Аймағымызда мұнай өндіріп жатқан компаниялардың бірегейі “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” экономика мен әлеуметтік жағдайдың дамуына оң әсер етумен қатар жылдар бойы өндірісті өрлетіп, жұмысшы мамандықтарының да көбеюіне ықпал етіп келеді. Компаниядағы әрбір жұмысшы жаңа технологияларды еркін меңгеріп, өндірістегі экономикалық шығындардың азаюына, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына аянбай еңбек етіп келеді. Жұмысшылардың өздері айтпақшы компаниядағы еңбек еткен жылдары олардың өздері де кәсіби біліктілігі жағынан өсіп, білімдерін де көтереді. Жұмысшылар компанияны қалай мақтан тұтса, “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” басшысы да жұмысшылар еңбегіне риза болып, әрдайым олардың мәртебе биігінен көрінуіне ықпал етіп келеді.

Мұнай-газ өндіру жөніндегі 4-ші разрядты оператор.
Компаниядағы жұмыс өтілі – 21 жыл
Құмкөл кен орнындағы жалпы жұмыс өтілі – 33 жыл
Кен орны – Оңтүстік Құмкөл
– Осы мамандыққа қалай келгеніңізді айтып беріңізші? Неге дәл осы мамандықты тандадыңыз? Кен орнындағы алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Қандай эмоцияларды бастан кешірдіңіз?
– Менің Құмкөлдегі кәсіби жолым 1992 жылдың тамызында басталды. Ол кезде бұл «Южнефтегаз» бірлестігі деп аталатын. Мен мұнай және газ өндіру цехында қоймашы болып жұмыс істей бастадым.
Сол кездің өзінде кен орны қарқындай бастаған еді, өндіру қоры 75 ұңғыма бола тұра өндіру көлемі тәулігіне 1300 тонна құрайтын. Ол кезде барлық өндіруші ұңғымалар бұрқақтық режимде жұмыс істеген. Алты топтық қондырғы жұмыс істеді, барлық жерде бұрғылау жұмыстары жүріп жатты, әрине, өмір сүру жағдайлары «далалық» болды, «Вахта-40”» кентінде жұмысшыларға арналған жаңа корпустар қойылды.
Менің қабылдауға тиісті материалдардың түр-түрі көп болды, мұнай саласында базалық білімім болмағандықтан, құрал-жабдықтардың, бөлшектерінің атауларын жол-жөнекей үйренуге тура келді. МГӨЦ ұжымының өзі ол кезде шағын, бірақ ынтымақты болатын. Біздің цехымыз – кәсіпорынның ең маңызды цехы, Құмкөлдің жүрегі болатын, басшыларының тәжірибесі мол еді.
Уақыт өте келе көптеген өзгерістер болды, шетелдік инвесторлар келді. Ол уақытқа дейін Құмкөл кен орнының біздің өңірде маңызды өнеркәсіптік объект екенін түсіне отырып, мұнай саласында жинаған жұмыс тәжірибем мен біліміме сүйене отырып, Қызылорда политехникумының базасында ашылған мұнай факультетінің сырттай бөліміне түсемін деп шештім.
– Осы жерде жұмыс істеген жылдардың ішінде салада қандай да бір өзгерістерді байқадыңыз ба?
– Кен орны кеңейе түсті, топтық қондырғылар саны көбейді, жаңа объектілер ашылды. Жұмысшы қызметкерлер құрамының да саны көбейді, жаңа мамандықтар пайда болды. Еңбек ету, тамақтану жағдайлары жақсарды, өнеркәсіптік аймақтарда жаңа асханалар ашылды, жалақы өсе бастады. Жұмыс орындары және демалыс орындарындағы қауіпсіздік техникасына ерекше көңіл бөлініп жүрді. Инвесторлар келгеннен кейін әрі қарай да өсуін жалғастырған механикаландырылған жолмен өндіру жиі қолданыла бастады және тиімді жұмыс істеу үшін жаңа заманауи жабдықтар орнатылуда.
– Өз мамандығыңызда күрделі және ең қызықты тұсы қайсы? Өз еңбек жолыңызда ең бірінші нені мақтан тұтасыз?
– Мұнай және газ өндіру операторының жұмысы ең күрделі жұмыстардың бірі болып табылады, себебі үңғымаларға қызмет көрсетудің өзі және олардың жұмыс режимін ұстап тұру бірқатар техникалық және физикалық дағдылардың болуын талап етеді. Кен орнының қатал климаттық жағдайларын: қыстың суықтығын, жаздың аптап ыстықтығы, желдің күші мен ұзақтығын ескерсек, осының барлығы жұмысшы адамға, әсіресе әйел адам үшін көп мәселе тудырады, бірақ осыған қарамастан, мен ер әріптестермен қатар әрдайым вахтадағы қызметімді жауапкершілікпен атқаруға тырыстым.
Бәріне оңай болған жоқ – өз үйінен, отбасынан, балаларынан алыс жерде жүреді, орындалатын жұмыстар күрделі, алға қойған мақсаттар мен жоспарларға жету үшін әрқайсымыз бар күшімізді салып, еңбек етеміз. Осыны әрқайсымыз түсініп, орындап жүрдік! Біз әрдайым бір-бірімізге көмектесіп жүрдік және қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсете білдік, қазір де осылай жалғастырудамыз.
Біздің Оңтүстік Құмкөлде бригада өте тату, мен оны мақтан етемін, сондай-ақ қасымдағылардың маған деген мейірімі, адамгершілігі, парасаттылығы үшін өте ризамын. Мен үшін қай жерде жүрсек те, қандай жағдайда жұмыс істеп, өмір сүрсек те -қарапайым, адами қатынастар өте маңызды, және бұл менің өмірімнің басты қағидасы болып табылады.
Ғылыми жазбаларда Құмкөл бірегей кен орны деп бекер жазбайды. Бұған өзім көз жеткіздім. Менің өмірімнің, сондай-ақ әріптестерімнің өмірінің жартысы вахтада өтеді.
Лайықты демалысқа шыққандардың көбі басым бөлігімізге жұмыста тұрақтылық, береке, қаржылық тәуелсіздік, өзін іске асыру мүмкіндігін және өз әлеуетін ашу мүмкіндігін берген Құмкөлімізді жылы сөзбен еске алады. Бірнеше жылдан кейін өзім де зейнетке шыққанменен біздің Құмкөл одан әрі дами береді деп сенемін.

Сусыздандыру және тұзсыздандыру кондырғысының 5-ші разрядты операторы. Компаниядағы жұмыс өтілі – 33 жыл
Кен орны – Құмкөл
– Күнделікті қондырғыда қандай заттармен және үдерістермен жұмыс істейсіздер?
– Менің жұмысым әр екі сағат сайын келетін мұнайды, суды және газды есепке алумен байланысты. Мен әртүрлі аппараттардың: тұндырғыштардың, пештердің, резервуарлардың жұмысын қадағалаймын. Қысым өзгерген кезде сигнал келіп түседі, мен олардың қайдан келіп жатқанын анықтаймын, содан кейін сол учаскелерге бекітілген адамдармен байланысқа шығамын. Түнгі ауысымда жиынтық деректерді жазып, жіберемін. Штаттан тыс жағдайларда міндетті түрде шеберге хабарлаймын.
– Разряд жауапкершілік пен атқарылатын жұмыстың қиындығына қаншалықты әсер етеді?
– Бастық пен шеберден кейін жауапкершілік деңгейі бойынша мен тұрмын. Мен жұмыс орнымды жай тастап кете алмаймын – болып жатқан жағдайлардың барлығын бақылауда ұстауым керек. Бесінші разрядты оператор болудың қиындығы мен жауапкершілігі де осында.
– Осы мамандыққа қалай келгеніңізді айтып беріңізші? Неге дәл осы мамандықты таңдадыңыз?
– Менің осы мамандыққа келер жолым ұзақ болды – мектепті бітірген соң әртүрлі жерлерде жұмыс істедім. Мұнай саласына келер алдындағы соңғы жұмыс орным 1985 жылы орналасқан газ құю бекеті болды. Әлі есімде, мені және менің әріптесімді «Сендер жассыңдар, оқыңдар» деп Алматы политехникалық институтына (ҚазПТИ) оқуға жіберген. Бірақ, шынын айтсам, ол кезде біз қандай мамандыққа түсу керектігін білмеппіз де, себебі ол кезде біздің өңірде әлі мұнай өндірілмейтін. Ол жерде кездестірген қыздар құжаттарды «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығына тапсыруға кеңес берді. Осылайша мен мұнайшыға айналдым.
– Кен орнындағы алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Қандай сезімдерді бастан кешірдіңіз?
– Мен Құмкөлге тәжірибеден өтуге 1992 жылы келдім және сол күнді тағатсыздана күттім – кен орнын өз көзіммен кергім келді! Ол жерде маған үңғымалардан күн сайын сынамаларды қалай алатынын, қысымды қалай өлшейтінін және басқа да көптеген жұмыстарды қалай атқаратынын көрсетті. Үңғымалар бір-бірінен алыс орналасқан және оларды даладағы жолдармен қалай айналып өткеніміз әлі көз алдымда.
– Осы жерде жұмыс істеген жылдардың ішінде салада қандай да бір өзгерістерді байқадыңыз ба?
– Өзгеріс өте көп болды – компьютерлердің болмаған кезінен бастап айтсақ болады, қазір біз оларсыз қалай жұмыс істей алатынымызды елестете де алмаймыз. Құбырлар, пештер, аспаптар – бәрі жаңарды, заманауи жабдықтарға ауыстырылды. Әрине, тұрмыстық жағынан да орасан зор өзгерістер орын алды, біз бастаған кезде асханада қарапайым ыдыстар жетпейтін – түскі ас ішу үшін тәрелкелер мен құралдардың босағанын күтетінбіз!
– Сіздің мамандығыңызда ең күрделісі және ең қызықтысы не?
– Ең күрделісі – бұл отбасымыздан алыс жерде жүретініміз және осылай бола тұра телефон арқылы үй шаруасындағы мәселелерді шешуге тиіс боламыз. Біз отпен және қауіпті ортада жұмыс істейміз десем қателеспеймін – бұл әсіресе әйелдер үшін оңай емес. Ал қызықты жағы, менің беріле жұмыс істеп, әсіресе есеп жүргізіп жатқанда уақыттың қалай етіп жатқанын сезбейтінімде.
– Өз еңбек жолыңызда ең бірінші нені мақтан тұтасыз?
– Мен осы жұмыстың арқасында басқалардан кем болмайтындай, балаларымды аяқтарына тұрғызып, оқыта алғанымды мақтан етемін. Екі жылдан кейін осы саладағы көпжылдық еңбегімнің жемісін көре аламын деп үміттенемін.
– Кәсіби дәстүрлеріңіз, немесе ырымдарыңыз бар ма?
– Ауысымға шығар алдында әрдайым күнімнің тыныш және қауіпсіз өтуін, сондай-ақ елімізде мұнайдың сарқылып қалмауын және болашақ ұрпақтарымызға қалуын тілеймін.

Химиялық талдау бойынша 4-ші разрядты зертханашы.
Компаниядағы жұмыс өтілі – 29 жыл
Кен орны – Арысқұм (КАМ)
– Көбінесе қандай талдауларды жүргізесіздер? Зертханалық талдаулардағы қателіктер өнімнің сапасына немесе қауіпсіздікке қалай әсер етуі мүмкін? Қандай талдаулар ең сезімтал және барынша зейін салуды қажет ететін талдаулар болып саналады?
– Химиялық зертханада көбінесе резервуарлардан, ұңғымалар сағаларынан және автоматтандырылған бақылау жүйелерінен сынамаларды іріктеп алумен, сондай-ақ судың мөлшерін және сұйықтықтың тығыздығын, хлорлы тұздардың мөлшерін, механикалық қоспаларды, қаныққан булардың қысымын, мұнай өнімдері мен күкірттің мөлшерін анықтаумен байланысты талдаулар жүргізіледі.
Ең сезімтал талдауларға газ хроматографтарында жүргізілетін әртүрлі талдаулар жатады. Мен ұңғымалар мен объектілерге газ шығу қаупі бар және отпен жасалатын жұмыстарды жүргізер алдында газдың ағып кету жағдайларын анықтау үшін барамын. Әр талдау ҚР СТ, МеМСТ-ке және ҚР ТШ-ға сәйкес жасалады, қандай да бір ауытқуларға жол берілмеуі тиіс. Зертханада жұмыстың әр түрін орындау кезінде ұқыптылық пен зейінділік қажет.
– Осы мамандыққа қалай келдіңіз? Неге дәл осы мамандықты таңдадыңыз?
– Менің осы мамандықты таңдауыма техникалық ғылымдарға құмарлығым және нақты деректермен жұмыс істеуге ықыласым себепші болды. Мен әрдайым өзімді дамытуға және кәсіби өсуге ұмтылатынмын. Біздің компаниямызда үйрену үшін керемет мүмкіндіктер бар, бұл жұмыс орнында теориялық білімді тәжірибелік біліммен нәтижелі үйлестіруге мүмкіндік береді.
– Кен орнындағы алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Қандай эмоцияларды бастан кешірдіңіз?
– Әлі есімде, қаңтардың бір күні таңертеңгісін мені тікұшақпен Құмкөл кен орнына алып келді. Ол кезде біздің компаниямыз «Южнефтегаз» деп аталатын.
Мені ұжым жақсы қарсы алды, объектілер мен цехтарды таныстыру туры өткізілді. Көргенім маған зор әсерін тигізді: сепараторлар, сақтауға арналған резервуарлар, сорғылар, ұңғымалар, мұнайды көтеруге арналған құрылғылар және құбыржолдар, олардың күші мен шамасы естен шықпас естеліктер қалдырды.
– Өзіңіз жұмыс істеген жылдары осы салада қандай өзгерістерді байқадыңыз?
– Компанияда жұмыс істеген 30 жылдың ішінде мен айтарлықтай өзгерістердің куәсі болдым – объектілер мен цехтардың кеңеюі және көбеюі, жабдықтар мен аспаптардың функционалдылығының кеңеюі, талдау нәтижелерінің анағұрлым анық бола бастауы. Дәлдік пен жылдамдық жағынан жұмыс істеу жеңілдеді, алайда бұл біліміңді үздіксіз жаңартып тұруды және ескі және абажадай УГ-2 әмбебап газ талдағыштарынан бастап GazAlertMax заманауи портативтік газ талдағыштарға дейін жаңа аспаптарға бейімделуді талап етеді.
– Сіздің мамандығыңызда ең қиыны және ең қызықтысы не?
– Менің міндетім объектіде газ және от шығу қаупі бар жұмыстарды бастар алдында көмірсутектің ағып кету жағдайларын тексеру және анықтау, сондай-ақ алынатын нәтижелердің дәлдігін қамтамасыз ету болып табылады. Ең күрделісі қауіпсіздік стандарттарын сақтау болып табылады, себебі жұмыс орнындағы немқұрайлылық ауыр салдарға әкеліп соғуы мүмкін. Біздің ұранымыз – “Ең алдымен қауіпсіздік!”.
– Өз еңбек жолыңызда ең бірінші нені мақтан тұтасыз?
-Мен күш-жігерім мен еңбегім бағаланып жатқан ірі әрі тұрақты компанияның бір бөлігі болып табылатынымды мақтан етемін. Мен Кәсіподақ пен KAZENERGY қауымдастығының атынан естелік медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталдым, сондай-ақ компания кәсіподағының атынан салалық Республикалық техникалық инспекторлар конкурсында ІІ-шы орын алдым. Бұл жауапкершілікті және жұмысымнан қанағат сезімін сыйлайды.
– Кәсіби дәстүрлеріңіз немесе ырымдарыңыз бар ма?
-Біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болып табылатын ұлттық салттарды ұстанамын. Мен біздің кәсіби мейрамымыз -Мұнайшы күнінде әріптестерімді құттықтағанды және басқалардан құттықтау алғанды жақсы көремін. Рухы мықты адамның ырымшыл болуы дұрыс емес, бұл жұмысты орындауға және мақсатқа жетуге кедергі жасайды.