ерекшеліктеріне орай жүргізілген зерттеулер Үлкеннің үлкен тиімділігін айқындады.

Осы Үлкеннен тұп-тура төрт жарым мың қашықтықта орналасқан Мерсин қыстағында салынған “Аккую” атом электр стансасы Түрік елі тарихындағы алғашқы атом стансасы болғанынан бөлек, төрт реакторды қатар салғанымен әлем тарихындағы алғашқы тәжірибе екен.

Түркия мен Ресей арасында 2010 жылы қол қойылған үкіметаралық келісімге сай “Росатом” мемлекеттік корпорациясы “Аккую Нуклеар” АҚ-ның еншілес компаниясы ретінде стансаны жобалау, салу, оған қызмет көрсету, пайдалану, тіпті оны істен шығаруды да өз құзіретіне алған. Станса құрылысының қаражаты 20 млрд. доллар болса, ресейлік компания оны да өз мойнына алған.

Бүгінгі күні Қытай, Корея, Ресей, АҚШ, Франция ұсыныстары зерттеліп, талқылаудан өтуде. Мамандардың айтуынша әзірге мына елдің ұсынысын қабылдадық деп айтуға ерте. Белгілі болып отырғанындай, АЭС-н саласыз ба, ол бізге керек пе деген мәселенің шешімін табудың өзі жылдарға созылып келеді. Ал, атом электр стансасын салудың ұзақтық мерзімінің өзі кемі он жылға есептеліп отыр. Ертеңгі референдумда атом электр стансасын салуды қолдап, жақтап дауыс бергеннен кейін де техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізілуі, 2025-2028-ші жылдары стансаны салу туралы Үкімет қаулы қабылдауы, одан кейін 2028-ші жылға қарай жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуі, сараптама тағайындалуы керек екен. 2029-шы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, жабдықтар жеткізілуі тиіс. Ал, 2034-ші жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 2035-ші жылға қарай пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жоғарыда біз айтып өткен сауалнаманың өткеніне де арада үш жыл уақыт өтті. Енді Қазақстан халқы жаппай АЭС-н салуды қолдайды деп айта аламыз ба? Арадағы уақыт ішінде билік қарап жатқан жоқ. Әлгі айтқандай ғылымы мен өндірісі дамыған, АЭС-ның рахатын көріп отырған Корея, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция, Түркия елдерінің тәжірибесін зерттеп көріп жатыр. Ғалымдар да қарап жатқан жоқ, реакторлардың артықшылығы мен кемшін тұстарын, сын қатерлі кезеңдерін анықтауда. Экологтар да қоршаған ортаға, адам өміріне қолайлы реакторларды іздестіруде. Саясаткерлер де бірі жақтап, бірі даттап атом электр стансасы мәселесін күн тәртібінен түсірмей тұр.

Жасыратын несі бар, атом электр станса керек дейтіннің, немесе керек емес дейтіннің дегені болатын референдумның өтетін уақыты жақындап қалғанын анық сезінген осы тұста жалпы қоғамның ойы қандай деген сауал бары рас.

Референдум басталмас бұрын халықтың көңіл-күйін білу мақсатында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша, күні кеше, яғни биылғы жылдың тамызының 7-сі мен 18-і аралығында тағы да телефон арқылы сауалнама жүргізілген. Бұған да мыңнан астам, нақтылағанда 17 облыстан және республикалық маңызы бар қалалардан 18 жастан асқан 1200 адам қатысқан.

Бұл жолғы сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі, яғни 53,1%- ы АЭС-н салуды қолдапты.

Тура осыдан үш жыл бұрынғы, 2021-ші жылғы мамыр мен қыркүйек аралығында өткен сауалнамаға қатысқандардың 40%-ы ғана АЭС-н салуды қолдаса, бүгінде олардың қатары 13,1%-ға артып, атом электр стансасын салуды қолдайтындардың қатары 53,1%-ға жетті.

Өйткені, арадағы уақыт еншісіндегі түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде АЭС-н салған жағдайда 2030 жылға қарай электр қуаты мәселесі шешіледі деген ел үмітті.

Ал, енді осыдан үш жыл бұрын салуға қарсы болған 55% тура 22,5%-ға азайып, бүгінде АЭС-н салуға қарсылар ықтимал апаттар мен қоршаған ортаға әсеріне алаңдап отыр екен. Егер де АЭС-нің айналаға зиянынан гөрі пайдалы екенін билік әлде де түсіндіріп, дәлелдей алса, қарсылардың қарасы қалыңдамайтыны, керісінше азаятыны белгілі болып отыр.

Соңғы сауалнамаға қатысқандардың 14,4%-ы, яғни әрбір оныншысы әлі күнге өз таңдауын жасамаған. Демек, АЭС салуды қолдайды деп олардан әлі дәметуге болады.

Атом электр стансасын салу қажеттілігін елге жеткізіп жатқан жер[1]жердегі жария тыңдау Қызылорда облысында да болып өтті. Жария тыңдау барысында қызылордалықтар да атом электр стансасын салуда, оны пайдалануда сыбайлас жемқорлық әсер етпейді ме деген сұрақ алаңдататынын жасырмады. Қай салада, қай мәселеде болмасын белең алған жемқорлық АЭС-на да жетіп, нәтижесінде халық зардап шекпейді ме деген ойдың шеті Астана ЛРТ-сының жемқорлықтың салдарынан қаржысы талан-тараж болып, құрылыстың тоқырап тұрғанына барып тірелді.

Қызылордалықтарды алаңдататын тағы бір жай атом саласына қажетті мамандардың мәселесі. Бұл ретте жария тыңдауға қатысқан “Ядролық физика институтының” бас директоры Саябек Сахиев өзі басқарып отырған институттың елімізде атом энергетикасын дамыту үшін қажетті мамандар жеткілікті екенін, институттың ғылыми зерттеу базасы мықты екенін айтты. Кезінде Ғылым академиясының академигі Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен ашылған ғылыми-өндірістік оқу орны 67 жылдан бері маман даярлап, зерттеулер жүргізіп келеді екен. Оның айтуынша, еліміз тек АЭС үшін кадрлар даярлайтын 12EN француз консорциумы арасында кадр даярлау жөніндегі меморандумға қол қойылған.

МАГАТЭ мен шетелдік серіктестіктердің қолдауымен институтта 3 оқу орталығы жұмыс істейді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам маман даярланады. Ал, АЭС-ның маманға қажеттілігі 1400 адам.

Барша қазақстандықтарды қауіпсіздік мәселесі алаңдататыны рас. Бұл алаңдаушылық негізсіз де емес. Чернобыль апаты, Фукисимо, одан бөлек Семей полигоны зардаптары ел жадынан өшкен жоқ. Содан да үрейлі ел АЭС-н салуды қолдайтындарға біртүрлі қорқа қарайды. Дегенменен еліміздегі “Ядролық физика институтының” бас директоры С.Сахиевтің айтуынша: «Институт базасында осындай зерттеу ядролық реакторы 57 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде үш ұрпақтан астам ғалымдар мен инженерлер ауысты. Осы уақыт аралығында бірде-бір оқыс оқиға тіркелмеген. Бұл реакторлардың ең қауіпсіз түрі. Тағы бір мысал. Институттың зерттеу ядролық реакторының жанында Алатау шағын ауданы орналасқан. 80-жылдардың басында онда 4 мыңнан астам адам тұрған, қазір шағын ауданның халқы 15 мың[1]нан асты. Екі жыл бұрын 50 еріктіге жеке детекторлар таратылды. Бүгінгі күні радиациялық деңгейдің нормадан асуының бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ, бұл әрине реакторлардың радиациялық және экологиялық қауіпсіздігінің тағы да дәлелі». 

Атом энергетикасын дамыту еліміздің электрмен жабдықтау мәселелерін шешіп қана қоймай, жоғары білікті инженерлер, ғалымдар және мамандар тобын қалыптастырудың тарихи мүмкіндігі, сондай-ақ бұл отандық ғылымға қуатты серпін береді екен.

Күні кеше, тамыздың 27-сінде Үкімет басшысы О.Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында “Қазақстандық атом электр стансалары” акционерлік қоғамының Бас директоры Тимур Жантикин: «Қазақстанда АЭС салу мәселесі тоқсаныншы жылдардан бастап қаралуда. Қазір энергия тапшылығы мен жұмыс істеп тұрған қуаттардың тозуының артуы жағдайында ол қайтадан өзекті болды. Сондай-ақ атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз әрі ең сенімді энергия көздеріне жататынын атап өткен жөн», — деп мәлімдеді.

– «Қоршаған ортаға әсерге келетін болсақ, атом энергетикасы, тіпті ЖЭК-пен салыстырғанда, ең экологиялық таза энергия көзі болып саналады. Сонымен қатар көптеген дамыған елдерде атом энергетикасы жасыл таксономияға енгізілген. Атом энергетикасының дамуы парниктік газдар шығарындыларының төмендеуіне ықпал етеді, бұл экологиялық жауапкершіліктің жаһандық трендтеріне сәйкес келеді», — дейді Т. Жантикин.

«Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер.

Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.

Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек.

Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем.

Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз».

Осыдан тура бір жыл уақыт бұрын Президентіміз Қ.Тоқаев 2023-ші жылғы қыркүйектің 1-індегі халыққа жолдаған “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауында осылай деген болатын. Жыл бойғы ғалымдардан, мамандардан, сарапшылардан құралған топтың өткізген қоғамдық тыңдаулары, жария талқылаулары өз мәресіне жеткен сыңайлы. Әлгі айтып өткен сауалнамада белгілі болып отырғанындай елдің жарыдан астамы АЭС-н салуды қолдап отыр. Күні кеше, тамыздың 27-сінде өткен еліміздегі атом энергетикасын дамыту перспективалары қаралған Үкімет отырысында референдум өткізуге қатысты қаулы қабылданды.

Қызылордада АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті

Сейсенбі, 30 шілдеде Қызылордада Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті.

ҮЕҰ өңірлік Альянсы мен облыстық Қоғамдық кеңес ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық кеңестің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, экологтар, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыс тұрғындары қатысты.

Талқыланатын тақырып бойынша кездесуде ҚР Энергетика министрлігінің, “ҚР Ұлттық ядролық орталығы” РМК, “Қазақстандық атом электр станциялары” ЖШС, “Ядролық физика институты” РМК өкілдері сөз сөйледі. Олар атом электр станцияларын салудың артықшылықтары, жұмыс принциптері және атом станцияларының қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына әсер ету деңгейі туралы айтты. Сондай-ақ, мамандар Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы техникалық аспектілері, әлеуеті және АЭС салу кезіндегі елдің даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Талқылау барысында қатысушылар өздерін толғандыратын сұрақтар қойды. Олар бірінші кезекте АЭС қауіпсіздігіне, оны пайдалануға, жобаны қаржыландыруға, кадрлар даярлауға, сондай-ақ қазіргі жағдайға және отандық энергетикалық кешеннің даму болжамына қатысты болды. Облыс ардагерлері мен қоғам белсенділері жобаны іске асыру кезінде барлық кезеңдерде ашықтықты, шешім қабылдауға жұртшылықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар АЭС құрылысының маңыздылығын атап өтіп, оның елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, оның ішінде энергетикалық кешенді ұлғайту, адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін маңыздылығын атап өтті. Қызылордалықтардың пікірінше ауқымды жоба туралы жұртшылықты кеңінен хабардар ету қажет. Оны жүзеге асыруда барлық қазақстандықтарды қолдау маңызды.

Сенаторлар кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы: «Елімізде атом электр стансасын салу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Мен Қазақстан Республикасы Президентінің осы мәселе бойынша референдум өткізу туралы бастамасын толық қолдаймын. Бұл дұрыс, өйткені мұндай маңызды міндетті шешу үшін халықтың пікірі қажет. Мен көптеген елдерде болдым, қазір республикамызда атом электр станциясын салу қажет екеніне көзім жетті. Біріншіден, Қазақстанда электр қуатының тапшылығы артып келеді. Біз уран өндіруден әлемде бірінші орындамыз. Ал бұл саланы одан әрі дамытуда бізде қиындықтар болмайды деп ойлаймын.

Екіншіден, жаңа энергетикалық жоба ғылыми-техникалық прогреске серпін береді. Үшіншіден, көптеген жетекші елдерде атом электр станциялары бар, соның ішінде Еуропа, Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония. Ал Қазақстан да әлемдік державаларға ілесе отырып, заман талабына сай болуы керек. Тағы бір мәселе атом электр станцияларын кім және қайда салады. Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені қолдану маңызды. Халқымыз референдумда еліміз үшін соншалықты маңызды әрі қажетті атом электр станциясының құрылысын қолдайды деп ойлаймын».

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Әбдікәрімов: «Бүгін отырысқа қатысушылар ең маңызды үш тақырып – АЭС салу қажеттілігі, оның қауіпсіздігі және халыққа АЭС қандай пайда әкелетінін талқылады. Қауіпсіздік туралы айтқанда, қауіпсіздік шаралары сақталмаған Чернобыль АЭС-індегі қайғылы оқиға жұртшылықтың санасында күшейе түскені анық. Осыған қарамастан, бүгінде Украинада бес атом электр станциясы жұмыс істейді. Ал Жапонияда Фукусима атом электр станциясындағы апатқа қарамастан, адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ, қазір бұл елде 21 реактор жұмыс істейді. Бүгінгі таңда әлемнің 18 елі 57 ГВт электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Атом электр станциялары жаңа қуат, зор қуат көзі екені анық. Жердің байлығын, қазынасын халық игілігіне жұмсауымыз керек. Сондықтан біз өз елімізде атом электр станциясын салуға тиіспіз».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаны одан әрі ілгерілетуде барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстар ескерілетін болады. Еске салайық, биылғы жылдың маусым айында Мемлекет басшысы референдумның осы күзде өтетінін мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің елімізде шын мәнінде атом энергетикасын дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар. Оларды дұрыс және тиімді пайдалану маңызды. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді халық қабылдайды.

“Өңірлік коммуникациялар қызметі” ФБ парақшасынан, 30 шілде

Аталмыш Үкімет отырысында алдымен Энергетика министрі А.Сәтқалиев “Республикалық референдум өткізу туралы” Президент Жарлығының жобасы туралы” Үкіметқаулысының жобасын қарауды енгізуге ұсыныс жасаған.

Министрдің айтуынша: – «Референдум өткізу атом энергетикасын дамыту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде салмақты шешім қабылдауға көмектеседі. Бүгін біз тарихи оқиға қарсаңында тұрмыз. Біз, қазақстандықтар, елімізде тұрақты, экологиялық таза және үнемді электр қуатының болуы үшін маңызды шешім қабылдауымыз керек. Бұл біздің болашағымызды айқындайтын шешім».

Үкімет отырысында баяндама жасаған министрлердің, ғалымдардың сөзін қорытындылаған Үкімет басшысы О.Бектенов: – «Біздің еліміз сияқты ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом энергетикасы экономиканың көптеген салаларында инновацияларды қолдануға ынталандырады. Әрі отандық өнеркәсіптің дамуына да үлкен серпін береді. Сондықтан біз өзімізде баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз», — деп нақтылады.

Сонымен еліміздегі атомды дамыту мәселесін қарау қорытындысы бойынша дауыс беріліп, ұсынылған Үкімет қаулысының жобасы бірауыздан қолдау тауыпты. Енді Энергетика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп Президент Әкімшілігіне Жарлық жобасын енгізу тапсырылған.

С.БИХОЖАЕВА

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған