Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында Қызылорда облысындағы су тапшылығы мәселелерін кешенді шешудің және аграрлық саладағы ғылыми зерттеулерді қолдаудың қажеттілігіне назар аударды. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі мен су ресурстарының қысқаруы жағдайында өнімділікті сақтаудың жалғыз кепілді тәсілі – су мен ресурстарды үнемдейтін технологияларды енгізу.
– «Күріш институты суармалы егіншілік жағдайында күріш, мал азықтық және басқа дақылдарды өсірудің ғылыми практикалық негіздемелерін жасап, дақылдардың алғашқы тұқым шаруашылығымен айналысып келеді. Алайда, институттың материалдық-техникалық базасы талапқа сай емес және осы мәселені бұған дейінгі депутаттық сауалдарда да жолдағанбыз», -деп атап өтті сенатор.
Сонымен қатар ол су тапшылығы мәселесін шешуге жәрдемдесу тек қаржылай қолдауды ғана емес, өңірдің аграрлық саясатында стратегиялық таңдау жасауды да талап ететінін айтты.
– «Арал өңірінің күрделі климаттық және экологиялық жағдайларына бейімделген, нақты ғылыми шешімдерге негізделген кешенді бастаманы жүзеге асыру мақсатында күріш институты әзірлеген ғылыми-техникалық тапсырма негізінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша мега-жоба дайындау үшін конкурс жариялауды; ғылыми жұмыстарды нәтижелі жүргізу және ғылыми кадрларды қалыптастыру үшін бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру жобаларының мерзімін 3 жылдан 5 жылға созуды сұраймыз», – деді Руслан Рүстемов.
Сенатор бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасын әзірлеуге конкурс жариялауды, институттың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды, сондай-ақ селекционерлер мен жас ғалымдарға арналған ынталандыру жүйесін құруды ұсынды. Ол аграрлық саладағы ғылыми бастамаларды қолдау жүйелі әрі ұзақ мерзімді болуы тиіс екенін, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және суармалы егіншілікті дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.