Ресми ақпарат: Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық секторды тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын іске асыру аясында Үкімет резервінен Қызылорда облысының қажеттіліктері үшін 53 жылжымалы дизельді сорғы стансын сатып алуға шамамен 1 млрд теңге бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Мамандардың есебінше, жаңа жабдық магистральді арналарда су деңгейі төмен болған күннің өзінде 6 мыңнан астам гектар жерді суарып тұруға мүмкіндік береді. Сорғы стансалары магистральді және шаруашылықтар аралығындағы арналардан ішкі шаруашылық желілеріне су жіберу үшін қолданылады.

Өңірде 126,4 мыңнан астам гектар жерге суармалы егін егілген, оның 82,4 мың гектары күріш. Ағымдағы суару маусымында жоспарланған су көлемі 2,5 млрд текше метр құрайды.

Облыс әкімдігі «Қазсушар» РМК-нің Қызылорда филиалымен бірлесе арнайы мониторинг тобын жасақтап, Сырдариядан келіп жатқан су көлеміне сәйкес, бес магистральді және үш шаруашылықтар аралығындағы арналарға су беру кестесін әзірлеп, бекітті.

Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешені трансшекаралық су ресурстарына тікелей тәуелді екенін ескере отырып, өңірді тұрақты түрде сумен қамтамасыз етіп, астық өнімділігін және азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мемлекеттің басты міндеті боп қалады.

Күні кеше Су ресурстары және ирригация Министрі Жаңақорған мен Шиелідегі егіс алқаптарын аралап кетті. Жалпы Су Министрі Н.Нұржігітов биылғы жылы министрлер арасында Сыр бойына жиі келген, тіпті қайта-қайта келген министр. Ресми ақпарат бойынша бұл жолы да Нұржігітов текке келмей,    Жаңақорған, Шиелі аудандарына барып, өңірдегі суармалы егіс алқаптарының жағдайымен танысқан.

Биыл аймақта 189,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 80,9 мың гектары – күріш, бұл жалпы егіс көлемінің 42,6 пайызы. Қалғаны – суды аз қажет ететін майлы, малазықтық дақылдар, сондай-ақ картоп, көкөніс және бақша өнімдері.

Алқаптарды сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 324 насос қондырғысы іске қосылған. Оның 25-і Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен жеткізілді.

Шиелі ауданында 32 012 гектар алқапқа егін егілген. Басым бөлігін дәнді және малазықтық дақылдар құрайды. Сонымен қатар картоп, көкөніс, бақша өнімдері де бар. Күріш көлемі 12 300 гектар.

Аудандағы 161 шаруашылықтың 118-і күріш егумен айналысады. Қазіргі таңда 24 шаруашылық құрылымының алқаптарында 56 насос қондырғысы күріштіктерді суаруға пайдаланылуда.

Ал Жаңақорған ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 35 453 гектар жерге егілген. Мұнда да дәнді, малазықтық және бақша дақылдарының үлесі басым. Күріш егістігі 7 300 гектар.

Аудан бойынша егін  шаруашылығымен 460 шаруашылық   айналысса, соның 243-і күріш өсіреді. Жергілікті шаруашылықтардың су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 39 насос қондырғысы орнатылған. Қазір 10 шаруашылықтың алқаптарында 24 насос іске қосылып, күріш және көкөніс, бақша дақылдары суарылуда.

Үкіметтің көктем басындағы су мәселесіне арналған алқалы жиынында биылғы жылы судан тапшылық көретін аймақтар қатарында аталған Сыр бойына Су министрінің көп келісі осындай олжалы болды. Су Министрі арқылы Үкіметке Сыр бойындағы су тапшылығы жағдайын жеткізе білген аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың нәтижелі еңбегі дихан қауымы үшін 6 мыңнан астам жерді сумен қамтуға мүмкіндік болып отыр.

Сыр бойындағы су тапшылығын азайту мақсатында Үкіметтен 1 млрд. теңге бөлінгеннен 1 күн бұрын аймақ басшысының төрағалығымен облыс әкімдігінің жиыны болып өтті. Жиында облыс әкімі Н.Нәлібаев: «Өңіріміздегі биылғы вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтуде. Егінге қажетті су көлеміне сұраныс ең жоғары деңгейге жетті. Аталған мәселе бойынша күні кеше Үкімет басшысының қабылдауында болып, жағдайды баяндадым. Олжас Абайұлы Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының Премьер-министрлерімен сөйлесіп, арнайы Үкіметтік делегацияны жіберді. Көрші елдер көмектесетіндіктерін айтты. Бұл – Президентіміздің, Үкімет басшысының өңірімізге деген үлкен қолдауы.

Енді біз қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануымыз қажет. Егінді су тапшылығы жағдайында белгіленген кестеге сәйкес кезектестіріп суаруды ұйымдастырыңыздар. Қолда бар насостардың тұрақты жұмысын тиісті талаптарға сәйкестендіру керек. Келген суды шаруашылықтар арасында әділ бөлуді үйлестіріңіздер. Күзде мал суаттарына қатысты туындауы ықтимал мәселелердің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдаңыздар – деп тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған