Республикалық референдумға шығарылған халық Конституциясының жобасы мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындайтын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар.
Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады, еліміздегі барлық қоғамдық-саяси институттардың қызметіне жаңа серпін береді.
Жаңа Конституция жобасының негізгі арқауы – Қазақстанның Тәуелсіздігін, Егемендігі мен территориялық тұтастығын, азаматтарымыздың құқықтары мен еркіндігін қорғау.
Ата Заңның жаңа жобасында көптеген дамыған елдерде кездесе бермейтін нақты әлеуметтік нормалар кеңінен қамтылған. Мен бұған сенімдімін. Конституциядағы аталған ережелер мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын күшейте түседі.
Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдау жүйесі өте жақсы дамыған. Мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақтылы орындап келеді. Жүзден астам неше түрлі әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер бар, тегін қамтамасыз етілетін бағдарламалар көп. Бұл – бүгінгі күннің жағдайы. Ал біз ертеңгі күнге, алыс болашаққа қарауымыз керек.
Ең бастысы – адам капиталын жақсартып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сондықтан біз білімді, еңбекқор, жасампаз ұрпақты, яғни адал азаматтарды тәрбиелеуге баса мән беруіміз қажет.
Қазіргі таңда дүние жүзінің әрбір түкпірінде адам капиталы немесе адам сапасы туралы айтылуда. Бұл – бүгінгі технологиялық заманның сұранысы, талабы. Еліміз үшін бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Осы істе әйелдердің рөлі айрықша екені сөзсіз.
Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қараған. Шын мәнінде мұқтаж азаматтарымызға нақты, атаулы көмек көрсетіледі. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасады.
Мысалы, елімізде бала дүние келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қомақты. Бұдан бөлек, сәби бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төленеді. Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның бай-қуатты елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сондай-ақ олардың жұмыс орны сақталады, декреттік демалыстағы уақыты еңбек өтіліне қоса есептеледі.
Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын. Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз.
«Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа мазмұнмен толықты. Құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады.
Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенімдімін.
Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады.
Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді.
Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз. Дей тұрғанмен сапалы адам капиталы болмаса, қарқынды технологиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы маңызды міндетті орындау үшін ел өмірінің барлық саласына, атап айтқанда, әлеуметтік саясат пен иммиграцияны реттеу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады.
Тағы да қайталап айтамын, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік саясатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн.
Әлем түбегейлі өзгерді. Бұл үдеріс барған сайын үдей түседі. Бізге де, яғни күллі Қазақстанға өзгеретін кез келді. Әйтпесе өте қиын болады.
Стратегиялық әлеуетіміздің кілті инфрақұрылым, технология, білім және ғылым салаларында жатыр. Лайым солай болуға тиіс. Ұлтты прогресс жолымен өрге сүйрейтін, елімізді өткеннің таптаурын, қасаң түсініктерінен ада өркениетті әрі үйлесімді қоғамға айналдырудың алғашқы қадамдары осы салалардан бастау алуы керек.
Алайда жарқын болашаққа қарай ұмтылу түп-тамырыңды ұмыту деген сөз емес. Мәселе – жаһандық үдерістерге еліктеу туралы да емес, алдымызда тұрған мақсат – болмысымызды жоғалтып, бабаларымыз аманат еткен Ұлы даланың баға жетпес мұрасын жадымыздан шығарып алмау. Оған біздің құқымыз жоқ. Дегенмен «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Біз көне заманнан бері келе жатса да, қазіргі дәуірге сай келетін құндылықтарды ғана пайдалануымыз керек. Сонда ғана дүние жүзінде нағыз жасампаз ұлт ретінде мойындаламыз.
Конституциямыздың жаңа жобасы мәдени кодымызды сақтап, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің Бас құжаты халқымызды дәстүр мен даму үйлесім тапқан даңғыл жолға түсірмек.
Қуатты және тұрақты экономикасы бар Әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға жетелейтін орнықты дамудың институттық және құқықтық негіздері Конституция жобасында көрініс тапты.
Ал қазіргі Ата Заңымыз қабылданған шақта Қазақстан еңсесін енді тіктеп жатқан еді. Ол кезде Егемендікті сақтап қалу, билік институттарын құру, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттеріне басымдық берілді. Бүгінгі Конституция еліміздің қол жеткізген барлық жетістігінің бастауында тұрды. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Бірақ заман бір жерде тұрмайтыны белгілі.
Қазір Қазақстан – халықаралық беделі биік, саяси жүйесі мығым, экономикасы орнықты дамып жатқан қуатты мемлекет. Шетелдегі саясаткерлер мен сарапшылар елімізді ірі орта мемлекет ретінде мойындап, құрмет білдіруде.
Біз БҰҰ Жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық сақталуы қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта да осы қағидаттан айнымаймыз. Бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы. Еліміздің Конституциясында ұлттық заңнама талаптарын ескермей, оны екінші орынға қоятын екіұшты ереже болмауы керек. Бұған жол беруге болмайды. Бұл да Тәуелсіздік пен Егемендік мәселесі.
Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз.
Қазақстанның экономикасы Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең үлкен экономика саналады. Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл 20 миллион халқы бар ел үшін жақсы нәтиже деп айтуға болады.
Біз барлық елдермен тығыз қарым-қатынасты дамытып, теңгерімді, салиқалы, ұлт мүддесіне сай сыртқы саясатты жүргізе отырып, өз жолымызбен жүріп келеміз.
Ал жаңа Конституцияны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата Заң жобасында Әділдік пен Отаншылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағидаттары айқын көрініс тапты.
Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референдумда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды.
(Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінен)