Жолдауды асыға күткен көп жұрт әр міндет айтылған сайын әні айтады, міне айтады деп, аяғына дейін тағатсыздана күткенімен, Парламентті таратуға Президент асықпады.
– “Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын.
Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді.
Баршаңызға мәлім, мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет.
Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз.
Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын” – деп, Парламенттің таратылуын 1 жылға кейінге қалдырды. Әрі Тоқаев өзінің бұл қадамын – “Әрине, заңды сұрақ туындауы мүмкін: Президент Парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы неге соншалықты ерте жариялап жатыр, әйтпесе, саяси технологияның қағидасына сәйкес мұндай шаралар тосыннан, күтпеген жерден жасалады емес пе?
Бірақ мен осыған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: мен еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санаймын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды деп есептеймін.
Осындай тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу қажет деп сенемін. Сонда ғана бәріміз бір ел болып, Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз” – деп түсіндірді.
Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдары бір палаталы Жоғарғы кеңес құрылды. Аз ғана уақыт ішінде “саяси тұрақсыздық жағдайында тиімділігін көрсете алмады» деп таратылды.
1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Сенат пен Мәжілістен құралған екі палаталы Парламент құрылды.
Сенатты конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құрайды. Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде 5-ін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды. Қазір Сенатта 50 депутат бар. Сенат депутаттары 6 жылға сайланады.
Мәжіліс 98 депутаттан тұрады: 69 депутат біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша, 29 депутат бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 5 жылға сайланады.
Ресми деректер бойынша әлемде 188 Парламент болса, соның 107-сі бір палаталы екен. МәселенДанияда Фолькетинг, Швецияда Риксдаг, Финляндияда Эдускунта, Грекияда Халық жиналысы, Португалияда Республика ассамблеясы, Түркияда Ұлы Ұлттық Мәжілісі, Сингапурде Парламент, Қытайда Бүкілқытай халық өкілдері жиналысы, сондай-ақ Израильде Кнессет, Грузия Парламенті, Қырғыз Республикасында Жогорку Кеңеші аталатын бір ғана заң шығарушы палаталар бар.
Қытай Бүкілхалықтық халық өкілдері жиналысында 3000 депутат бар болғандықтан, депутаттардың көптігі жағынан басқалардан басым. 16 депутаттан тұратын Парламент те бар…