Еліміздегі мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша өткен жылы Қазақстан мен Испания арасындағы тауар айналымы 2,07 млрд. долларға жеткен. Мұның 1,354 млрд-ы экспорт болса, 621,1 млн.-ны импорт.
Сондай-ақ Ұлттық банк деректері бойынша 2005-2024 жылдар аралығында Испаниядан Қазақстанға шамамен 333 млн. доллар, ал 2024-ші жылдың 9 айында 24 млн. доллар инвестиция келген. Ал, Қазақстаннан сол тоғыз айда Испанияға инвестиция 4 млн. доллар құраған.
Өткен жыл соңындағы жағдай бойынша елімізде испан капиталының қатысуымен 100-ге тарта заңды тұлға тіркеліп, жартысы жұмыс істеуде.
Испаниямен арадағы ынтымақтастықты тереңдетер болсақ, 1992-ші жылдың 11 ақпанында екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылып, 1999-шы жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанның Испаниядағы елшілігі сол жылы маусымда Испанияның Қазақстандағы Елшілігі ашылған. Содан бері екі ел арасында барыс, келіс, алыс, беріс дамып келеді.
Мәселен еліміздің Президенттері Испанияға сегіз рет барған. Испания королдері де елімізге жеті рет келген. Үкімет басшылары да бір-біріне барып келіп, екі жақты келісімдер жасап сыртқы сауда-экономикалық байланыстарға қатысты мән беруде.
Нәтижесінде еліміздің нарығында испаниялық «Airbus Defense&Space», «Maxam», «Talgo», «Técnicas Reunidas», «Glovo», «Roca», «Grupo Anka», «Inditex», «Pronovias», «Cortefiel», «Desigual», «Mango», «Joma» және тағы басқа танымал испандық компаниялар қызмет көрсетуде.
Қазақстан мен Испания елдері арасындағы достық қарым-қатынас есебінен былтырғы жылдың желтоқсан айының бас жағында аймақ басшысы Н.Нәлібаев бастаған топ Испания еліне іс-сапармен барды. Ондағы мақсат – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына қаржы тарту еді. Осы іссапар барысында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясы жұмыс сапарымен Испания елінде болып Барселона қаласында инвесторлармен кездесті.
Ресми ақпаратқа зер салсақ облыс әкімі жауапты сала басшылары, кәсіпкерлермен бірге инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Алдымен сәулет, құрылыс, интерьерге, жуынатын бөлмеге арналған өнімдерді өндіруге және сатуға маманданған компаниялардың өкілдерімен кездесті.
Келесі кездесу СЕО «Krystaline Technology S.A.» компаниясының директоры Хорхе Компанимен өтті. Компания жұмысының негізгі бағыты – бетонды гидрооқшаулауға арналған қоспалар мен ерітінділер өндіру және сату. Олар елімізде инновациялық қоспалар өндіруге қызығушылық танытуда.
Сонымен қатар, делегация «DLQ International Consulting, S.L.» компаниясының президенті Рафаэль де ла Куадро, «Groinn» компаниясының Испания бойынша директоры Хавьер Бланкомен де келіссөздер жүргізді.
«DLQ International Consulting, S.L.» компаниясы Қазақстан Республикасында былғары индустриясын зерттеудің техника-экономикалық негіздемесін дайындап, 1 қазанда Испанияның Сауда хатшылығына 1 млн. еуро көлемінде грант алуға құжат тапсырды. Сол айда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевпен бейнебайланыс өткізілген. Қазақстандық тарап осы жобаға қызығушылық танытуда.
Ал, «Groinn» компаниясы ауыл және орман шаруашылығын басқаруды оңтайландыру үшін жасанды интеллект пен озық датчиктерді біріктіретін технологиялық құрылғыларды әзірлеуде. Компания өз жобасын елімізге инвестициялауға және серіктес іздеуге ниет білдірді.
Облыс әкімі кездесулер барысында Қызылорда облысы әріптестік пен инвестициялар үшін әлеуетті, қарқынды дамыған өңір екенін айтты. Ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытқан кәсіпорын басшыларына алғысын жеткізді.
– «Облыстың басты артықшылықтары – көлік-логистикалық әлеуеті, минералдық-шикізат ресурстарының бай қоры, жоғары деңгейдегі инфрақұрылымы, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері.
Өңірде қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін элементтердің бай қоры бар. Еліміздің ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16%-ы, қорғасынның 11%-ы және уранның 15%-ы Қызылорда облысында орналасқан.

Аймақта қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеміз, сондай-ақ өнімді алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттаймыз. Сондай-ақ, балық шаруашылығы – басым сала. Өңірде Арал теңізі және 200-ден астам көл бар.
Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қойының тұқымы аудандастырылған. Шикізат өңдейтін жобаларды іске асыруға қор жеткілікті.
Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін ескеріп, өндірісті дамытуда бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Өңірдің тәжірибелі кәсіпкерлері серіктес болу үшін келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді. Сіздерді де Қызылорда облысына арнайы іссапармен келуге шақырамыз!», – деді Н.Нәлібаев.
Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мусаевпен кездескен облыс әкімі Н.Нәлібаев:
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек» деп отандық және шетелдік инвестиция тарту ісіне баса мән беруді тапсырған болатын. Қызылорда облысы мен Испания арасында ынтымақтастық орнату жолдарын талқылау мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Осы елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, баламалы энергия көздері салаларындағы мол тәжірибесі біз үшін аса құнды.
Бұл тәжірибені үйрену, игеру өте маңызды деп есептейміз. Өңірімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен іс-әрекеттеріміздің нәтижесінде жаңа биіктерге жетеміз деп сенемін»,– деді.
Испанияға барғанда бұл елдің бірнеше қаласында болып, бірқатар бизнес өкілдерімен кездесіп, аймақтың инвестициялық әлеуетіне оларды қызықтырған облыс әкімінің харекеті, “жаңа биіктерге жетеміз” деген сенімі де құр кетпегенге ұқсайды.
Күні кешегі өткен аптада Үкімет басшысы сол Испанияның Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесіп, Қызылорда облысында сантехникалық зауыт салу жобасын жүзеге асыру, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.
Енді Roca Group компаниясына тоқталсақ, бұл ванна бөлмелеріне жуынатын өнімдерді жобалаумен, өндірумен, сатумен айналысатын испаниялық ірі компания. Штаб пәтері Барселонада. Компанияның 18 елдегі 78 өндірістік орталығында 24000 адам жұмыс істейді екен.
Компания 1917-ші жылы Барселонаның шет жағында радиаторлар шығарумен айналысатын ағайынды Рокалардың құрметіне Roca атанған. Ағайындылар біршама уақыт бойлер де шығарған. Содан 1929-шы жылы Roca логотипімен алғаш ванна шығарылған. Бірте-бірте кәсіптерін кеңейткен ағайындылар жуынатын бөлме үшін шыны керамика және жезден жасалған өнімдер өндірісін жолға қойған. Өнім нарықта сұранысқа ие болып, бірте-бірте сырт елдерге де шыға бастаған. 1990-шы жылдан бастап Roca сантехникасы Франция, Италия, Ұлыбритания, Германия, Марокко, Бразилия, Қытай, Ресей нарығына кірген. Бүгінде 170 ел, сол елдер қатарында Қазақстан да бар, Roca өнімін тұтынады.
Бұл компанияға таңдау бекер түскен жоқ. Бүгінде Roca – халықаралық деңгейдегі ірі компания, жуынатын бөлмеге арналған сантехника бойынша әлемдік көшбасшы.
Жасыратыны жоқ, қазір барлық қызылордалықтардың үйінде жуынатын бөлме бар. Жер үйдің өзінде де. Ондағы тұрмыстық бұйымдар Қытай, Өзбекстан, Түркия елінен келеді. Баға қымбаттығынан бөлек, сапа жағынан да көңіл көншітпейтін жағдайлар кездеспейді емес.
Енді Қазақстанда тұңғыш рет, онда да Қызылордада Roca-ның сантехникалық бұйымдары шығатын зауыт салынады. Әрине, бұл оңайға түскен жоқ. Облыс әкімі Н.Нәлібаев бастаған делегацияның өткен жылдың аяғынан бастау алған ресми іс сапары биылғы жылдың 28 наурызында Қазақстанның Испаниядағы Елшілігі Леганес қала басшылығының қолдауымен Ригоберта Менчу атындағы театрда өткен Қызылорда облысы әкімдігі ұйымдастырған Наурыз мерекесімен жалғасқаны белгілі. Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қолдауымен өткен “Nauryz – CeleBRation of spRing” концертіне көрермен көп жиналған. Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары жарапазан айтып, ұлттық дәстүрмен шашу шашып, ұлттық тағамдар ұсынып, ұлттық сый-сияпаттар беріп, олардың Қызылордаға деген қызығушылығын тудыра білді.
Негізі Испания сапары тек басталмағаны белгілі. Өткен жылдың қарашасының соңғы күндерінде облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен инвестиция тарту, ауқымды жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланған мәжілісте аймақ басшысы Н.Нәлібаев:
– «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймаққа инвестиция тартуда бірқатар жұмыс жүргізілуде. Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін халықаралық, өңіраралық көлік жолдарын реконструкциялау және салу, заманауи жылу-электр станциясы сияқты ауқымды жобалар бар.
Жақында халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін жаңа әуежай терминалы жұмысын бастады. Өнеркәсібі және технологиясы дамыған елдермен ынтымақтастық орнатуымыз қажет. Ол үшін өңірді өркендетудің басым бағыттарын анықтадық. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығында күрішті терең өңдеу, су үнемдеу технологияларын енгізу, бақша дақылдарын, балық өңдеу, түрлі кеспелер, сүт өнімдері, томат пастасын жасау. Құрылыс индустриясында қажетті материалдар мен түсқағаздар, санитарлық-техникалық бұйымдар шығару. Жеңіл өнеркәсіпте мал терісін терең өңдеу, тоқыма бұйымдарын, арнайы киімдер тігу және тағы басқа өндіріс орындары, мұнай-газ саласына қондырғылар мен құбырлар жасау.
Өңірдегі 14 мұнай компаниясы биылғы 10 айда 12,5 млрд. теңгеге өндіріске қажетті түрлі тауарлар сатып алған. Осы өндірістерді облыс аумағында орналастыруға барлық мүмкіндігіміз бар» – дегенде сол Испания еліне іс-сапардың жобасы жатқаны анық.
Сол жиын өткелі бері арада жарты жылға жуық уақыт өтіпті. Өндірісте жаңа заманауи технологиялармен өнім шығаратын, әрі сол өнімі әлемнің көп талғампаз елінде таңдауға ие болған испандық Roca компаниясының сантехникалық бұйымдары зауыты Қызылордада ашылатын хабары шартарапқа тарап та кетті. Қызылорда қаласындағы “Өндіріс” индустриялық аймағында, шыны зауыты жанына орналасатын испандық сантехника зауыты жұмысын бастағанда 300-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Жылына 500000 бұйым шыға бастағанда әлгі шеттен келетін ванна бөлмесінің бұйымдары шетке ысырылып, қызылордалық өнім көз қуантатын болады. Өзіміз тұтынып қана қоймаймыз, басқалардың нарығына да шығарамыз. Сөйтіп, тұтынушыдан өндірушіге айналамыз.
Үміт көп. Осындай мүмкіндікке қол жеткізуге ықпал еткен Үкіметке, Kazakh invest Ұлттық компаниясына рахмет.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесу барысында Қызылорда облысында сантехникалық зауыт салу жобасын жүзеге асыру, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Кездесуге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та қатысты.
Үкімет басшысы өнеркәсіптік өндірісті локализациялау экономиканы құрылымдық нығайтудағы басым міндет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
– «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі басым бағыты аясында отандық өндірісті қолдауға және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға бағытталған импортты алмастыру саясаты белсенді дамып келеді.
Қазақстан мен Испания – стратегиялық серіктестер. Сондықтан біз компанияны сенімді серіктес ретінде көреміз және индустриялық даму үшін жоғары технологиялық өндіріс тартуды құптаймыз. Үкімет жобаның сәтті жүзеге асуы үшін қажетті көмек көрсетеді», – деп Олжас Бектенов атап өтті.
Ресми ақпаратта айтылғандай жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында орналасады. Осы мақсат үшін жер телімі белгіленді. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруға бағытталған. Жоба құны 70 миллион еуро, 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріске қажетті негізгі бес компоненттің үшеуі Қызылорда облысының өзінен қамтамасыз етіледі.
Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рока компания Қазақстанды өңірдегі бизнесті дамытудың стратегиялық алаңы ретінде қарастыратынын атап өтті.
– «Қазақстан – Орталық Азиядағы жұмыс ауқымын кеңейту үшін қисынды таңдау. Біз елді бүкіл аймақ үшін тиімді жұмыс істей алатын өнеркәсіптік және логистикалық хаб ретінде қарастырамыз. Мұнда өндірісті дамытуға қолайлы жағдай жасалған және Қызылорда облысындағы жоба жергілікті экономиканың дамуына үлес қосып, халықаралық стратегиямыздың маңызды бөлігіне айналатынына сенімдіміз», – деді Сантьяго де Гомар Рока.
Кездесуде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Roca Group инвестициялық жобаны жүзеге асыру қағидаттары туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Бұл құжат – тараптардың санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін зауыт жобасын бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенінің ресми дәлелі.
– «Мемлекет басшымыздың инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында біз шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Roca Group – санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Бүгін Қызылорда облысы үшін маңызды қадам жасалды, біз компаниямен өндірісті іске қосу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойдық. Аталған зауыт Орталық Азиядағы ірі жобалардың бірі болмақ. Ол ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – инвесторға қолайлы жағдай жасап, жобаны сапалы әрі уақытылы іске асыру», – дейді Н.Нәлібаев.
Бұл бастама өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырумен қатар, жаңа өндірістер құру арқылы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді.