Уақыт аз қалды. Енді бір санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Осы аптаның сейсенбісіндегі Үкімет басшысы О.Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мектеп, колледж, жоғары оқу орындары, мемлекеттік, жеке, ауыл, қала деп бөлмей, жалпы білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Баяндама жасаған Министрлер өткен оқу жылы қорытындыларына шолу жасап, биылғы оқу жылында орын алатын өзгерістерге, оқу­шы­­лардың тамақтануы, білім беру мекемелерінің қауіп­сіз­дігі, материалдық жағдайы барысын­дағы жақсы жаңалықтарға тоқталды.

Үкімет басшысы сапалы біліммен қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасын жүзеге асыру барысындағы оң өзгерістерге қолдау білдіріп, білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына кедергісіз даярлап жатқан өңір әкімдерінің жақсылығын айтып, олардың нұрын тасытумен қатар, еліміздегі мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтай алмау қаупі барларды да атап айтып, олардың “құтын қашырды”.

Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова:

– 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап білім беру ұйымдарында жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі. Стандарт дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген және қантты тұтынуды 3,6 есеге дейін, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейді. Стандартта сондай-ақ шағын жинақты мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақ­тануына қойылатын талаптар қамтылған. Тамақтану стандартын жүзеге асыру аясында бірнеше нұсқада мектепте тамақтануға арналған үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді, алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов:

– Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында. Отаншыл, білімді әрі жасампаз ұрпақ тәрбие­леу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Оқушылар мен студенттердің жайлы оқуын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерін салу және жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қыркүйек айында 115 мың жаңа оқушы орнына арналған 83 жаңа мектеп ашу жоспарлануда. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 57 білім ошағы пайдалануға беріледі. Олардың толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету – маңызды міндет.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

– Студенттердің оқу жылының ба­сын­да көптеп келуі, әсіресе Алматы және Астана қалаларында күтілген­дік­тен, Министрлік ахуал, дағдарыс орта­­лықтарын ұйымдастырды. Биыл­ғы жаңа оқу жылында ахуалдық орта­лық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар универ­ситетінде, дағдарыс орта­лығы М.Ты­ныш­паев атындағы көлік және логис­тика университетінде орна­лас­тырыл­ды. Ахуал­дық орталық студент­терді жатақ­ханалардағы орындар туралы хабар­дар етеді, дағдарыс орталық­тар форс-ма­жорлық жағдайларда тұрғын орын­мен қамтамасыз етеді. Респуб­лика­лық ахуалдық орталықта 10 адам студенттер мен олардың ата-аналарына  жатақ­хана­лар, ЖОО қабылдау туралы ақпарат ұсын­са, дағдарыс орталығында 55 орын­дық жатақхана резервте тұр. Сондай-ақ, бар­лық жоғары оқу орындарында кө­мекке мұқ­таж студенттерді қолдау үшін ахуал орта­лықтары, жоба кеңселері жұмыс істейді.

Жаз айларында жоғары оқу орын­дарының 58 нысаны күрделі жөндеуден, 560-тан астам нысан ағымдағы жөн­деу­ден өткізілген. Барлық жөндеу жұмыс­тары 20 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар оқу ғима­раттары мен жатақханаларда бейне­бақылау жүйелері, турникеттер, дабыл түймелері, өртке қарсы құрал­дар орналастырылған. 80-нен астам университеттің нысандарында террористік қауіпсіздік паспорттары бекітілген, сондай-ақ, лицензиясы бар күзет агенттіктерімен келісімдер жасалған. Жаңа оқу жылына дайындық жоспарлы және жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар үнемі Министрліктің бақылауында

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов:

– Дабыл түймелері бойынша. Бар­лығы 96% объекті жабдықталған. Алай­да, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыс­тарына және Алматы қаласына толық қосылуды қамтамасыз ету қажет. Әкім­діктерден 1 қыркүйекке дейін ескер­тулерді жоюды сұраймын. Келесі бағыт – объектілерді күзету. 700-ден аса оқушы­лары бар ұйымдар лицензияланған күзет ұйымдарын тарту қажет. Оларда радиобайланыс құралдары, қызметтік қару, жедел мобильді топтары болуы керек. Қазір олар мемлекеттік мекемелердің 98%-ын күзетеді. Алайда, бірқатар өңір­лерде бұл көрсеткіштер төмен. Атап айтқанда, Алматы облысы, Шығыс Қазақ­стан және Жамбыл облыстарында. Ал жекеменшік ұйымдардың 84%-ы қам­тылған. Келесі облыстарда жұмыс нашар ұйымдастырылған. Алматы облысында – 54%, Жамбыл облысында – 70%, Жетісу облысында – 76%. Бұл жұмысты аяқтау қажет. Осы ретте, күзетке тек лицензиясы бар ұйымдарды тарту керек. Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктерге кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды  ұсынамыз. Министрлік бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайды.

Жаңа оқу жылының қарсаңында мемлекет қолдауына мұқтаж балалардың барлығына дер кезінде материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Ол үшін биыл 23 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген. Бұл кемінде 500 мың баланы әлеуметтік қолдауға мүмкіндік береді. Өңір әкімдеріне осы жұмысты бақылауға алу міндеттелді. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірге 1 қыркүйекке дейін барлық оқушыларды оқулықтардың толық жиынтығымен қамтамасыз ету тапсырылды. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев:

– Министрлік пен «Қазақ­теле­ком» ара­сындағы Инвестициялар тура­лы келісім аясында, 2025–2026 жыл­­дары серіктес есебінен 2 010 мек­тепке талшықты-оптикалық байланыс жет­кізіледі. Жобаны іске асырудың қоры­тын­­дысында барлық мектептерде жоғары жылдамдықты интернет қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қолдау шарала­рының нысаналы әрі ашық болуын қамтамасыз ету үшін пи­лоттық режимде «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді. Аталған жобадағы алғашқы бағыт – оқушыларды тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету. 6943 мемлекеттік орта білім беру мектебінің ішінде қазіргі таңда 2 369 мектеп зама­науи автоматтандырылған бақылау пункттерімен (АБП) толық жабдықталды. Ал 3 950 мектепте, жобалық қуаттылықты ескере отырып, «Бизнес әмиян» енгізілді – бұл оқушыларға ыстық тамақ жеткізілуін есепке алу және бақылау үшін енгізілген арнайы қосымша. Осылайша eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы ата-аналар баласының ыстық тамақ алғанын нақты уақыт режимінде тексеріп, мәзірді көре алады және пікір қалдыра алады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев:

– Мектеп құрылысы жұмыстарына тоқталсақ, қазіргі таңда 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынуда. 1 қыр­күйекте 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, биыл 190 мың оқушы оқитын 245 мектепті жаңарту жұмыстары жүргізілуде, оның 145-і – ауылдық жерлерде, 100-і – қала мек­тебі. 1 қыркүйекте 99 мың оқушыға арнал­ған 127 мектепте реновация аяқта­лады

Бүгінде 853 мектепте пәндік кабинет сатып алынып, жоспардың 77,5%-ы орындалған. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында сондай-ақ Астана, Алматы қалаларында пәндік кабинеттерді сатып алу жоспарының толық орындалмау қаупі байқалады. Әкімдіктерден тиісті қаражат бөліп, межеленген жоспарларды жыл соңына дейін толық орындауды сұраймыз.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған